Your browser doesn’t support HTML5
"Бұл әлі істің басы". Азаттық бастауындағы үміт пен үгіт
Орталық Азия елдері тілдерінде хабар тарататын Түркістан редакциясы Азаттық радиосы құрылғанда алғаш ашылған бөлімдердің бірі болды. Азаттық радиосы 1953 жылғы 1 наурызда эфирге шығып, жұмысын бастаған еді.
"АЗАТТЫҚ АРҚЫЛЫ ДЕМОКРАТИЯҒА СЕНІМ КҮШЕЙДІ"
Радионың 1995 жылғы 30 сәуірде эфирге ұсынған хабарының бірі Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың сирек қорындағы Хасен Оралтайдың жеке қорында сақтаулы тұр. Осы хабарда Азаттықтың тыңдарманы, кейін авторларының бірі болған Фадли Әли радио хабарларының шыншыл сипатын атап көрсеткен. Ол 1990 жылдардан бастап радио хабарларын ұдайы тыңдай бастағанын, кейін өзі де автор ретінде Азаттыққа хабар дайындағанын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бостандық радиосынан" – Совет Одағы құлағанға дейін"Азаттық радиосы үшін әзірлеген хабарларым қысқартылмай, кешіктірілмей эфирге жол тауып жатты. Бұл радио Алматыдағы ақпарат құралдарында айтуға, жазуға мүмкін болмаған тақырыптарды халыққа жеткізуге жағдай жасады. Азаттық радиосы арқылы еркін сөзге, демократияға деген сенім күшейді. Радио мені осы тұрғыда тәрбиеледі. Менің жан-дүниемді рухани тұрғыда байытты", – деген Фадли Әли.
Ол сол кездегі Азаттық радиосының эфирінен берілген хабарлардың сипаты мен ерекшелігін атап өткен.
"Азаттық радиосынан берілген Мұхтар Мағауиннің, Қабдеш Жұмаділовтің, Рахманқұл Бердібаевтың, Рымғали Нұрғалидің, Сәкен Дорженевтің, Батырхан Дәрімбет – Бозғұрттың, Смағұл Елубайдың, Сәбетқазы Ақатайдың, Жасарал Қуанышәлінің, Едіге Мұхтарұлының түрлі тақырыптағы мақалалары тыңдарман зердесінде көпке дейін ұмытылмайтын әсер қалдырғаны анық", – деген Фадли Әли сол кездегі хабарлар жайлы.
"КОММУНИЗМ ЕЛЕСІ ӘЛІ КЕЗІП ЖҮР"
Фадли Әли сол уақыттағы халықаралық қауымдастық назарындағы қайшылықты оқиғаларды хабарлауда да Азаттықтың орны бөлек болғанын айтады.
"Босния мен Герцеговинадағы және Шешенстандағы қақтығысты, Тәжікстандағы оқиғаларды Азаттық радиосының қызметкерлері сияқты басқа ешкім адал жүрекпен түсіндіре алмас деп ойлаймын. Осындай сипатына байланысты соңғы кезде Азаттық тыңдарманы едәуір көбейді деп есептеймін. Бұған Орталық Азия мен Қазақстанда Алматыда бірінші болып ашылған тілішілер қосынының да жұмысы игі әсер етті", – дейді Фадли Әли.
Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің қызметкерлері: (солдан оңға қарай) Нұркамал Пынар, Хасен Оралтай, Талғат Қосжігіт, Әбдіуақап Қара, Әлихан Жаналтай. Мюнхен, Батыс Германия, 1995 жыл.
Тыңдарманмен арадағы кері байланыс та Азаттық радиосын өз аудиториясына жақындата түскен сияқты.
"Радио тыңдаушыларының көбейгенін мен мынадан байқаймын. Соңғы кезде радио авторларына, үйге немесе тілшілер қосынына телефон соғып, пікір таластырып, дауласып, тіпті ашу шақырып жататындар, көшеде кездесе қалса, тоқтатып әңгімелесетіндер пайда болды. Бұл да болса, Азаттық радиосы хабарларының қоғамға біршама қозғау салғанын көрсетеді", – дейді Фадли Әли.
Ол Азаттық радиосы кемінде 2000 жылға дейін жұмыс істеуі керек деп есептейтінін айтқан.
