Accessibility links

Қазақ киносындағы "Қызқарас". Әйел көзімен түсірілген киноның ерекшеліктері


Режиссер Айжан Қасымбектің "Мәдина" фильміндегі кадр. Скриншот.
Режиссер Айжан Қасымбектің "Мәдина" фильміндегі кадр. Скриншот.

Қазақ киносына жаңа леп келді. Және бұл лепті қазақ қыздары әкелді. Кино майталмандары, ер режиссерлер көп жағдайда әйелге қосалқы кейіпкер ретінде қарап жүрді. Бірақ әйелге өзі туралы айтуға мүмкіндік бергенде, стереотиптен, идеализация мен идеологиядан аршылған, күрделі де бай әлемнің ашылатынын әйел режиссерлер көрсете білді.

Кинотанушы, журналист Әсия Бағдәулетқызы
Кинотанушы, журналист Әсия Бағдәулетқызы

Cан-Диего университетіндегі Телевизия мен кино саласындағы әйелдерді зерттеу орталығының жетекшісі Марта М. Лаузен жыл сайын Голливуд фильмдеріндегі әйелдер үлесі туралы "Ерлердің "целлулоид" әлемі" атты зерттеу жариялайды. 2023 жылы ең көп табыс әкелген фильмдердің 28%-ында ғана басты рольді әйелдер сомдаса, 62%-ында ерлер бас кейіпкер болған. 2024 жылы ең көп табыс әкелген 100 фильмнің 42%-ында негізгі рөл әйелге тиесілі, бұл – ерлер басты рөл сомдаған фильмдермен бірдей көрсеткіш. Тарихта тұңғыш рет болған экрандағы теңесу. Ал USC Annenberg Inclusion Initiative жүргізген зерттеу 2024 жылы фильмдердің 54%-ы әйелдер жетекшілігімен немесе тең жетекшілігімен түсірілгенін көрсетті. Бұл көрсеткіш 2023 жылғы 30%-бен салыстырғанда айтарлықтай өскен.

Қазақстанға қарасақ, 2014 және 2023 жылдар аралығында екі жүзден астам қазақ фильмі үлкен экраннан көрсетіліп, оның 22-сі, яғни он пайызына ғана әйелдер режиссерлік еткен. Аштық туралы "Ұлы дала зары" (2021) фильмі "Амазон прайм" желісіне сатылған Марина Құнарова; бірқатар фильмі фестивальдерде жүлделі болып, қазір Голливудта бақ сынап жүрген Жанна Исабаева; "Молоко, сметана, творог" (2013) комедиясынан кейін күтпеген эстетикалық биіктегі "Күнбағыс" (2023) драмасын түсірген Эля Гильман есімдеріне деректі фильм саласында Арал туралы "Ертеңгі теңіз" (2016) фильмі "Нетфликс" желісіне сатылған Катерина Суворова қосылды. Алена Алмаздың "Қызымның қорғаушысы" (2022), "Ұрылар" (2023) сияқты триллерлері Тәуекел Мүсілім, Рүстем Жаныаманов, Ербол Семқұлов, Дулыға Ақмолда, Әзиз Бейшенәлиев сияқты актерлерді тарта алғанымен, прокаты елеусіз өтті.

Қазақ киноэкранында миллиардтар жинап жатқан кинокомедиялардың режиссерлері көп жағдайда ер адамдар, Дариға Бадықова, Құралай Анарбекова сияқты актриса-продюсерлер өздеріне арнап жазылған франшизалар ("Таптым-ау сені", "Брат или брак") түсіре отырып, табыс табуды да меңгерді. Мұндай продюсерлердің шығармаларында экрандағы әйел бейнесіне немесе Қазақстанда қыздар/әйелдер киносына үлес қосу деген ниет байқалмайды.Бір кезде Мейрамбек Беспаевты киноға тарту арқылы жанрлық киноға араласқан продюсер ретінде араласқан Баян Мақсатқызы ғана соңғы жылдары ғана жанрлық кинода әйелдер тақырыбына баса мән беріп жүр.

