Accessibility links

"Қайтқан ақша қайда?" Сарапшылар Гүлнара Каримованың активтерін жемқорлар жұтып қоя ма деп қауіптенеді


Гүлнара Каримова. Нью-Йорк, АҚШ, 10 қыркүйек, 2010 жыл.
Гүлнара Каримова. Нью-Йорк, АҚШ, 10 қыркүйек, 2010 жыл.

Швейцария Өзбекстанға елдің бірінші президентінің қызы Гүлнара Каримовадан тәркіленген 182 миллион долларды қайтармақ. Бұған дейін Өзбекстан Франциядан Каримованың активтерінен 10 миллион доллар алған, бірақ ары қарай қайда кеткені белгісіз. Неліктен Швейцария ақшаны Ташкентке тікелей емес, арнайы халықаралық қор арқылы қайтарғалы отыр?

Сыбайлас жемқорлық, арам жолмен тапқан ақшаны "тазарту", мемлекетке миллиардтаған доллар залал келтіру – Өзбекстанның бірінші президенті марқұм Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримованың ісін осылай сипаттауға болады.

Өзбекстан бас прокуратурасының мәліметі бойынша, Каримованың мемлекет пен азаматтарға келтірген зиян мөлшері 1,6 миллиард доллар, 26 миллион евро және 1 триллион сумнан (шамамен 77,5 миллион доллар) асады. Өзбекстан үкіметінің сұрауымен Швейцария банктерінде оның 840 миллион доллар активтері бұғатталған.

Гүлнара қайтарған ақша қайда?

2025 жылғы 6 ақпанда Өзбекстанның әділет министрлігі Швейцарияның бас прокуратурасы Гүлнара Каримоваға қатысты қозғаған қылмыстық іс аясында тәркіленген ондаған миллион доллар елге қайтарылады деп хабарлады . Министрліктің мәліметі бойынша, ол ақша Өзбекстан үкіметі мен Швейцария федералды кеңесі арасында жасалған келісімге сай қайтарылмақ.

"Келісім бойынша, 2012 жылы Гүлнара Каримоваға қарсы қылмыстық іс аясында тәркіленген және Өзбекстанның кейбір азаматтары заңсыз алған 182 миллион доллар елге қайтарылуы тиіс", – делінген ресми ақпаратта.

2022 жылдың ақпан айында Өзбекстанның әділет министрлігі Гүлнара Каримованың Франциядағы активтерінен 10 миллион доллар елге қайтарылғанын және тағы 131 миллион доллар "қайтаруға дайын" екенін хабарлаған.

Ресми хабарда БҰҰ жанындағы Uzbekistan Vision 2030 қоры арқылы қайтарылған қаражат Өзбекстан халқының мүддесіне сай әлеуметтік маңызы бар жобаларға, мәселен, денсаулық сақтау және білім салаларына жұмсалады деп жазылған.

Бұл ақшаның қалай жұмсалатыны қоғамға аян бола ма? Ұлыбританияның Ольстер университетінің криминология профессоры Кристиан Ласслеттің оған күмәні бар. Оның пікірінше, тәркіленген қаражаттың қайтарылуы Өзбекстандағы білім мен денсаулық сақтау салаларына пайда келтіруі мүмкін, бірақ қалай жұмсалатыны әлі күнге дейін ашық емес.

"Білуімше, бұл қаражат қалай жұмсалып жатқаны жөнінде ашық есеп жоқ. Ондай ақпарат қоғамға жария етілмейінше, ол ақшаны басқа мақсатқа пайдаланып, талан-таражға салу мүмкіндігі ұлғая бермек", – деп есептейді ол.

Әлішер Илхамов
Әлішер Илхамов

"Швейцария бұл активтерді, бұрынғы 130 миллион доллар сияқты қазіргі 182 миллион долларды да Өзбекстан үкіметіне тікелей емес, БҰҰ агенттігі арқылы береді. Себебі, егер бұл қаражат тікелей Өзбекстан үкіметіне берілсе, олар қайтадан ұрланып-жырланып немесе сыбайлас жемқорға жем болып кетуі мүмкін", – деді Лондондағы Central Asia Due Diligence зерттеу орталығының директоры Әлішер Илхамов.

Саясаттанушы Рафаэль Саттаров ресми Ташкент Батыс үкіметтерімен байланысты нығайтып жатқан шақта Гүлнара Каримоваға қатысы бар қаражат елге қайтарылып жатқанына назар аударды.