"Тәуелсіздік баянды болып, елде шынайы демократия орнап, базар экономикасы толық үстемдік құрғанша, Азаттық радиосының талдауларына мұқтаж болып қала береміз. Бұл бағытта Азаттық радиосы әлі де жәрдемші болып қалуы керек. Өйткені Орталық Азия мен Қазақстанды коммунизм елесі әлі кезіп жүр", – деп қорытқан Фадли Әли.
КОНГРЕССТІ КҮПТІ ҚЫЛҒАН АЗАТТЫҚ
Бұл тұста мына мәселелер назар аудартады. 1995 жылғы сөзінде Фадли Әли Азаттық радиосы кемінде 2000 жылға дейін жұмыс істеуі керек десе, тағы бір тұста радио редакциясының Прагаға көшуі туралы айтылған. Ол кезде (1995 жылға дейін – ред.) Азаттықтың орталық кеңсесі Германияның Мюнхен қаласында болатын. Ал сөз арасында айтылған Азаттық радиосының Алматыдағы тілшілер қосыны 1993 жылы, яғни Азаттық радиосының құрылғанына 40 жылдан асқанда ашылған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Азаттық әлі керек". Радионың Алматы бюросы қалай ашылды?Алайда артынша Америкадағы сайлауда билікке келген 42-президент Билл Клинтонның тұсында Азаттық радиосы сияқты суррогат ұйымдарға бөлініп келген қаржыны үнемдеу туралы ұсыныстар айтылды. Бұл штат қысқартып, кейбір редакцияларды жабу дегенге саяды. Азаттық радиосында ұзақ уақыт қызмет атқарған, сол кезде Қазақ редакциясын басқарған Хасен Оралтай өз естелігінде осы жайлы кеңінен баяндаған.
Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің бұрынғы директоры Хасен Оралтай (1933 - 2010)
"18.10.1993 дүйсенбі күні Азат Еуропа және Азаттық радиоларының жалпы бастығы (президенті) Mr. Gene Pell радионың барлық қызметкерлері мен жұмысшыларын шақырып, үлкен жиналыс өткізді. Ол осыдан бірер ай бұрын да осындай үлкен жиналыс шақырып, сөз сөйлеген. Сол бұрынғы жиналыста АҚШ–тың жаңа үкіметінің, яғни президент Клинтон әкімшілігінің бүкіл ел көлемінде ысырапшылдыққа қарсы күрес жүргізу және үнемшілдік саясатын белгілегендігін ескерте келіп, сол саясаттың кесірі Азат Еуропа мен Азаттық радиоларына да тиетін түрі бар деген еді", – дей келіп Хасен Оралтай бұл туралы радионы қаржыландыратын АҚШ конгрессінде әртүрлі уәж айтылғанын еске алады.
Конгресс мүшелерінің кейбірі қырғиқабақ соғыс аяқталғанын айтып, жаңа тәуелсіздік алған бұрынғы совет елдері сөз еркіндігіне қол жеткізді деген сыңайда пікір білдірсе, енді біреулері осы елдер билігінде әлі де коммунист басшылар отырғанын, демократия қалыптасып үлгермегенін көлденең тартқан. Соңғылары радионың жұмысы жалғаса беруін мақұлдайтынын білдірген. Ақыр соңында сенат пен конгресс отырысында радиоларға бөлінетін қаржыны нақты қысқартып, кейбір редакциялар жабылуы керек деген шешім қабылданған. Сол тоқтаммен Азат Ауғанстан редакциясын жауып, Шығыс Еуропа тілдерінде хабар тарататын редакциялар қысқаратын болған.
