Accessibility links

Кёльндегі қазақ қауымы және Қазақстандағы діннің жағдайы. Халифа Алтай не көрді?


Діни ағартушы, ғалым, аудармашы Халифа қажы Алтай (ортада) мен зайыбы Бибәтіш Жүнісқызы (оң жақта). Халифа Алтай халықаралық қайырымдылық қорының facebook-парағындағы сурет.
Діни ағартушы, ғалым, аудармашы Халифа қажы Алтай (ортада) мен зайыбы Бибәтіш Жүнісқызы (оң жақта). Халифа Алтай халықаралық қайырымдылық қорының facebook-парағындағы сурет.

Азаттық радиосының деректі хабарларына арналған "Азаттық толқынында" подкасында Халифа Алтайдың Германияның Кёльн қаласындағы қазақ диаспорасы қоғамы және 1980 жылдарғы Қазақстандағы діни ахуал туралы жазбаларына шолу жасаймыз.

Халифа Алтай көрген еркіндік пен қысым
please wait

No media source currently available

0:00 0:19:54 0:00
Жүктеп алу

Астанадағы академиялық ұлттық кітапхананың Сирек қорындағы Хасен Оралтайдың жеке қорында Азаттық радиосының шетелдегі қазақ диаспорасы туралы хабарлары сақталған. Сондағы бірнеше хабар Халифа Алтайдың осы тақырыптағы жазбаларына арналған.

Бүгін сол жазбалар туралы екі хабарға тоқталамыз. Олардың бірінің аудио нұсқасы да сақталса, тағы бірінің тек жазбаша нұсқасымен танысуға болады.

Аудио нұсқада Германиядағы диаспора – Кёльн қазақтарының мәдениеті жайында айтылған, жазбаша нұсқада автордың советтік Қазақстанға сапары кезінде көрген елдегі діни ахуал және оның жергілікті шенеунікпен қалай кездескені сөз болады. Хабардың бірінде қазақ диаспорасының шетте тұрса да өз мәдениетін дамытудағы еркін әрекеттері баяндалған. Ал екінші хабарда советтік Қазақстандағы адамдардың өз елінде тұрып ата-бабасы ұстанған дінін тұтына алмайтыны сипатталады.

БОСҚЫНДЫҚТАН – БОСТАНДЫҚҚА. ҒҰЛАМАНЫҢ ҒҰМЫРЫ

Халифа Ғақыпұлы Алтай – шетел қазақ диаспорасынан шыққан діни ағартушы, ғалым, жазушы. 1917 жылғы 18 желтоқсанда Шығыс Түркістанның Алтай аймағы Шіңгіл ауданындағы Жарынты өзені бойында дүниеге келген.

Халифа Алтайдың "Алтайдан ауған ел" атты кітабының мұқабасы
Халифа Алтайдың "Алтайдан ауған ел" атты кітабының мұқабасы

Қытайдағы сүргінге байланысты Тибет асып, Үндістанға өтіп, 1941 жылы Кашмир өлкесінде тұрған. Сонда арабша және урду тілінде білім алған.

1951 жылы Пишаварда Қытайдан қоныс аударған қазақтар қоғамы құрылғанда соның жауапты хатшысы болды. 1953 – 1954 жылдарғы мигрант қазақтардың Түркияға көшін ұйымдастырғандардың да бірі осы Халифа Алтай болатын.

Халифа Алтай 1991 жылы Қазақстанға біржола көшіп келді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанындағы "Инабат" тәрбие орталығының төрағасы болды.

2003 жылғы 15 тамызда өмірден озды.

Діни, шариғи тақырыптағы кітаптарынан басқа "Қазақ түріктерінің шежіресі", "Естеліктерім", "Алтайдан ауған ел", "Атажұрттан Анадолыға дейін" атты және т.б. кітаптары жарық көрген. Құранды қазақ тіліне аударып, алғаш Сауд Арабиясында басып шығарды.