Ал 2023 жылдан бері осы мәселені көтеріп, кинокөрсетілімдер, талқылар, былтырдан бастап фестиваль өткізіп жүрген Qyzqaras бастамасы авторларының бірі Малика Мұхамеджан мен оның авторлық фильм саласындағы режиссер әріптестері Шәрипа Оразбаева, Айжан Қасымбек, Әсел Аушакимовалардың соңғы жылдары түсірілген жұмыстары әйел бейнесіне ғана емес, қазақ киносына ойлы, кәсіби көзқарас тың леп әкелді деуге болады. Бұл режиссерлердің ортақ тақырыбы әйел мен қоғам болғанымен, олардың кино тілі, стилі бір-біріне ұқсамайды.

Режиссерлерді біріктіретін бір құбылыс, олар халықаралық кинофестивальдерден жүлделі оралғанымен, фильмдері көбіне Қазақстан кинотеатрларына жол таппаған, олардың фильмдері де жеке қаражатқа не халықаралық гранттарға түсіріледі.

Кино өнеріндегі суреткер, не суреткерлікке таласы бар төрт режиссердің соңғы туындыларына тоқталсақ.

Шәрипа Оразбаева

Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының түлегі Шәрипа Оразбаева бірнеше жылдан бері қазақ әйелі мен қоғамын сәтті таспалап жүр. Оның "Мәриям" (2019), "Қызыл анар" (2021) фильмдері көп кинофестивальде, оның ішінде Везульда өтетін Азия киносы фестивалінде бас жүлдені, Лондондағы Rainbow кинофестивалінде үздік режиссер жүлдесін жеңіп алды.

Әйелдің күресінде әйел ғана сезіне алатын нюанстар бар.

Оның кейіпкерлері – көбіне өмір үшін күресуге мәжбүр әйелдер. Әр адамның өмірі күрес, бірақ әйелдің күресінде әйел ғана сезіне алатын нюанстар бар. Ер адамдарға ыңғайлы, тіпті заңды көрінетін патриархал қоғамның жарықшақтары, әйел жаны мен тәні сезінетін қысымдары осы режиссер шығармашылығынан анық көрінеді.

Патриархал қоғам қыз баланы тәуелсіз өмір сүруге үйретпейді де дайындамайды. Бірақ капиталистік, постколониал һәм неоколониал қоғамның шындығы әркімді де өмір үшін күресуге мәжбүрлейді. Осы күресте әйелдің бастан кешетін қиындығы өзгешелеу.

Патриархал постсоветтік қоғам "нәзік жынысты" деп атап, 8 наурызда гүл сыйлағанымен, ешқандай әке, бауыр мен күйеу әйелге тәулік бойы қорған бола алмайды, ешкім ешкімнің өмірін сүре алмайды, сондықтан "әйелге қорған болу" деген түсініктің өзі шартты. Шын мәнінде, күнделікті өмірде қыздар мен әйелдер өзіне өзі ғана қорған болады. Және көбіне ер адамдардан қорғануға мәжбүр. Сондықтан да болар, Оразбаева кейіпкерлерінің ер адамсыз, оның қорғауынсыз қалған сәтін түсіреді.

Патриархал қоғам қыз баланы тәуелсіз өмір сүруге үйретпейді де дайындамайды

"Мәриям" фильмі мемлекеттен жәрдемақы алу үшін хабарсыз кеткен күйеуін өлді деп жаздыруға мәжбүр әйел туралы болды. "Қызыл анар" қарадүрсін күйеуі хабарсыз кеткенде, өгей ұлының зорлағанын біліп, сол үшін кінәлілерді жазалауға тырысатын әйел жайлы. Айнұр Бермұхамбетова сомдаған бас кейіпкер қазақ киносында Фарида Шәріпова негізін қалап кеткен парасатты әйелді сомдады.