АЗАТТЫҚТЫ КӨШІРГЕН – ҮНЕМДЕУ САЯСАТЫ
Хасен Оралтай өз естелігінде арада бір ай өткенде бұл мәселенің қалай жалғасқанын баяндаған. Ол әдетте сенбі күні кеңсеге келе бермейтін Азаттық радиосының бас директоры Кеуін Клоздің 1993 жылғы 20 қарашада шұғыл жиын өткізгенін айтады. Онда АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті Альберт Гордың Алматы мен Бішкекке сапарлайтынын айта келіп, бұл туралы тиісті жайларды талқылап болған соң мына мәселені ортаға салғанын жазады.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының бұрынғы президенті Кевин Клоз
"Одан кейін Кеуін Клоз "Вашингтоннан бүгін келіп түскен хабардың өз өмірлерінің ұзақ жылдарын Азат Еуропа мен Азаттық радиоларында өткізген кісілер үшін аса көңілді емес екендігін" айтты. Онда – Балтық жағалауының үш редакциясы 1995 жылдың аяғында жабылсын деген сияқты бір жоба жасалыпты. Нақтылы шешім емес. Бірақ мұндай жобаның жасалуының өзі жағдайдың аса көңілді емес екендігін аңғартады деді. Кеуін Клоздың айтуынша, ондай қысқартулардың бара-бара барлық редакцияларды қамтуы да әбден ықтимал. Өйткені АҚШ-тың мемлекеттік бюджетінен бұл жолы радио үшін бөлінген қаржы жеткіліксіз. Бұндай қаржымен Батыс Еуропа елдерінің ең қымбат қалаларының бірі саналатын Мюнхенде тұрып, радио істерін бұрынғыдай жалғастыру мүмкін емес. Ол одан кейін өзінің бірнеше серіктерімен бірге Азат Еуропа мен Азаттық радиоларын Чехияның астанасы Прага қаласына көшіру керек деген жобаны ұсынғанын айтты", – деген Хасен Оралтайдың жазуынша, бұл жобаға қарсы шыққандар да болған.
"Нәтижеде Кеуін Клоздың тобы жеңді. Кейін радиолар Прагаға көшті", – дейді ол. Бұл тұста Азаттық радиосының Прагаға орнығуына сол кездегі Чехия президенті Вацлав Гавелдің айтарлықтай жеңілдік ұсынғанын да ескерте кеткен жөн сияқты. Осылайша Азаттық радиосы 1995 жылы Прагаға көшті.
АЗАТТЫҚТЫҢ ЖАБЫЛУЫН ТОҚТАТҚАН – ЖОЙҚЫН ҚАРУ
Арада бірнеше ай өткенде, 1994 жылғы 23 наурызда Азат Еуропа – Азаттық радиосы басшылығы шағын жиын өткізген. Бұл жолы Кеуін Клоз Қазақ редакциясының қызметкерлерімен болған жиында сол жылы барлық редакцияларда қысқарту жүргізілетінін айтқан.
Хасен Оралтай сонда Азаттық радиосы түбегейлі жабыла қалған жағдайда радионың Қазақ бөлімін "Америка дауысы" радиосы құрамына қосуды ұсынған. Ол бұл пікірге қарсыларға "Америка дауысы" радиосында өзбек, әзербайжан тілдерінде бағдарлама жұмыс істейтінін еске салған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға сапарлаған алғашқы шетелдік ресми қонақ және Назарбаевтың ядролық қарудан бас тартпаған кезіХасен Оралтай сол күннің ертесінде Кеуін Клоз Өзбек редакциясы қызметкерлерімен кездескенінде: "Азаттық радиосының қайткен күнде де жабылмауға тиіс бөлімдерінің біріншісі – орыс бөлімі, екіншісі – украин бөлімі, үшіншісі – қазақ бөлімі, төртіншісі – беларусь бөлімі, өйткені аталған елдерде қатерлі қарулар бар" деп айтқанын жазады.
Бұл Қазақстан, Украина және Беларусьтің советтен қалған ядролық қарудан әлі бас тартпаған кезі болатын. Азаттықтың сол кездегі хабарларындағы осы елдердегі баллистикалық зымырандар Америкаға кезей орналастырылғаны айтылатын.
ОҚЫРМАН ХАТЫ. "ДЕМОКРАТИЯҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗСІН ДЕСЕҢІЗДЕР..."
Азаттық радиосының жабылу ықтималдығы радионың тыңдармандарына да қозғау салған. Ұлттық академиялық кітапхананың Сирек қорындағы Хасен Оралтайдың жеке қорында сақтаулы тұрған Азаттық тыңдармандары жолдаған хатта осы жайлы айтылады. Қазақ және орыс тілінде бөлек жазылған хаттардың мазмұны шамамен бірдей.