БАТЫС ГЕРМАНИЯ. КЁЛЬНДЕГІ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ

Азаттық радиосы 70 жылдан астам тарихында ұдайы қамтып келе жатқан тақырыптың бірі – шетелдегі қазақ диаспорасы. Совет кезінде де, Қазақстан өз тәуелсіздігіне ие болған соң да бұл тақырыпта хабарлар тұрақты беріліп отырды.

Бүгінде осы хабарларда совет тұсында не айтылғаны назар аудартады. Өйткені сол кездегі шеттегі қазақтардың денін совет өкіметінің қуғын-сүргінінен бас сауғалап сыртқа кеткен адамдардың ұрпақтары құрайтын.

Суретте ортада отырған – Чан Кайши, артқы қатарда тұрғандар (солдан оңға қарай): Хамза Ұшар, Қалибек хәкім және Халифа Алтай. Тайвань, 1960 жыл.
Суретте ортада отырған – Чан Кайши, артқы қатарда тұрғандар (солдан оңға қарай): Хамза Ұшар, Қалибек хәкім және Халифа Алтай. Тайвань, 1960 жыл.

Қазақстанда совет билігі кезінде елдегі адамдардың сырттағы қазақтармен жеке, туысқандық байланысы үзіліп қалды. Тек бертінде "Отан" қоғамы арқылы ресми орындардың араласуымен мәдени байланыс қалыптаса бастады. Бұл қоғам Азаттық радиосының хабарларында аса жақсы қырынан айтылмайды. Оған кейінірек арнайы тоқталатын боламыз.

1988 жылғы 12 шілде күні Азаттық радиосының эфиріне ұсынылған Халифа Алтайдың жолсапар жазбасында осындай мәдени қатынас нышандары да сөз болған. Халифа Алтайдың жазбаларын эфирден "Қатешұлы" деген атпен Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры Хасен Оралтай оқып берген екен.

Жалпы Халифа Алтайдың Азаттық радиосы авторларының бірі болғаны бұрынырақта бір айтылған.

"Шет елдерде тұратын қазақтар жатжұрттық отаршы коммунистік әкімшіліктің озбыр саясаты салдарынан басқа елдерге қашып жан сауғалаған болатын. Солардың екінші ұрпағының өкілдері қазір Ауғанстанда, Иранда, Түркияда, Батыс Еуропа елдері, Скандинавияда және Америкада өмір сүреді, – деп басталады Азаттықтың аталмыш хабары. – Халифа Алтай – шеттегі қазақтардың аға буын өкілдерінің бірі. Ол таяуда Батыс Еуропа елдерін аралап, сондағы қазақтардың жағдайымен танысты".

Азаттықтың бұл хабарында Халифа Алтайдың жазбасында оның 1988 жылғы 18 маусымда Батыс Еуропа қазақтарын аралаған кезде Германияның Кёльн қаласына барғаны айтылады.

Халифа Алтайдың жазуынша, онда қазақ түріктерінің ұйымы жұмыс істейді екен. Ұйымның басшысы Ғаппар Шоқбілен мен оның орынбасары Мәрхаба Чалышқан Халифа Алтайды сондағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігімен таныстырған.

Халифа Алтайдың советтік Қазақстанға сапары туралы хабардың жазбасы. Мюнхен, 21 маусым, 1988 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорынан.
Халифа Алтайдың советтік Қазақстанға сапары туралы хабардың жазбасы. Мюнхен, 21 маусым, 1988 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорынан.

Сол кезде Кёльнде 58 үй қазақ отбасы тұрған екен. "Олардың жалпы жан саны – 203 кісі. Осы 203 адамның барлығының дерлік әкелері кезінде Шығыс Түркістаннан шығып, Үндістан, Пәкістан арқылы жол жүріп, туысқан Түркияға барып қоныстанған", – деп жазған Халифа Алтай.

Оның айтуынша, бұл қазақтардың барлығы да Түркия азаматтары. Олар Батыс Германия мен Түркия арасындағы келісімге сай, содан 20 жылдай бұрын Кёльнге барып орнығып қалған. Халифа Алтай Кёльндегі 58 отбасыны жас отау ретінде сипаттап, олардың ата-аналары Түркияда тұратынын жазған.