Рафаэль Саттаров
Рафаэль Саттаров

"Бұл ресми түрде мойындалмаса да, қазіргі уақытта Еуропа немесе Батыс элиталарының Өзбекстанға немесе Орталық Азия элиталарына деген қарым-қатынасы өзгерген. Осындай жағдайда Гүлнара Каримованың қаражатын қайтару процесі Өзбекстан басшылығы үшін айтарлықтай жеңілдетілді. Бірақ Өзбекстан қоғамы үшін бұл процесс ешқашан ашық болған жоқ. 2013 жылы Гүлнара Каримоваға айып тағылғаннан бастап бүкіл процесс қауесет пен өсек-аяңға тәуелді болды", – деді саясаттанушы.

Гүлнара Каримованың шарықтауы мен құлдырауы

Әкесі президент болып тұрған кезде Гүлнара Каримова Еуропада беделді дипломатиялық лауазымдар атқарды, ірі байлық иесіне айналды, Googoosha деген лақап атпен сахнада өнер көрсетті және зергерлік бұйымдар дизайнымен айналысты.

2014 жылы әкесі үлкен қызымен қарым-қатынасын үзгені жайлы хабар тарап, Гүлнара қоғамдық өмірден ғайып болды. Оның әкесі Ислам Каримов Өзбекстанды 1989 жылдан бастап 2016 жылы қайтыс болғанға дейін басқарды.

Өзбекстанда 2013 жылы Гүлнара Каримоваға қарсы пара алу және салықтан жалтару бойынша екі іс қозғалғаны әкесі қайтыс болғаннан кейін ғана көпшілікке белгілі болды. 2015 жылы бірінші іс бойынша сот бес жылға оның бостандығын шектеді, 2017 жылы екінші іс бойынша сот оған 10 жыл түрме жазасын кесіп, кейін бес жылға бостандығын шектеу жазасына ауыстырды.

2020 жылдың наурыз айында Ташкент қалалық соты Гүлнара Каримованы "жасырын сөз байласу", өзгенің мүлкін иелену" және "талан-таражға салу", "бопсалау", "заңсыз алынған ақшаны "тазарту" және басқа қылмыстарға қатысы бар деп танып, 13 жыл 4 айға бас еркіндігінен айыру туралы үкім шығарды. Оны жазасын өтеуге колонияға жіберді. 2019 жылдың көктемінен бастап ол Ташкент облысы Зәңгіата ауданындағы 21-колонияда жазасын өтей бастады. 2025 жылдың қаңтарында Озодлик радиосы (Азаттықтың Өзбек редакциясы) Гүлнара Каримова Ташкент облысындағы қоныс колониясына ауыстырылған деп хабарлады.

АҚШ-та және Еуропаның бірнеше елінде сыбайлас жемқорлық пен заңсыз жолмен алынған ақшаны "тазарту" қылмыстарын тергеу істерінде Гүлнара Каримова күдікті ретінде аталғаннан кейін ғана Өзбекстанда оның үстінен қылмыстық істер қозғалған. Тергеу нұсқасына сәйкес, телекоммуникациялық және басқа да компаниялар (негізінен шетелдік МТС, "Вымпелком", ING, Telia Sonera) Өзбекстанда мобильді байланыс саласында жұмыс істеуге линцензия алу үшін Каримоваға шамамен бір миллиард долларға жуық пара берген.

Кейін Каримова мен оның жақындары әлгі ақшаларды офшорлық компаниялар арқылы шетелге шығарып, ондаған вилла мен басқа да жылжымайтын мүлік сатып алған. Өзбекстан билігінің дерегі бойынша, АҚШ, Франция, Латвия және басқа елдердегі Гүлнара Каримоваға және ол басқарған қылмыстық топқа тиесілі активтердің жиынтық құны 1,4 миллиард долларға жуық. Ташкент осы ақшаларды қайтаруға тырысып жүр. 2022 жылы Өзбекстан әділет министрінің орынбасары Музраф Икрамов бұл ақшаларға елде 1400 мектеп салуға болады деп мәлімдеген.

Сыбайлас жемқорлық пен жаңа "гүлнаралар"

Бір кезде "өзбек ханшайымы" ретінде танылған Гүлнара Каримованың түрмеге жабылғанына 12 жыл болды. Оның есімі Өзбекстанда ғана емес, шетелдердегі ірі сыбайлас жемқорлық істерінде де аталады.

Әлішер Илхамовтың айтуынша, азаматтық қоғам Каримовадан тәркіленген қаражатттың тікелей Ташкентке берілуіне кедергі қоюға көп күш жұмсаған.

"Швейцарияда әлі де кемінде 440 миллион доллар қалған. Ол жөнінде прокуратураға шағым түскен. Ол ақшаны тәркілеу туралы кесімді шешімді сот қабылдауы керек. Ол ақшаны Өзбекстанға беру мәселесін содан кейін ғана қозғауға болады. Жемқорлық, бопсалау және парақорлық арқылы ұрланған активтерді шыққан еліне қайтару дүниежүзілік сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенцияда қарастырылған, бірақ механизмі нақтыланбаған. Сондықтан азаматтық қоғам осындай белсенділік танытты. Швейцария бұл активтерді қайтадан жемқорларға жем болмайтындай етіп беруді қолдайтын коалицияны құруға өзім де қатыстым. [Өйткені] Өзбекстан үкіметі әлі күнге дейін мұндай активтерді ұрлауға және жемқорлыққа тым болмағанда институциялық деңгейде тосқауыл қоятындай жеткілікті шаралар қабылдаған жоқ", – деді Илхамов.