Былтыр жарыққа шыққан "Тұл" да күйеуі қайтыс болған соң марқұмның қарыздарын қайтаратын әйел (Гүзел Жан) мен оның жеткіншек қызы Аяулым (Әмина Ермекова) жайлы. Оқиға көбіне Аяулымның көзімен сипатталады. Ол интернатта өзге қыздардан әлімжеттік көреді, өзін іздемейтін, қоңырауына жауап қатпайтын анасын сағынады. Анасы оны әкеткен сәтінен бастап та, қызға тиісті махаббат пен мейірімді көрмейсіз. Бұл әйелді суытып жіберген тұрмыс па, туабітті мінезі ме, фильмнің соңына дейін анық емес. Ақырында ана қызына жібиді, бірақ онысы Аяулымды өзімен бірге тығырыққа тіреп, балалық шағын тартып алғаны үшін өзін кінәлі сезінуден туған шала махаббат.

Режиссер Шәрипа Оразбаеваның "Тұл" фильміндегі кадр. Скриншот.
Режиссер Шәрипа Оразбаеваның "Тұл" фильміндегі кадр. Скриншот.

Ал әйелдің өз басындағы жағдай, ол да мәз болғанның ісі емес. Марқұмның қарыздарын қайтару мен несиені жабудың арасында, алашағы бар ауылдастың арсыздау ұсынысына да қарсы уәж айта алмай мүдіреді. Фильмнің ең мықты образдары мен провокатив ойы Аяулым мен шешесі қалаға келген тұста айтылады. Фильмде түсік тастау сәті көрсетіледі. "Тыныс алып жатқан" шарананың "көзін құртшы" дегенде теледидарда Қаңтар оқиғасы көрсетіліп жатқан. Шала туған шарананы қоқысқа тастауға шыққан қыз сеңдей соғылған, толқыған топтың ортасынан әрең шығады. Бұл сахнаны, "Қаңтардағы қарсылық рухы дүниеге келмей жатып, шарана кезінде өлтірілді" деп тәпсірлеуге болады.

Қорыта келгенде, "Тұл" Оразбаеваның бұған дейінгі "Қызыл анарындай" эстетикалық визуал образдарымен есте қалмаса да, символдық ойлауымен, көтерген тақырыптарының күрделілігімен және шешімдерінің ұтқырлығымен құнды. Шәрипа Оразбаева өз қатарластары арасында фильм саны жөнінен ғана емес, режиссерлік позициясы қалыптасқан суреткер ретінде де өзін дәлелдеумен келеді.

Айжан Қасымбек

Келесі режиссер Айжан Қасымбек әкесі, белгілі режиссер Қанымбек Қасымбековтен адам жанына камера арқылы үңілу қабілетін сіңірсе керек. Режиссер өз шығармашылығына концептуал тұрғыда қарайтыны көзге түседі.

Қасымбектің алғашқы қысқаметражды фильмі "Су" Вьетнамдағы халықаралық кинофестивальде Гран-при жеңіп алса, одан кейінгі "Ауа" Пусан, Каир, Иран, Монако және басқа да кинофестивальдердің конкурс бағдарламасына іріктелді. Ал толықметражды дебюті "От" (2022) Үндістанның Триссур халықаралық кинофестивалінде ФИПРЕССИ сыйлығын иеленіп, Швейцариядағы Black Movie кинофестивалінің ашылу фильмі болып, әртүрлі фестивальдерде "Үздік ер адам рөлі", "Үздік режиссура", "Үздік музыка" номинацияларында марапатталған.

Режиссердің соңғы жұмысы "Мәдина" (2023) драмасы Токио кинофестиваліне қатысып, фильм операторы Айгүл Нұрбулатова Қазақстанның "Сыншылар таңдауы" сыйлығына ие болды.

"Мәдина" фильмі феминистік сын тұрғысынан қазақ топырағында түсірілген ең қатпарлы, ең қызықты фильм деуге болады. Фильм некесіз туған қызына алимент алу үшін күресіп жүрген биші Мәдина (Мәдина Ақылбекова) туралы. Мұнда әйел өмірінің сан қыры эстетикалық тұрғыда есте қаларлық көркем кадрлар, ойлы монтаж бен дыбыспен көркемдеуінен де көрініс тапқан.

Совет киносы ана, әже бейнесін сакралдандырып жіберді.

Феминистік кинотеория әйелдің экранда бейнеленуін бірнеше ракурстан сынайды десек, бұл фильм соның бәрінен хабардар болып шығады. Айталық, совет киносы ана, әже бейнесін сакралдандырып жіберді. Яғни өнерде, әдебиетте, кинода мінсіз аналар бейнеленіп, сол мінсіздікке сәйкес бола алмаған өмірдегі түрлі аналар мен әжелер өздерін қоғам сыртқа тепкендей сезінеді. Өйткені әр адамның санасында "сен ана емессің бе, сен әже емессің бе, мынауың не?" деген сын мен айыптау тұрады. Ал фильмдегі кішкентай ғана деталь, Мәдинаның анасы, кейуананың шылым шегетіні оның қоғам күткен идеалға сәйкес келмейтінін көрсеткенімен, оны сол үшін айыптамайды, дара мінез құлқы болуға құқылы екенін ескереді. Осы бір ғана деталь арқылы режиссердің қоғамдағы әйелдердің әртүрлі екенін терең сезінетінін және соны көрсетуге деген ұмтылысын сеземіз.

Екіншіден, кинода әйелді бейнелеуде ылғи да алға шығатын тән мәселесі көрініс тапқан. Әйелдің сырт көрінісін қоғам тұтынуына лайықтап әрлеу мен әйелдің өзін қалай сезінетіні, ішкі жан еркіндігі жайлы ой бар. Әсіресе бұл контраст Мәдинаның шығыстық стильдегі киім мен қалың бояуы мен өзін еркін сезінген сәтінде су астында түсірілген көріністер арқылы анық байқалады.

Жеке мен жалпы, әйел мен қоғам мәселелері фильмдегі әйелдер кеңістігі мен жалпыға ортақ кеңістіктер арқылы да көрсетілген. Айталық, бишілердің тойханада билеген сәттері мен Мәдинаның залда, басқа қыз-келіншектерге би үйрету сахналарындағы камера қозғалысы, жиектеу мен актерлік ойын мүлдем бөлек кеңістіктерді көрсетеді. Сол сияқты, оның қызымен жалғыз қалатын сәттері, немесе әжесінің жеті шелпек пісіріп, мәнті түйетін сахналар да әйелдер кеңістігінің ішкі үйлесімін сипаттайды. Қыз-келіншектер кеңістігіне ересек ер адамдар келгенде ол қашан да интрузив: көзімен ішіп-жейтін көрермен болсын, жаттығу залына кіріп келіп, Мәдинаны соққыға жығатын кейіпкер болсын, Мәдинаның өз қызының әкесі болсын, бәрі де гармонияны бұза, күш көрсете келеді...

Бұл фильм әйелдің жаны мен тәніне деген тұтынушылық көзқарас жайлаған қоғамда өмір сүруге мәжбүр әйел жайлы. Фильмнен түсінетініміз, Мәдина қызын дүниеге әкелгенімен, перзентінің әкесі өзіне тұтынушылық көзқараспен қарағанын кеш түсінген және оған көнгісі жоқ. Ал оған көңілдесім бол дейтін кәсіпкердің әрекеті де әйелді басынудың бір түрі. Осындай қиянаттар арасында ол өзін жоғалтып алмай, өзгеге де қамқор болам деп қарманады.