Оң жақта шетте бата беріп тұрған – Халифа Ғақыпұлы Алтай.
Оң жақта шетте бата беріп тұрған – Халифа Ғақыпұлы Алтай.

"Кёльндегі қазақтар осы себеппен әр жылы жетінші айдың аяғында өздерінің жеңіл машиналарымен демалысын өткізіп қайту үшін Түркияға беттейді. Міне, мен сол Түркияға аттануға әзірлік кезеңінде келдім, – деген ол тыңдарманды жергілікті қазақ қоғамы жұмысымен де таныстыра кетеді. – Бұл қоғамға Кёльнде тұратын барлық қазақ мүше. Олардың бәрі ұйымға жарна төлейді. Ұйым құрылғалы игі шаралар өткізуімен танылған. Сондағы қазақтар қазақ ән-күйлерін орындау үшін арнайы көркемөнерпаздар тобын құрған. Бұл топ Германияда және Түркиядағы өнер сайыстарында түрлі атақтар алған. Олар сондағы Түркия консулдығы ұйымдастырған шараларға да қатысып тұрады. Бұл ұйым Түркия қазақтары құрған "Қазақ түркі уақыбы" деп аталатын ұйымға да қамқорлық жасап көмек көрсетіп отырады. Стамбұлда құрылған "Қазақ түркі уақыбының" басшылары жуырда ғана Кёльнге келіп кеткен екен. Сонда Кёльндегі қазақ қоғамы жылу жинап, жаңадан құрылған "Қазақ түркі уақыбына" қомақты ақша аударған".

Бұл хабарда Кёльн қазақтарының Батыс Еуропаға жолы түскен Шығыс Түркістан, немесе Қазақстаннан барған қазақтарды көруге асығатыны айтылады.

Халифа қажы Алтай (1917 - 2003)
Халифа қажы Алтай (1917 - 2003)

"Қонаққа шақырып, жақындық, туысқандық көмек көрсетеді. Әсіресе, Батыс Еуропаның қай қаласына болса да, бір қазақ Шығыс Түркістаннан, немесе Қазақстаннан ойын-үйірмемен келгенін естісе, Кёльндегі қазақтар белдеуде байлаулы тұрған аты іспетті машинасына бала-шағасын салып алып, шаба жөнеледі", – дейді автор осы хабарда.

Онда Қазақстаннан барып, Еуропа сахнасында ән шырқап, өнер көрсеткен адамдардың бейнетаспасы Кёльндегі әр қазақтың үйінен табылатыны да айтылған.

Халифа Алтайдың жазуынша, "Кёльндегі қазақтардың ішінде сәл ақындығы бар" жігіттер де шығып қалады. Ол Әбдірахман Шетінді сондай адамдардың қатарында атаған. Оның арғы атасы Шығыс Түркістандағы ірі тұлға екенін, есімі "Қазақ совет энциклопедиясына" енгенін айтып өтеді.

Ал Әбдірахман Шетіннің өзі кейін Кёльндегі қазақ қоғамын, бертінде Еуропадағы қазақ қоғамдары федерациясын басқарды.

СОВЕТТІК ҚАЗАҚСТАН. ДІН ІСІНЕ ЖАУАПТЫ КОММУНИСТПЕН КЕЗДЕСУ

Шариғат жолын түсіндіріп, діни әдебиеттер жазған діндар қайраткер ретінде танымал Халифа Алтайдың дінді апиынға теңеп, оған қарсы күрескен коммунистік партия билеген Қазақстанға сапарлауы да назар аудартады.

Шетелден көшіп келген қазақтар атамекенге тағзым етіп жерді сүйіп жатыр. 1990 жылдардың бас кезі. Фото авторы – Болат Омарәлиев.
Шетелден көшіп келген қазақтар атамекенге тағзым етіп жерді сүйіп жатыр. 1990 жылдардың бас кезі. Фото авторы – Болат Омарәлиев.

1988 жылғы 22 маусымда Азаттық радиосының эфирінен берілген хабарда Халифа Алтайдың Қазақстанға сапарына шолу жасалған. Хабардың басында Халифа Алтайдың "Отан" қоғамының шақыртуымен Қазақстанда екі рет болғаны айтылады.

Бұл дерекке қарағанда қайраткер 1978 жылы және 1984 жылы советтік Қазақстанды екі рет аралаған. Халифа Алтайдың бұл жолсапар жазбасын да эфирден "Қатешұлы" деген атпен Хасен Оралтай оқып берген екен. Бұл хабардың аудио нұсқасы сақталмағанымен, оның латын қарпімен терілген жазбасы жетіп отыр.

"Қазақ "Отан" қоғамының шақыруы бойынша Қазақстанға 1984 жылы екінші реті барғанымда "Отан" қоғамы Алматыға 15 километр жерде Алатаудың қойнауындағы курорт, демалыс және жайлап емделу орнынан жұбайым екеумізге тұратын жақсы бір бөлме дайындатыпты", – деген Халифа Алтай сол жерде 26 күн аялдап, демалып, емделгенін айтады.

Ол сол курортта Қазақстандағы "бірқатар жоғары дәрежелі кісілермен" танысып, әңгімелескенін жазған.

"Сол кісілердің бұрын араб-парсы тілдерінен еніп, қазақтың төл сөзіне айналған атауларды білмейтіндігін аңғардым. Сондай-ақ олардың дін жөнінде ешқандай мәліметі жоқ екендігін, тек "дін – жарамсыз" дейтін коммунистік желбуаз дәйексіз пропагандамен "миы жуылып" шатастырылған кісілер екенін көрдім", – дейді Халифа Алтай.

Халифа Алтай (ортада отыр) қазақ ақын-жазушыларымен бірге. Халифа Алтай халықаралық қайырымдылық қорының facebook-парағындағы сурет.
Халифа Алтай (ортада отыр) қазақ ақын-жазушыларымен бірге. Халифа Алтай халықаралық қайырымдылық қорының facebook-парағындағы сурет.

Ол сол жолы танысып, пікір алмасқан адамдарының бірі Сатыбалды Тотанов деген кісі екен.

"Ол өзін Қазақстанның дін жұмыстарын қарайтын қызметкерімін деп таныстырды... Менің қойған сауалыма байланысты ол Совет одағында дін еркіндігі бар дегенді айтты. Оған мен советтік басылым, кітаптарда, үгіт-насихатта ұдайы дінге шабуылданатындығын, дінге қайдағы бір қисынсыз жалалар жабылатындығын, бірақ дін жөніндегі сол негізсіз жалаларға жауап қайыру мүмкіншілігі берілмейтіндігін айттым. Ол "1977 жылы қабылданған бір қаулы бойынша тек ғылыми атеизмді ғана үгіттеуге болады", – деді. Сол сөзімен Сатыбалды Тотанов енді дінге онша негізсіз жала жабылып, шабуыл жасалмайды дегенге меңзеді. Бірақ мен оған сене қоймадым", – дейді Халифа Алтай.

Оның пайымынша, Қазақстанда сол кезде қазақ тілінде шығатын баспасөз бетіндегі мақалалар коммунистік пропаганданың дінге шабуылы толастамағандығын көрсеткен.

Халифа қажы Алтайдың "Құран әліппесі және иманның шарттары" атты кітабының мұқабасы
Халифа қажы Алтайдың "Құран әліппесі және иманның шарттары" атты кітабының мұқабасы

Автор Алматыдағы мешітке жұма намазына барғанын, сонда мешітке жиналғандардың ішінен жастарды байқай алмағанын, тек "кәрі-құртаң" адамдар жиналғанын айтады. Сондайда ол дінге жауапты деген Сатыбалды Тотановтан жастарға діни білім беруге жағдай жасалмағанын, сондай талпыныстар қудалауға ұшырайтынын айтып, "қарттар буыны бұл әлемнен кеткеннен кейін сол мешіт иен қала ма?" деп сұрағанын келтіреді.