Гүлнара Каримова тәуелсіз Өзбекстан тарихындағы ең атышулы адамдардың бірі. Кезінде ол әкесінің саяси мұрагері саналатын. 2000-жылдардың басында Гүлнара елдің маңызды экономикалық ресурстарын және телекоммуникация секторын бақылауды қолына алған-ды.

2010 жылға қарай жұрт арасында Гүлнара Каримованың мемлекеттік мүлікті ұрлауға, бопсалауға және күмәнді ақшаны "тазартуға" қатысы бар деген айыптаулар айтыла бастады. 2012 жылы Швейцарияның бас прокуратурасы оған қарсы қылмыстық іс қозғады.

Билік Гүлнара Каримованың мемлекетке миллиардтаған сомаға залал келтіргені жайлы оның әкесі қайтыс болғаннан кейін ғана ашық айта бастады.

Кристиан Ласслетт
Кристиан Ласслетт

"Негізгі мәселе – мемлекеттік саясат пен үкіметтің ең жоғарғы деңгейінде сыбайлас жемқорлық тамыр жайғанында. Мұндайда "мафиялық мемлекет" деген сөз тіркесі нақтырақ болатын шығар. Тіпті бүгінгі Өзбекстанда мемлекеттік қаржы есебінен байитын "жаңа гүлнаралар" пайда болуы мүмкін. Мұны өзгертудің жалғыз жолы – саяси элитаның тұрақты түрде ауысып отыратынын қамтамасыз ететін демократиялық тетіктер енгізу. Яғни, ешкім қызметке мәңгі жабысып отырмауға тиіс", – деді Кристиан Ласслетт.

Сарапшы Рафаэль Саттаров бұл бағыттағы өзгерістерді аңғарып отырғанын және қоғам да бұған мән беруі қажет екенін айтады.

"Қоғам Өзбекстанның ресурстары мен ақшасы тағы қанша "гүлнаранын" құлқынын тойдыруға жетеді деген сұрақ қоюға тиіс. Олардың тағы қандай амбициясын орындап, ашқарақтығын баса алады? Келешек ұрпақ жаңа "гүлнараларға" қолбала болуы керек пе, жоқ па? Осы сұрақ әрдайым күн тәртібінде тұруы керек. Бұл процесс Гүлнара Каримованың ісімен бітті деп ойлау қате", – деді Саттаров.

Гүлнара Каримова үйқамақта болған кезде түсірілген фото. 2014 жыл
Гүлнара Каримова үйқамақта болған кезде түсірілген фото. 2014 жыл

Гүлнара Каримованың тыққан активтері болуы мүмкін бе?

Гүлнара Каримованың халықаралық қаржы жүйесінде жасырылған активтері болуы мүмкін бе? Кристиан Ласслетт ондай болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

"Қазіргі уақытта тек телекоммуникациялар саласындағы парақорлық схемасына байланысты активтер бұғатталған. Бірақ өзім көрген Швейцария тергеу материалдарында Гүлнара Каримоваға Zeromax компаниясы төлем жасағаны айтылған. Ол офшорлық компания мұнай-газ секторынан үлкен пайда тауып, кейін таратылған. Сот активтерді тек жеткілікті дәлелдер болса тәркілей алады. Егер сотқа ондай [дәлелдер] ұсынылмаса, оларды азаматтық немесе қылмыстық іс аясында қайтару мүмкін емес. Бұл активтердің бір бөлігін енді үшінші біреулер иемденіп алған шығар деп ойлаймын. Олар қажетті құжаттар ұсынып, оффшорлық қорларға қол жеткізген болуы мүмкін", – деді Кристиан Ласслетт.

Әлішер Илхамов болса, Өзбекстан президентінің төңірегіндегілердің жауапкершілігін сөз етті.

"Сыбайлас жемқорлық қазір де Өзбекстандағы жүйелі мәселе болып отыр. Негізгі мәселе – заң үстемдігі жоқ, соттар әлі күнге дейін президенттік биліктің тікелей бақылауында және осы ең маңызды мәселелер бойынша шешімдер "жоғарыдан" түседі. Орталық билік те, президентке жақын тұлғалар да, президенттің өзі мен оның айналасындағылар да іс жүзінде заң алдында есеп бермейді", – деді Илхамов.

XS
SM
MD
LG