Ендігі кезек Ресейде. АҚШ-Украина келіссөзінен соң Киев атысты тоқтатуға көнді

  • Тодд ПРИНС

Майк Уолтц, Марко Рубио, Андрей Ермак, Андрей Сибига және Рустем Умеров Жиддадағы келіссөзден кейін суретке түсіп тұр. Сауд Арабиясы, 11 наурыз 2025

АҚШ президенті Дональд Трамп пен әлемдік қауымдастық жуық арада Ресей соғысты аяқтауға қаншалық құлықты екенін білгелі отыр. Мәскеу үш жылдан асқан соғысын тоқтата ма, әлде Украинаны түгел жаулап алуға талпына ма?

11 наурыз күні Сауд Арабиясында өткен 9 сағаттық келіссөзден соң, Киев Вашингтонның атысты дереу 30 күнге тоқтату туралы ұсынысына көнді. Бірақ ол үшін Ресей де осы қадамға баруы керек деген шарт қойды.

Ендігі кезек Мәскеуде.

Трамп осы апта Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесіп, АҚШ-тың атысты тоқтату жөніндегі ұсынысын талқылаймын деді. Бірақ сарапшылар Кремльдің бұл ұсынысқа көнуі қиын екенін айтады.

"Ресей бұған келіссе, таңғалар едім" деді Азаттыққа Тафтс университетінің саясаттану профессоры Оксана Шевель.

Саясаттанушының сөзінше, Путин атысты тоқтатуға келіспес бұрын Украинаға шарт қойып, оны орындауды талап етуі мүмкін. Ал бұл Трампты қиын жағдайда қалдыруы ықтимал.

Трамп бейбітшілік процесінде бейтарап арбитр екенін мәлімдеп келеді. Бірақ кей сарапшылар оған күмән келтіріп, АҚШ президентінің Путинге бүйрегі бұрып тұрғанын айтады.

Трамп Ресейді соғысты бастағаны үшін айыптаудан бас тартты. Егер "Ресей [атысты тоқтатудан] қашқақтаса, Трамп не дер екен?" дейді Шевель.

Сарапшылардың сөзінше, Путин соғысты тоқтатуға мүдделі емес, өйткені дәл қазір ол жеңіске жақындап келеді және Украинаны тұтас жаулап алу пиғылынан бас тартар емес.

Украинаның 20 пайызға жуық жерін басып алған Ресей кейінгі жылы адам санының арқасында ұрыс даласында басымдыққа ие болып отыр.

Украина президенті офисінің басшысы Андрей Ермак (сол жақта) пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Жиддадағы кездесуде. 11 наурыз 2025 жыл.


Мәскеу әскері баяу болса да, көп сарбазынан айырылып жатса да, Украина шығысындағы маңызды қалаларды біртіндеп бақылауына алып жатыр.

Батыс көмегіне мұқтаж Украина Ресей шабуылын тежеуге қажет әскер санын жинай алмай қиналып отыр. Сарапшылар осыған қарап, Украина Батыс көмегі ұлғайтылса да жерін қайтара алмайды деп болжайды.

ЖИДДАДАҒЫ КЕЛІССӨЗ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

11 наурыз күні Жиддада өткен кездесу АҚШ пен Украина қарым-қатынасы шиеленіскен тұста өтті. Шиеленіске 28 ақпан күні Ақ үйдегі кездесуде Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің журналистер алдында дауласып қалуы түрткі болды.

Сол даулы кездесуде Трамп Зеленскийді соғысты аяқтауға құлшыныс танытпай отыр деп айыптаған.

Келіссөз күрт үзіліп, АҚШ президенті Зеленскийдің Ақ үйден дереу кетуін талап етті де, Украинаның сирек минералдары жөніндегі келісімге қол қойылмай қалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Зеленский бейбітшілікке дайын болғанда орала алады". АҚШ пен Украина арасындағы келіссөз сәтсіз аяқталды


Бірнеше күннен соң, Трамп Киевті келіссөзге мәжбүрлеу үшін Украинаға әскери көмек көрсетуді және барлау деректерін беруді тоқтатып қойды. Жиддадағы кездесуден кейін АҚШ Украинаға көмекті жалғастыратынын және минералдар жөніндегі келісімге қол қоятынын мәлімдеді.

Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының әскери сарапшысы Марк Канчиан Украина кездесуді ұтымды пайдалана алғанын айтады.

"Қазіргі жағдайды ескерсек, бұл – олар үміттенген ең жақсы нәтиже" дейді ол әскери және барлау көмегінің жанданғаны үлкен жетістік екенін атап өтіп.

Сарапшының сөзінше, АҚШ пен Украинаның ортақ мәлімдемесінен кейін бейбітшілік жөніндегі ендігі жүк Ресейдің мойнына түскені – Киев үшін "өте жақсы" жағдай.

Атысты тоқтату шартының Киев үшін бір кемшілігі – Украина өз жерінің біршама бөлігін Ресей қолында қалдыруға көнуі қажет. "Бірақ олар бұған қарсы ешнәрсе істей алмайды" дейді Канчиан.

"Олар айырылған жерінің бір бөлігін қайтара алады дейтіндей ешқандай механизм көріп тұрған жоқпын" дейді сарапшы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украина майданында да, саясатында да тартыс күшейді. Жағдай қалай ушықты?


Жиддадағы жиынға АҚШ атынан қатысқандардың бірі мемлекеттік хатшы Марко Рубио кездесу алдында Украина өз жерінен бас тартуға мәжбүр болады деген. Бірақ келіссөзден кейінгі ортақ мәлімдемеде бұл туралы сөз болмады.

Ортақ мәлімдеме сондай-ақ бейбітшілік процесінің келесі кезеңдерінде Украина мен Еуропа үлкен рөл атқармайтынын көрсетті. Канчианның айтуынша, Киев пен Брюссель бұған разы емес.

АҚШ енді Ресеймен атысты тоқтату жөнінде тікелей сөйлеспек. Дегенмен ортақ мәлімдемеде Украинаның бейбітшілік процесіне Еуропаны да қатыстырғысы келетіні айтылды.

Атысты тоқтату жөніндегі процесс басталғалы Украина АҚШ-тан қауіпсіздік кепілдігін сұрап келген. Ортақ мәлімдемеде бұл туралы да айтылмады. Канчианның сөзінше, дәл қазір бұл әңгімені қозғаудың қажеті шамалы.

"Мұндай алдын ала құжатқа бұл мәселені қосу қаншалық қисынды екенін білмеймін. Бірақ құжатта ол туралы сөз болмағанын сондай бір үлкен мәселе деп көрмеймін" дейді сарапшы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп, Украина және Ақ үй дипломатиясы. Толассыз ақпаратты 4 түйінмен түсіндіреміз