Көркемдік тұрғыда би мен су кейіпкердің қос "мені" секілді. Бірінші көріністен таныстырылатын Каспий Мәдинаның сырласы ғана емес, тыныс алып, буырқанып жатқан тірі жануар сияқты. Өзгелер үшін емес, өзі үшін билегенде және теңізде ғана ол еркін сезінеді. Фильмнің шарықтау сәтінде жалғыз қалып билеген сәті - Мәдинаның құстай самғаған еркіндік сәті. Би ол үшін күнкөріс қамы емес, жан дүниесінің айнасы, экспрессия құралы екенін түсінеміз. Бірақ қоғам оған жан-дүниесінің экспрессиясы үшін төлемейді, жартылай жалаңаштанып билегені үшін төлейді.

Фильмде дыбыс монтажы да шеберлікпен пайдаланылған. Мәдина қызын бассейнге апарғанда су астындағы дыбыстар оның құлағында қалады. Еріккенге ермек бола жаздаған сәті секілді жаны қысылған мезеттерде сол дыбыстар қоса өріледі. Символдық тұрғыда "Суға батып барады, батып барады" деп ойлайды көрермен, бірақ жасанды су тұтқындаса, теңіз босатады екен. Әсіресе Мәдинаның теңізде шомылатын сахнасы еркіндіктің, жеңілдіктің визуал көрінісі.

Яғни, "Мәдинаның" негізгі тақырыптарының бірі – зорлық-зомбылық туралы айта білу. Жапа шегушінің үні шығуы. Зорлықтың жазаланауы, әділдіктің орнауының ең бірінші алғышарты да оның болғанын айту.

Фильм басында Мәдинаның інісі ағылшын тілін үйреніп, ел алдында сөйлеу сабақтарына қатысады. Бұл Андрей Тарковскийдің "Айна" (1975) фильмінің басындағы жасөспірімнің "Мен сөйлей аламын" деп жар салатын көрінісін еске салады. Ел алдында сөйлей алмайтын, ынжық баланың неге ондай екенін де, неге шетелге кетуді армандайтынын да көрермен кештеу түсінеді.

Оның асүйде тұрып құсып жіберетін көрінісі де - ішінде жиналып келген жиреніш, наланың сыртқа шығуы. Қасымбек бұл фильм арқылы жапа шегушілердің қылмыс туралы айтуының өзі жарты жеңіс дегенді көрсетті.

«Мәдина» да қазақ қоғамындағы жапа шеккендердің үнсіз қалмайтын дәуірдің қарлығашы болар

Мәдинаның ең үлкен ерлігі – зорлық көрген інісі үшін кек алу сәті. Бұл полицияға бару, сотқа шағымдану сияқты құқықтық тұрғыда емес, той үстінде орын алатын, қазақтың құндылық иерархиясына сай әлеуметтік жаза, және бәлкім, заң жазасынан гөрі маңызды.

Тарковскийдің фильміндегі "Мен сөйлей аламын" бүтін буынға, қоғамға үн біткенін көрсеткені сияқты "Мәдина" да қазақ қоғамындағы жапа шеккендердің үнсіз қалмайтын дәуірдің қарлығашы болар деп сенеміз.

Малика Мұхамеджан

"Қызқарас" бастамасының негізін қалаушы Малика Мұхамеджан Мәскеудегі ВГИК-ті тәмамдаған. Бұған дейін бірнеше қысқаметражды фильм түсіріп, 2024 жылы "Қарлығаш" толықметражды дебюті Шанхай кинофестиваліне қатысқан. Диплом жұмысының тақырыбын алып, дамытқан туынды, "Қарлығаш" - бұл топтамадағы ең екіұштылау туынды. Фильм қазақ даласының пейзаждары мен асықпайтын өмір өрісін дөп басқан.

Ауыл шетінде мал бағатын отбасы: Ілияс, оның әкесі мен келіншегі Қарлығаш үшеуі тұрады. Отбасы ауылдан шалғайлау демесе тұрмысы түзу, өзара қарым-қатынастары да жаман емес. Бірақ қаладан келген Қарлығаш ауыл тұрмысынан зерігеді. Бәлкім, түсік тастап, жан дүниесі тыным таппай жүреді, әйтеуір құр сүлдері. Күндердің күні оларға ескі көлікпен саяхаттап жүрген фотограф Луи құдайы қонақ болады, Қарлығаштың да көңілі көтерілгендей.