"Сатыбалды Тотанов сәл кідіріп ойланып тұрды да, "мешіттегі сол көрген адамдарыңыздың бәрі – совет үкіметі құрылғаннан кейінгі буынның мүшелері. Қам жемеңіз, абыржымаңыз, пенсияға шыққандармен мешіт жамағаты молая береді. Мешіт иен қалмайды", – деді. Оның сол сөздерінен дінге қарсы қандай қатаң үгіт-насихат жүргізілсе де, дінге қандай негізсіз жалалар жабылса да, діннің Қазақстан жұртшылығының, яғни мұсылмандар көкейінен кетпейтіндігін аңғардым", – деп қорытқан Халифа Алтай.

"МӘСЕЛЕНІҢ БӘРІ МӘСКЕУДЕ ШЕШІЛЕДІ"

Бұл тұста автор діни сенім бостандығына қатысты адам құқығы жөніндегі БҰҰ-ның жалпыға бірдей адам құқығы туралы декларациясы мен Хельсинки келісім шартын атай кетеді. Совет одағының осынау халықаралық құжаттарға қол қойғанымен, оның шарттарын орындамай отырғанын айыптайды.

Осы мәселені Сатыбалды Тотановпен талқыға салған Халифа Алтай неліктен Қазақстанның жеке діни басқармасы мен жеке діни мектебі жоғын сұрайды. Оған Сатыбалды Тотанов "мәселенің жағрафиялық қыры басым екенін" алға тартып, яғни совет кезіндегі Орталық Азияға ортақ жалғыз діни басқарманың аймақтың орталығы Ташкентте орналасқандығын айтып жауап берген.

"Оның сол сөздері тағы талай сауалдардың қойылуына жетеледі. Бірақ оның менің сауалдарыма жауап қайырып, мәселені шешетін кісі еместігін аңғардым. Мәселенің бәрінің Алматыда емес, Мәскеуде шешілетіндігі көрініп тұр. Сол үшін де шарасыз туысым Сатыбалды Тотановты қинай беруді тілемедім", – дейді Халифа Алтай 1984 жылы Алматыдағы сапары жайлы.

Сатыбалды Тотанов
Сатыбалды Тотанов

Бұл тұста Халифа Алтай аты-жөнін атаған Сатыбалды Құрманұлы Тотанов – Қазақ ССР үкіметі жанындағы дін істері жөніндегі кеңестің төрағасы болған адам. Коммунистік партияның функционері, пропаганда бөлімдерінде жауапты қызмет атқарған, партияның қалалық, облыстық комитеттерінде хатшы болған.

Бір кездегі Орал облыстық партия комитетінде 10 жыл идеология хатшысы болғаннан кейін, 1980-жылдардың басында Қазақ ССР министрлер советі жанындағы дін істері жөніндегі кеңесті басқаруға жіберілген. 1991 жылға дейін жұмыс істеген дін істері комитетін Сатыбалды Тотанов 1987 жылға дейін басқарған.

Сатыбалды Тотанов зейнетке шыққаннан кейін берген сұхбаттарының бірінде: "Біздің комитет Қазақ ССР-інің діни бірлестіктер жөніндегі ережесі мен діни жоралғылар бойынша заңдылықтардың орындалуын қадағалады. Заңды бұзуға жол бермеді. Мен онда алты жыл жұмыс істедім, 1987 жылы зейнет жасына жетуіме байланысты демалысқа кетуімді сұрады. Әлі де жұмыс істей берер едім, бірақ бұл қызмет жоғарыдағы әлдебіреуге керек болған сияқты", – деп айтқан.

1984 жылы Халифа Алтай Алматыда көрген Сатыбалды Тотанов осы кісі болатын. Ол 2020 жылы 96 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Осы хабардың подкаст нұсқасын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдай аласыз.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG