Амал келді – жыл келді! Қазақтардың көрісу мерекесі
Амал мерекесі – қазақ халқының дәстүрлі ұлттық мерекелерінің бірі. Ол Наурыз мейрамы қарсаңында, 14 наурызда басталады. Бұл мереке әсіресе Қазақстанның батыс өңірінде кеңінен тойланады. Амал мерекесі туралы Азаттық архивіндегі суреттерді ұсынамыз

14 наурызда Қазақстанның батыс өңірінде дәстүр бойынша Амал мерекесі басталды. Наурыз мейрамының бастауы саналатын бұл күні жұрт бір-бірімен көрісіп, қыстан аман-есен шығуымен, жаңа жыл келгенімен құттықтайды. Адамдар бір-біріне амандық-саулық тілеп, өкпе-ренішін ұмытып, кешірім сұрайды.

Амал мерекесіндегі ерекше дәстүр — көрісу. Ұзақ уақыт бойы көріспеген немесе араз болып жүрген адамдар бір-бірімен қауышып, амандық-саулық тілеп, өкпе-ренішін кешіреді, ескі жылды артта қалдырып, жаңа жылға жақсы тілектер айтып қадам басады.

Амал мерекесінің басты мақсаты — адамдар арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, ағайынды татуластырып, ынтымақ-бірлігін нығайту.

Қазақ халқы үшін көрісу күні — бұл тек дәстүр ғана емес, сонымен қатар адамдық болмыстың негізі — махаббат, сыйластық пен қолдаудың маңыздылығының айғағы саналады.
Суретте: Амал мейрамына тігілген киіз үйлер. Маңғыстау облысы, 14 наурыз, 2015 жыл.

Амал мерекесінде туыстар мен жақын адамдар бір-бірінің үйіне барып, қонақтар бірігіп дастархан жайып, мерекелік тағамдардан дәм татады, ұлттық ойындар ойнап, ән салып, би билейді.

Маңғыстауда Амал мерекесі қарсаңында, ежелгі дәстүр бойынша Отпантауда "Бірлік оты" жағылады. Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, жаугершілік заманда Маңғыстау түбегін мекендеген қазақтар аймақтағы биік шоқы Отпанның басында от жағу арқылы жаудың келгенін хабарлаған.

Амал мерекесінде көпшілік мәдени іс-шаралар: ұлттық ойын-сауық, түрлі жарыстар, өнерпаздар концерті ұйымдастырылады.

Амал мерекесі кезіндегі балуан күрес.

Амал күніне арналған атжарыс

Көктемгі жаңару нышаны іспеттес Амал күні адамзаттың жаңа өмірге, жаңа бастамаларға дайын болуын білдіреді.
ПІКІРЛЕР