Режиссер Малика Мұхамеджанның "Қарлығаш" фильміндегі көрініс. Скриншот.
Режиссер Малика Мұхамеджанның "Қарлығаш" фильміндегі көрініс. Скриншот.

Мұнда Қарлығаштың өміріндегі зорлық не психологиялық қысымнан бұрын оның экзистенциялық зерігуі көбірек сипатталады. Қазақ әйелі мен тұрмыстық зорлық-зомбылық егіз ұығмдар сияқты қабылданатын заманда таяқ жемей-ақ жан тыныштығын таба алмаған әйелді көрсетуі – фильмнің басты жетістігі. Алайда фильмдегі ең екіұдай ой қалдыратын дүние сюжетіндегі "құтқарушы ақ адам", еуропалық Луидің ролі.

Бұған дейін де қазақ даласына кездейсоқ келіп қазақ қызын экзотикаға балаған батыс адамы туралы фильмдер болған.

Бұған дейін де қазақ даласына кездейсоқ келіп қазақ қызын экзотикаға балаған батыс адамы туралы фильмдер болған. "Қарлығаш" осы ескіріңкіреп кеткен желіні қайта тірілткені орынсыздау көрінді.

Фильм соңында Қарлығаш өз тағдырын өз қолына алады, бірақ Луидің ауыл шетіндегі үйге техника (фотоаппарат) әкелетіні, Қарлығашқа фототаспаның өңделуін көрсетіп, "өркениетпен" таныстыратыны да әбден ескірген, интернализацияланған ориентализм болып көрінді.

Диалогтар жасандылау, Қарлығаштың да, ауыл жігіті ретінде таныстырылған Ілиястың да үні жатық емес. Ағылшынтілді актерлер әр фильмі үшін әртүрлі акцентпен сөйлеуі қалыпты жағдай болғанда орыстілді қазақ актерлердің қазақ тілінде тіл сындыра алмайтыны өкінішті.

Соған қарамастан, кейіпкерлер шынайы да терең шыққан: олардың әрқайсысының іркіп қалған ойлары мен сәттік сезімдері жүздеріндегі болмашы кірбің, әнтек жымиыс, жалт еткен көзқарас пен шалт қимыл арқылы шебер жеткізілген.

Қалай болғанда да, кейіпкерлерінің жан-дүниесін сөз емес, визуал кино тілімен көрсете алған Малика Мұхамеджан дүниені көру мен бағамдауы қызықты, әрі адамды жіті бақылайтын психолог режиссер екенін танытты. Келесі жобаларынан да тадам жанын мұқият зерттейтін жітілік күтеміз.

Әсел Аушакимова

Әсел Аушакимова – киноға банк саласынан келген талантты режиссер. Оның алғашқы фильмі Welcome to the USA (2019) грин карта ұтып алып, Қазақстаннан кетсем бе, қалсам ба деп ойланатын ЛГБТ өкілі туралы болды. Фильм шектеулі прокатқа шыққанымен, көпшілік назарына ілінбеді. Ал режиссердің екінші толықметражды жұмысы "Велошах" (2024) Нью-Йорктегі Tribeca кинофестивалінде "Үздік шетелдік фильм" жүлдесін жеңіп алды.

"Велошах" фильмі заманауи Қазақстандағы абсурдизм туралы. Бас кейіпкері "Нұр 24" арнасының тілшісі Дина (Салтанат Наурыз) – ақылды, өзіне сенімді журналист. Біраз жыл нұротаншыл жаңалықтар жүргізіп, сосын министрлікке өссем деген ойы бар, ал Алматыдағы жалдаулы пәтерде өзімен бірге тұратын сіңлісі Жанна қоғамдық белсенді. Жанна бірде бос плакат ұстап көшеге шығып ұсталады, бірде "етеккір туралы дауыстап айтайық" деп акция ұйымдастырам деп қоғам наразылығына ұшырайды.