АҚШ президенті Билл Клинтон мен Азаттық радиосы басшылығына радио тыңдармандарының хаты. Хасен Оралтайдың жеке архивінен алынды.
"АҚШ президенті Билл Клинтон мырзаға, Азаттық радиосының басшысына, – деп жазылған бұл хат. – ИТАР-ТАСС хабарына қарағанда, Сіздер қырық жыл жұмыс істеген Азаттық радиосының жұмысын 1995 жылғы 1 қазаннан бастап тоқтатпақшы екенсіздер. Біздіңше, Азаттық радиосының советтік системаны, коммунистік диктатураны құлатуда еңбегі зор болды. Орта Азия мен Қазақстан республикалары енді ғана тәуелсіздікке қолы жетіп, отаршылдықтан құтылуға жаңадан бет бұрды. Шынайы демократия жолына түсе бастады. Азаттық радиосының хабарлары арқылы көп нәрсеге жұрттың көзі жете бастады, оның хабарларын, әсіресе, ауыл тұрғындары қызыға тыңдайды. Біз орталықтың бұғауынан, социализм идеяларынан жаңадан босай бастап едік. Қағаз жүзінде азаттыққа қолымыз жеткенмен, Орта Азия және Қазақстан республикалары толық тәуелсіздікке әлі қолы жете қойған жоқ. Республикаларды бір-біріне айдап салу байқалады, Тәжікстанда қанды қырғын болуда. Ұлтаралық жанжал, қақтығыс басылмай тұр. Бұл республикаларда Ресей әскерлері үстемдік етуде. Осы жағдайларды Азаттық радиосы бүкіл әлемге жария етіп, шынайы көріністі батыл түрде таратып отыр. Біз енді ғана АҚШ, Англия, ФРГ секілді дамыған өркениетті елдерге қарап, демократия жолына түсе бастап едік, сөйткен жас тәуелсіз мемлекеттерді орта жолда қалдырмақсыздар ма? Қазақстан стратегиялық қаруы бар ірі мемлекет. Оны тағдырдың тәлкегіне қалдыруға болмайды. Біздіңше, Азаттық радиосын жабуды емес, қайта Қазақстанда тілшілер пунктін ашуды қарастыру керек. Сонда ғана ол міндетін толық атқара алады. Қазір жүздеген мың адам Азаттықтың хабарын қысқа, орта толқындардан тыңдай алатын болды. Бұл жаңа ғана қол жеткен жетістік еді, енді бізді бұл қызықтан айырмаңыздар. Бұл мемлекеттер Сіздер ойлаған шынайы демократияға қол жеткізсін десеңіздер, Азаттық радиосын жабуды емес, қайта дамыту жолын қарастырыңыздар", – деп аяқталады Азаттықтың бір кездегі тыңдармандарының хаты.
АҚШ президенті Билл Клинтон мен Азаттық радиосы басшылығына радио тыңдармандарының орыс тілінде жазған хаты. Хасен Оралтайдың жеке архивінен.
Бұған хатқа өзін "Азаттық радиосының ұдайы тыңдарманы" деп көрсеткен Алматы облысы Жамбыл ауданындағы атақты малшы, "Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері" делінген Мұқан Көккөзов, экономика докторы, академик Оразгелді Баймұратұлы, Алматы облысы Кеген ауданындағы халық депутаты болған Еңбек ері, шопан Жолсейіт Молдасанұлы, Атыраудан мұғалім Құсейін Айтқалиұлы бастаған адамдар қол қойған.
Азаттық радиосына Қазақстаннан жолданған орыс тіліндегі хатта да осы мәтін қайталана келіп, тек соңында "Қазақстандағы көптеген дерлік газеттер өз нөмірлерінде Азаттық радиосының жаңалықтарын қысқаша беріп тұрады. Яғни, бүкіл Қазақстан республикасы Азаттық радиосын тыңдап, оқып отырады деген сөз" деп аяқталған. Оған "Тұран" университетінің ректоры Рахман Алшанов, Еңбек ері Зылиха Тамшыбаева бастаған бірнеше адам қол қойған.
"АЗАТТЫҚ – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ-МАҚСАТЫНЫҢ ЖОҚШЫСЫ"
Жалпы жыл аралатып, Азаттық радиосын біржолата жабу туралы болмаса да, шығындарын, штатын қысқарту туралы ара-тұра айтылып отырған. Солай жасалған кездері де болған. Хасен Оралтай өз естелігінде ол жөнінде біраз дерек жазған.
"Мен жұмысқа жаңа келіп орналаса бастаған 1968 жылы жалпы Азаттық радиосының қарбалас кезеңі болды. Өйткені Азаттық радиосы мен Азат Еуропа радиоларының бюджетін жыл сайын АҚШ конгресі бекітетін болған. Соған орай, радиолардың жалпы басқару ісі де АҚШ конгресінің бақылауына өткен. Бірқатар америкалық сенаторлар "осы радиолардың қаншалықты қажеті бар?" деген сауал да қойған болатын. Тіпті, Американың сол кездегі бір ықпалды сенаторы "бұл радиоларды жауып тастау керек" деген ұсыныс та жасады. Сол сияқты әрекеттердің нәтижесінде радиолардың жанындағы "Кеңес одағын зерттеу институты" жабылды. Сол айтыстарға байланысты Вашингтонда арнайы бір комиссия құрылып, Мюнхенге аттандырылды. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дуайт Дэвид Эйзенхауэрдің інісі профессор Мілтон Эйзенхауэр басқарған сол комиссия "Эйзенхауэр комиссиясы" деп аталатын. Оның міндеті Азаттық радиосы мен Азат Еуропа радиоларының қажеттігін анықтау еді. Сол "Эйзенхауэр комиссиясы" Мюнхенге келгенде жиынға Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің атынан қатыстым", – деп жазды Хасен Оралтай.
Азаттық радиосы. 70 жыл
Ақыры Азаттық та жабылмады, ондағы көптеген редакция бүгінге жетіп отыр. Ал Хасен Оралтай радио 1995 жылы Прагаға көшкенде зейнет демалысына шықты. Ол радионың 1995 жылғы 30 сәуір күнгі эфирінде тыңдармандарымен қоштасу сөзінде заманында Азаттық радиосының қазақ аудиториясы үшін маңызы қандай болғанын айтқан.
"Азаттық радиосы Қазақ бөлімшесі қазақтың ұлттық мүдде, мақсатының, бұрмаланған тарихы мен әдебиетінің, ана тілі мен дінінің, территориялық тұтастығы мен ұлттық тәуелсіздігінің жоқшысы болуды басты бағыт етіп ұстағаны – тыңдаушыларға айқын факті", – деді Хасен Оралтай.
"АДАМДАР ӨЗ ЕЛІНДЕ ЖҮРЕК ҚАЛАУЫМЕН ӨМІР СҮРЕТІН КҮНГЕ ЖЕТЕМІЗ"
Азаттық радиосының қазақ тілінде хабар тарататын Түркістан редакциясы 1953 жылғы 18 наурызда жұмысын бастады.
Азаттық радиосының президенті Хоуленд Сарджент. Мюнхен, Германия, 1955 жыл.
Осы ретте Азаттықтың 10 жылдығы кезінде ұжымын құттықтаған радионың сол кездегі президенті, Азаттыққа шенеуніктердің араласуына қарсы болып, БАҚ ретінде дамуына күш салған Хоуленд Сардженттің сөзі әлі күнге маңызын жойған жоқ.
"Біз ендігі 1953 жылдан бері айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткіздік. Бірақ бұл – әлі істің басы. Біз өз отанынан кетуге мәжбүр болғандармен бірге адамдар өз елдерінде өз жүрек қалауымен еркін өмір сүретін күнге жетеміз деп кәміл сенеміз. Біз Сіздермен бірге Сіздердің отандастарыңыз өз күштерімен, декрет арқылы емес – заңмен жүретін биліктің басқарушылары мен азаматтары болатын күнді асыға күтеміз. Өткен 10 жыл бізді сол күнге мейлінше жақындата түсті дегенге жүрегіммен сенемін", – деген Хоуленд Сарджент.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тіршіліктің көркі – ерік". Азаттықтың алғашқы медиафорумы қалай өтті?Осы хабардың подкаст нұсқасын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдай аласыз.