Ал Динаның күнделікті жұмысы шынайы өмірге еш қатысы жоқ ағаш отырғызу мен қоғамдық қабылдау, кеңседе физикалық жаттығу жасауды міндеттеу мен рухани жаңғыру туралы жасанды сюжеттер. Бұл фильм нұротаншыл жаңалықтарды өндіру индустриясы, оның айналасында қаншама еңбек жатқанын көрсетеді: айдаланы тазалап, ағаш өскіндерін әкелген қаптаған жұмысшы, бұйрық беріп жүрген орынбасарлар мен "прессектер", топырлаған журналистер – қаншама адамның өмірі мақсатсыз жұмсалып жатқан қызықсыз, іш пыстырар Қазақстан.

Қазақстандықтар ойлап тапқан шахмат ойнап отырып велосипедпен жарысатын жаңа спорт "велошах" туралы, немесе "Адам Атаның жер бетіндегі алғашқы мекені Қазақстан" деген рәуішті жаңалық ашып, кітап шығаратын ғалым туралы сюжеттер жасай жүре Дина орынсыз қырындау мен харассментпен де бетпе-бет келеді. Фильм саналы түрде оқиғаны кино тілімен шиеленістіруден бас тартады. Көріністердің бәрі бірдей, асықпайтын темпте түсірілген, диалогтардың бәрі шынайы, өмірден ойып алынғандай.

Қазақстанда әйелдер туралы кино түсіру мәдениеті қалыптасып келе жатыр деуге болады.

Фильмнің соңына қарай сюжетте үлкен төңкеріс болады. Бірақ ол көрерменге шиеленіскен музыка не монтаж арқылы емес, қалыпты жағдай ретінде ұсынылады. Фильмнің ең үлкен жетістігі де – осы шешімі. Қоғамдағы әділетсіздіктің тамырын дөп басқан сахнада, құқықтық органдардың қылмысқа баратыны жексенбі күні кеңсеге шақырылып, жаттығу жасайтын жұмысшылардың мақсатсыз әрекетімен қатар, елеусіз ғана көрсетіледі. Өйткені өмірде де дәл солай, қиянат пен әділетсіздік елеусіз ғана жасалып жатыр.

Қорыта келгенде, Шәрипа Оразбаева, Айжан Қасымбек, Малика Мұхамеджан және Әсел Аушакимованың қадамдарына қарап Қазақстанда әйелдер туралы кино түсіру мәдениеті қалыптасып келе жатыр деуге болады. Кино майталмандары, ер режиссерлер әйелге көп жағдайда қосалқы кейіпкер ретінде қарап, немесе "әйел жаны мәңгі ашылмайтын жұмбақ" деген сияқты сұлу сөздермен сытылып жүрді. Бірақ әйелдің өзіне өзі туралы айтуға мүмкіндік бергенде, стереотиптен, идеализация мен идеологиядан аршылған, күрделі де бай әлемнің ашылатынын осы режиссерлер көрсете білді.

Бұл режиссерлердің "қызқарасы" ер адамдар билеген индустрияда "ақырып" болмаса да, иық тірестіре теңдік сұрайтын басқа да қыздарға жол ашатыны анық. Алайда, олардың қалың көрерменге жолы жабық тұрғаны әлі де теңдіктің күні алыс екенінің айғағындай.

Әсия Бағдәулетқызы

Кинотанушы, журналист. Лондонның Куин Мэри университетінің PhD зерттеушісі. Орталық Азияның мәдениеті мен интеллектуалдық тарихы, деколонизация және феминизм тақырыптарында қалам тербейді.

P.S. Бұл – зерттеуші Әсия Бағдәулетқызының жеке блогы. Материалдағы автордың жеке көзқарастары Азат Еуропа/ Азаттық радиосының ұстанымын білдірмейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG