Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Еуропарламент Қазақстанға қатысты қарарды қабылдады

Страсбургтегі Еуропарламент залы. Архив суреті.
Страсбургтегі Еуропарламент залы. Архив суреті.

20 қаңтарда Еуропарламент Қазақстандағы қаңтар оқиғасына қатысты қарарды қабылдады. Қарарға дауыс беру кезінде 671 депутаттың 589-ы қолдады, 35-і қарсы шығып, 47-сі қалыс қалды. Осылайша Қазақстандағы адам құқығына қатысты бұл қарар басым дауыспен мақұлданды.

Еуропарламент Қазақстанға қатысты қарарға дауыс беріп жатқанда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де "Қазақстан халықаралық міндеттемелеріне және адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы әмбебап қағидаттарға бейілдігін сақтайды. Біз саяси жаңғыруға негізделген бағытымызды ешқашан өзгертпейміз" деп жазды.

Еуропарламенттің бір топ депутаты Қазақстандағы қаңтар оқиғасы бойынша ұсынған қарары 19 қаңтарда талқыланған. Құжат авторлары Тоқаевтың қаңтардағы тәртіпсіздік кезіндегі "ескертусіз оқ ату" туралы бұйрығын, адамдардың "жосықсыз ұсталып", "азапталып жатқанын" айыптап, жауапты шенеуніктерге санкция салуды ұсынды. Депутаттар арасында оқиғаға байыппен қарап, асығыс шешім қабылдамауға шақырғандар да болды.

Қарар жобасында қаңтар оқиғасы қалай өрбігені сипатталып, 27 тармақтан тұратын мәлімдеме жасалған. Оның ішінде құқық қорғау ұйымдарды саяси себеппен қудамалау, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеу, жосықсыз ұстау мен азаптауды доғару, адам құқығына қарсы қылмыстарға жауаптыларға жеке санкция салу секілді талаптар бар.

Талқылауда сөйлеген депутат Виола фон Крамон-Таубадель (ханым) "Мемлекеттік институттарды қорғау – кез келген үкіметтің міндеті-ақ. Бірақ оны желеу етіп, күшті жосықсыз пайдалануға болмайды. [Қазақстанда] бейбіт шерушілер сөз еркіндігінен айырылып, "террорист" сөзі оңды-солды қолданылып жатыр" деген еді.

Еуропарламент депуттары Ресейдің ықпалы мол Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан әскер шақыру шешіміне де алаңдаушылық білдірді. Депутат Крамон-Таубадель мұның салдары ауыр болуы мүмкін деді. Ал Словакиядан сайланған Владимир Бильчик те интернеттің бұғатталғанын сөкті.

Еуропарламент – Еуропалық одақтың заң шығарушы органы. Оның қарарларының Қазақстанда құқықтық күші жоқ. Бірақ Еуроодақ пен Қазақстанның тығыз қарым-қатынасы тұрғысынан ондай құжаттар елеусіз қалмайды.

2 қаңтар күні Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауынан туған наразылық санаулы күнде Қазақстанның өзге аймақтарына тарап, арты тәртіпсіздікке ұласты. Билік ҰҚШҰ күштерін шақырып, ел президенті күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға рұқсат берді.

15 қаңтар күні Бас прокуратура сол күндері мәйітханаларға 225 адамның денесі жеткізілгенін, оның 19-ы полиция мен әскер қызметкерлері екенін айтты. Бірақ қаза тапқандардың аты-жөні жарияланбады. Билік қақтығысқа "сырттан ұйымдастырылған террористер" жауапты дейді, бірақ әлі күнге дейін бұл тұжырымына нақты айғақ келтірмей отыр.

Басқа да жаңалықтар

Қырғызстан және Тәжікстан басшылары шекара туралы келісімге қол қойды

Тәжікстан және Қырғызстан басшылары Эмомали Рахмон және Садыр Жапаров қол алысып тұр.
Тәжікстан және Қырғызстан басшылары Эмомали Рахмон және Садыр Жапаров қол алысып тұр.

Бішкекте Қырғызстан және Тәжікстан басшылары Садыр Жапаров пен Эмомали Рахмонов мемлекеттік шекара туралы келісімге қол қойды.

Құжатқа қол қоярдың алдында тараптар саяси, экономикалық салада екіжақты қарым-қатынасты талқылап, сонымен бірге білім, мәдениет саласындағы ынтымақтастықты сөз еткен.

Енді мемлекеттік шекара туралы келісімді екі елдің парламенті бекітуі керек. Одан кейін президенттер қол қойғаннан кейін заң күшіне енеді.

Қырғыз-тәжік шекарасының ұзындығы 1 мың 6,84 шақырым. 519,9 шақырымы 2011 жылға дейін анықталып қойған. Ал 486,94 шақырымы кейінгі үш жылда анықталған.

Шекара нақтыланбағандықтан мұнда су, жер, жол және жайылым бойынша дау болып, кикілжіңге ұласқан жағдайлар жиі болған. Ең үлкен қақтығыстар 2021 жылғы сәуір-мамыр айларында және 2022 жылғы қыркүйекте болған.

Түркістанда тамақтан уланғандар саны 57-ге жетті

Түркістан қаласында «Ямми Маки» дәмханасынан пицца, суши, чикен тағамын сатып алып, уланғандар саны 57 адамға жетті. Олардың 28-і - кәмелет жасқа толмаған балалар. Полиция қаулысымен аталған дәмхана жабылып, қылмыстық іс қозғалды.

Түркістан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, улану дерегімен 57 адам ауруханаға жеткізілген. Олардың 49-ы - Түркістан қаласының тұрғындары. Уланғандардың 28-і - 18 жасқа толмаған бала, біреуі жүкті әйел.

Ресми ақпаратқа қарағанда, уланғандардың бәрі Түркістан қаласындағы «Ямма Маки» дәмханасынан пицца, суши, чикен тағамын үйіне тапсырыспен алып, тамақтанған. Көп өтпей олардың іші өтіп, құсып, басы айналып, көзі кіртиіп, аяқ-қолы мұздап, ерні көгерген. Барлығы жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.

«Микробиологиялық зерттеуге биоматериалдар алынды» деп жазылған департамент хабарламасында.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 57 адамның 22-сі ауруханаға жатқызылғанын, қалғаны амбулаториялық ем алу үшін үйіне жіберілгенін хабарлады. Ауруханада ем алып жатқандардың бесеуі - балалар. Жан сақтау бөліміне жатқызылған үш адам жалпы бөлімге ауыстырылған.

Түркістан облыстық полиция департаменті оқиғаға байланысты «Санитария қағидалары немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бабымен (304-бап) қылмыстық іс қозғады.

Полиция мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тергеп-тексеру кезінде дәмхананың ашылуы туралы хабар берілмегені және өндірістік бақылау бағдарламасы мен кей қызметкерлердің медициналық кітапшасының жоқ екенін анықтаған. Дәмхана полиция қаулысымен жабылған деп айтылады.

Қазақстанның сегіз облысына тасқын қаупі төніп тұр

Атырау облысында уақытша жабылған "Махамбет – Индер" жолы. Мамыр, 2024 жыл.
Атырау облысында уақытша жабылған "Махамбет – Индер" жолы. Мамыр, 2024 жыл.

Наурыз бен сәуір айларында болжам бойынша, ауа райы жылынып, мол жауын-шашын түспек. Бұл тасқын қаупін зорайтып отыр. Премьер-министрдің сайтындағы мәліметке қарағанда, су тасқыны қаупі жоғары аймақтарға Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Абай және Ұлытау облыстары кіріп отыр. Бұл тұрғыда орташа қауіпті аймақтарға Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары енген.

Ресми ақпаратқа қарағанда, бейсенбі күні республикалық штабтың отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға "су тасқынына жол бермеу үшін тиісті шараларды қабылдауды, су тасқыны болуы мүмкін елді мекендерде тиісті топтар мен құралдарды әзірлеуді" тапсырған. 13 наурыздағы жағдай бойынша елдің 67% қар басып жатыр. Елдің солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және орталығында тоң әлі де қалың екені айтылады.

"Аймақтардың дайындығы жоғары деңгейде болуы керек. Әкімдіктер елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін кешенді шаралар қабылдауы тиіс. Олардың айналасын топырақ үйінділерімен бекітіп, бірінші кезекте сырттан келетін суды бөгеу керек. Су өткізу құрылыстары, көпірлер мен тюбингтер қатып қалған мұз бен қоқыстардан тазартылып, қарғын суды өткізіп жіберуге дайын болуы тиіс. Өзен арналарын тазартып, бекіту қажет. Дала өзендерінің бітелуге айналған жерлерін кеңейту керек. Су басу қаупі жоғары елді мекендерде күштер мен құралдарды, оның ішінде тиісті техниканы дайындау қажет. Эвакуация орындарын анықтаңыздар. Олар тіршілікке қажетті барлық құралдармен жабдықталуға тиіс" деді премьер-министр Олжас Бектенов жиын кезінде.

Былтыр Қазақстанда жердің тоңы жібімей жатып күрт еріген қалың қар суы мен арнасынан асқан өзен суы елді мекендерді басып, жұрт үйінен, мал-мүлкінен айырылған. 17 облыстың онын су алып, сегіз облыста төтенше жағдай жарияланған.

2024 жылы сәуірде төтенше жағдайлар министрлігі Атырау облысы Құлсары қаласында тасқыннан төрт адам опат болғанын мәлімдеген. Бұдан бөлек, Ақтөбе өңірінде еріген қар суына батып мерт болған екі баланың ажалына "тасқынның қатысы жоқ" деді жергілікті билік. Ал Абай облысында өзен тасып жатқанда төрт адам хабарсыз кетті.

БҰҰ былтыр көктемде Құлсарыда болған апаттың салдарын азайтуға болар еді деп жазған. Су тасқынынан кейін Құлсарыға жақын маңнан өтетін Жем өзенінің жоғарғы жағында бірде-бір гидропост жоқ екені белгілі болды.

Трамп Мәскеуге Киевпен келісімнен бас тартудың салдары жөнінде ескертті

Дональд Трамп
Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп егер Мәскеу Украинамен келісімге келуден бас тартса, АҚШ Ресей үшін “салдары ауыр болатын” қадамдарға баруы мүмкін.

Осы апта басында Киев атысты тоқтату туралы Американың жоспарын қолдағаннан кейін сәрсенбі күні президент Трамп Ресейге қатысты қатаң мәлімдеме жасады.

“Қаржылық тұрғыда Ресей үшін салдары ауыр болатын амал-әрекеттерді жасай аламыз, оның жойқын әсері болмақ” деді Дональд Трамп.

Бұл мәлімдемесін Трамп Ирландия премьер-министрі Михол Мартинмен кездесу кезінде айтты. “Украинамен бітім жасауға көндіру үшін Владимир Путинге қысым жасауға дайынсыз ба?” деген сұраққа “иә, біз жасай аламыз. Бірақ бұған қажеттілік болмайды деп үміттенеміз” деді.

Сейсенбі күні Сауд Арабиясының Джидда қаласында америкалық және украиналық делегациялар арасында келіссөз жүріп, Киев Мәскеумен 30 күндік атысты тоқтатуға келіскен еді.

Ақ үйдің хабарлауынша, президент Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф осы аптада ұсыныстарды талқылау үшін Мәскеуге бармақ. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың сөзінше, АҚШ Кремльдің Америка-Украина келісіміне реакциясына қарап, оның ниет-жоспарын бағаламақ.

“Егер олардың жауабы оң болса, ілгерілеушілікке қол жеткізгендігімізді білеміз және бейбітшілік орнатуға шынайы мүмкіндік пайда болады. Егер жоқ десе, олардың ниеті білінеді” деді Рубио.

Путин Украина әскерінің операциясынан бері алғаш рет Курск облысына барды

Владимир Путин
Владимир Путин

Ресей басшысы Владимир Путин Украина әскерінің операциясынан бері алғаш рет Курск облысына барды.

Курск облысындағы командалық штабтардың біріне барған ол Ресей қарулы күштері бас штабының жетекшісі Валерий Герасимов және аймақтағы әскери басшылармен жиналыс өткізді.

Айырықша белгісі жоқ әскери камуфляж киген Путиннің видеосын кремльшіл әскери арналар таратты.

Жиналыстан түсірілген видеожазбаларды қарап шыққан блогерлер оның сапасы нашар екенін атап өтеді: видео көп жерден қысқартылған, ал Герасимов пен Путиннің сөзі олардың еріндерінің қимылымен сәйкес келмейді. «Кремль мұны жариялауға асыққанға ұқсайды», - деп жазады Faridaily телеграм каналы.

Ресейлік арналардың хабарлауынша, жиналыс кезінде Герасимов украин күштерінің Курск облысына басып кіру талпынысы іске аспағанын, қазір орыс әскері украин күштері былтыр бақылауға алған облыс аумағының 86% иелік етіп отырғанын айтты.

Путин әскер алдында қысқа уақыт аралығында "қарсылас жақты жеңіп, Украинамен шекара аумағында қауіпсіздік аймағын құру міндеті тұрғанын" жеткізген. Ол Курск облысындағы әскери қимылдарға қатысқан бөлімдерге және еріктілер жасақтарына, оның ішінде шешендердің "Ахмат" жасағына алғыс білдірген.

Ол Ресей аумағындағы украин әскеріне террорист ретінде қарап, оларды тиісті баптар бойынша соттау қажеттігін атап өткен. Ол Украина жағында соғысып жатқан шетел жалдамалыларына әскери тұтқындармен қарым-қатынас туралы Женева конвенциясының қатысы жоғын айтқан.

Кейінгі күндері Ресей әскерінің Курск облысында біраз аумақты украин күштерінен қайтарғаны жөнінде ақпарат шығып жатыр. Ресейдің әскери арналары Курск облысы Суджа қаласының орталығында Ресей әскері жүргені көрінетін видео-суреттер жариялады.

Украина әскері Курск облысына шабуылды 2024 жылы тамызда бастаған. Киевтің айтуынша, Курск операциясы алдағы уақытта украин жерін қайтару бойынша алдағы келіссөздерде көмектесуі мүмкін, ол Ресей әскерінің назарын Украина шығысындағы шабуылдардан басқа жаққа бұруға итермелейді деп те айтқан.

Ресейлік арналар Суджа орталығында орыс әскерінің жүргені көрінетін видеолар жариялады

Ресейлік әскери арналар Курск облысы Суджа қаласының орталығында орыс әскері жүргені көрінетін суреттер мен видеолар жариялады. Былтыр тамыз айының ортасында бұл елді мекен Украина күштерінің қолында болған.

Видеолардың бірінде плитка төселген алаңда камуфляж киген жеті адам Ресей, әуе-десант күштері, Ресей империясы және ЧВК "Вагнердің" туларын ұстап тұрғаны көрінеді.

"Агентство" телеграм-арнасының жазуынша, мұндай бедері бар плитка Суджа әкімшілігі ғимаратының маңында бар.

Суреттің қашан түсірілгенін анықтау мүмкін емес. Суджаның қанша аумағы Ресейдің бақылауына өткені де де белгісіз. "Агентство" телеграм-арнасы Украина әскері жақын арада Курск облысынан кетуі мүмкін деп айтқан әскери сарапшы Ян Матвеевтің пікірін келтіреді.

Майдандағы жағдайды бақылап келе жатқан америкалық Соғысты зерттеу институты (ISW) және украиналық DeepState жобасының кейінгі мәліметі бойынша, Суджаның батыс бөлігі Украина әскерінің қолында. Ал қаланың шығыс бөлігі кешеден бері "сұр аймаққа" енген. Black Bird Group тобы сарапшыларының мәліметінше, Ресей әскері қаланың шамамен жартысынан астамын бақылауға алған.

Курск облысында Ресей әскерінің шабуылы жөнінде блогерлер мен ақпарат құралдары өткен жұмада хабарлаған. Сол кезде украин әскерінің қоршауда қалуы мүмкін екені айтылған. Conflict Intelligence Team зерттеу тобының өкілі "Агентство" басылымына болып жатқан оқиғаларға қарап, украин әскері Курск облысынан біртіндеп кетіп жатқан сияқты әсер қалдырады деген.

  • Украина әскері Курск облысына шабуылды 2024 жылы тамызда бастаған. Киевтің айтуынша, Курск операциясы алдағы уақытта украин жерін қайтару бойынша алдағы келіссөздерде көмектесуі мүмкін, ол Ресей әскерінің назарын Украина шығысындағы шабуылдардан басқа жаққа бұруға итермелейді деп те айтқан.

Украина Ресеймен атысты 30 күнге тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді

Киев пен Вашингтон Сауд Арабиясының Джидда қаласында тұрақты бейбітшілікті қалпына келтіру бойынша қадамдар жасады деп жазылған Украина президентінің сайтында жарияланған қорытынды мәлімдемеде. Келіссөз тоғыз сағатқа созылған.

Онда Киев Американың көмегін, оның ішінде барлау ақпараттарымен алмасуды да қайта қалпына келтіру мақсатында Ресеймен 30 күндік атысты тоқтатуға келіскені жазылған. Украина президенті Владимир Зеленский атысты тоқтату ұсынысы әуе мен теңізге ғана емес, тұтас майдан шебіне қатысты екенін айтты.

Тараптар сонымен бірге қысқа уақыт аралығында сирек металл бойынша да келісімді бекітуге келіскен.

Делегация келіссөз тобын жасақтап, Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұрақты бейбітшілікті орнату бойынша келіссөзді дереу бастауға келіскен.

"АҚШ Ресейге ұсынысқа келісу бейбітшілікке қол жеткізудің кілті екенін жеткізеді" деп жазды келіссөзден кейін Украина делегациясының басшысы және Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак X желісінде.

АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясындағы келіссөзден кейін "Ресей атысты тоқтатуға келіседі деп үміттенемін" деді. Трамп сонымен бірге Владимир Зеленскийді Ақ үйге қайта шақыруға дайын екенін жеткізді.

Трамптың сөзінше, АҚШ пен Ресей арасында Украинада атысты тоқтату бойынша келіссөз 11-12 наурызда өтеді. Бірақ келіссөз құрамы туралы президент айтпады.

АҚШ президенті осы аптада Ресей басшысы Владимир Путинмен сөйлесе ме деген сұраққа “солай үміттенемін” деп қысқа қайырды.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц кездесуден кейін Украина делегациясы кездесу кезінде соғысты аяқтау бойынша нақты қадамдар мен ұсыныстарын жеткізгенін айтты.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт өз кезегінде Америка мен Украина арасындағы келіссөз конструктивті әрі позитивті өткенін жеткізді.

Ресейдің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Мәскеу жақын арада АҚШ өкілдерімен келіссөз өткізетінін жоққа шығармады.

Түркістан облысында үш балдық жер сілкінісі болды

Қазақстандық сейсмологтар 12 наурызда сағат 6:15-те Алматының оңтүстік-шығысынан 684 шақырым – Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылынан 16 шақырым жерде жер сілкінісін тіркеді. Бұл жөнінде төтенше жағдай министрлігі хабарлады.

Жер сілкінісінің ошағы Өзбекстан аумағында орналасқан.

Түркістан облысының Абай ауылында және Сарыағаш ауданында үш балдық жер сілкінісі сезілген.

Зардап шеккендер мен үйлер бүлінгені жөнінде ақпарат түскен жоқ.

Құлсарыда тасқыннан зардап шеккендерге берілген үйлердің қабырғалары жарылып жатыр

Атырау облысы Құлсары қаласындағы суда қалған үйлер. 9 сәуір, 2024 жыл.
Атырау облысы Құлсары қаласындағы суда қалған үйлер. 9 сәуір, 2024 жыл.

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы "Болашақ" ықшам ауданында жаңа үйлердің қабырғалары жарылып жатқаны айтылды. Бұл – былтыр көктемде су тасқыны кезінде зардап шеккендерге салынған үйлер.

Үйлердің қабырғасы жарылғаны туралы тұрғындар 11 наурызда шағымдана бастады. Құлсары тұрғыны Замира Алақаева үйінің қабырғасындағы жарықшаны 8 наурызда байқаған.

– Сол күні түстен кейін мердігер компанияға хабарластым. Олар мамандар келеді дегенімен, ешкім келмеді. Тек 9 наурыз, кешкі сағат 18:00-де әкімдікке өзім барып шағым айтқан соң ғана келді, – дейді Алақаева.

Былтырғы сәуірдегі тасқында Құлсарыдағы көпқабатты үйдің бірінші қабатына су кіріп, жертөлесіне су толған. Соның салдарынан Замира Алақаеваның пәтері көктеп, иістеніп, тұруға жарамсыз болып қалған. Әкімдік оған "Болашақ" ықшам ауданынан баспана беріп, 2024 жылы күзде үйге кірген еді.

Әсел Дүсіпқалиеваның үйінде де жарықтар 8 наурызда пайда болған. Ол үйі бір күні құлап, астында қаламыз ба деп қауіптенеді. "Күн сайын бір жарық пайда болады" дейді Әсел.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақова құрылыс басқармасы "Болашақтағы" үйлердің қабырғасы жарылғанынан хабардар екенін және ықшам ауданда тексеру жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Ал облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, жағдайды зерттеу үшін арнайы мамандар жіберілген.

– Бүгін орынбасарымды жіберіп, мәселемен толық танысып шықты. Қазір мердігер мекемелер де сол жерде. Алты үйдің қабырғасынан жарық байқалды. Алдын ала қорытындыға сәйкес, негізгі себеп – қардың шамадан тыс жаууы және септиктердің толып кетуі. Қар суы тазартылмағандықтан, іргетасқа сіңіп, үйлердің шөгуіне әсер еткен. Қазіргі уақытта техникалық зерттеу жүргізіліп жатыр. Егер іргетасқа зақым келмесе, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бір апта ішінде қорытынды шығарып, жөндеуді бастаймыз, – деді ол 11 наурызда.

Жарықтар пайда болған үйлерді "Армандастар-Атырау" (бір үй) "Қазкомсервис" (бір үй), "АBC-Лимитед" (төрт үй) компаниялары салғаны айтылды.

- Осы үш компанияға қазір өз қаражаты есебінен үйлерді қалыпқа келтіру және техникалық зерттеу жүргізу туралы хат жолдап жатырмыз. Жөндеу қажет болса, кепілдік мерзімі бойынша жүзеге асыру туралы да хатқа жазып отырмыз, - дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысы Құсайынов.

  • Атырау облысының Құлсары қаласы - былтыр су тасқыны кезінде қатты зардап шеккен өңірлердің бірі. 5 сәуірде қаланы су басып, үш мыңға жуық үйге залал келген. Су тасқынынан кейін баспанасыз қалған тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі туындады. Әкімдік әр шаршы метрге 200-240 мың теңге көлемінде өтемақы төлеуді ұсынса, тұрғындар бұл соманы аз санап, 400 мың теңгеге дейін көтеруді талап етті.
  • Бұған дейін "Қазақстан халқына" қорының баспасөз қызметі Құлсары қаласында 80 үйдің құрылысына 2 млрд 640 млн теңге бөлінгенін мәлімдеген. Мұнда бір үйді салуға 31 млн 975 мың теңге болатыны айтылған.
  • Тасқыннан кейін "Болашақ" ықшам ауданында 100 үй салынды. Әр үйдің ауданы – 100 шаршы метр.

Сауд Арабиясында Украина – АҚШ келіссөзі басталды

Келісөзге қатысушы АҚШ пен Украина делегациялары. Жидда, Сауд Арабиясы, 11 наурыз, 2025 жыл.
Келісөзге қатысушы АҚШ пен Украина делегациялары. Жидда, Сауд Арабиясы, 11 наурыз, 2025 жыл.

Сауд Арабиясының Жидда қаласында Украина мен АҚШ делегацияларының арасында келіссөз басталды, деп хабарлады Украина сыртқы істер министрлігі.

"Украина мүдделерін қорғау, соғысты аяқтау жөніндегі нақты көзқарас, америкалық серіктестерімізбен тиімді жұмыс істейміз", – деп жазды Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак кездесу алдында.

Жиддадағы келіссөзге Ермакпен бірге Украина делегациясы құрамында сыртқы істер министрі Андрей Сибига, қорғаныс министрі Рустем Умеров және Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Павел Палиса қатысып жатыр.

Украина президенті Владимир Зеленский дүйсенбіде Жиддаға Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман ханзадамен кездесуге барған, бірақ Зеленский келіссөзге қатыспайды.

АҚШ делегациясы құрамында мемлекеттік хатшы Марко Рубио, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц және Трамптың Батыс Азиядағы арнайы елшісі Стив Уиткофф бар.

"Біз Украинаның ұстанымын түсініп, олар қандай мәмілеге бара алатынын білуіміз керек, себебі екі тарап та келісімге келмей, атысты тоқтатып, соғысты аяқтау мүмкін емес", – деп мәлімдеді Рубио дүйсенбі күні Жиддаға бара жатқан жолда журналистерге.

Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, Уиткофф осы аптада Ресейге барып, президент Владимир Путинмен кездесуді жоспарлап отыр. Ресей мен АҚШ өкілдері Уиткоффтың Мәскеуге сапармен баруы мүмкін екені жөнінде ештеңе айтпаған.

• 10 наурызда Financial Times газеті дереккөздеріне сүйеніп, АҚШ өкілдерімен келіссөзде Украина делегациясы Ресеймен атысты ішінара тоқтату туралы ұсыныс жасамақшы деп хабарлады. Нақтырақ айтқанда, дрондар мен ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандарды қолдануды және Қара теңіздегі әскери операциялар жүргізуді тоқтатуды ұсынады деген болжам бар. Украина тарапы АҚШ-пен келіссөздегі ілгерілеу Вашингтонды барлау деректерін бөлісуді мен әскери көмек жеткізуді тоқтата тұру жөніндегі шешімін қайта қарауға көндірер деп үміттенеді.

• Reuters дереккөздерінің айтуынша, АҚШ делегациясы бұл кездесуді сондай-ақ, Украина соғысты аяқтау үшін Ресейдің талаптарына көнуге қаншалық дайын екенін анықтауға пайдалануды жоспарлап отыр.

Путин "Ресей шегінбейді" деді. АҚШ пен Украина өкілдері Сауд Арабиясында кездеспек
please wait

No media source currently available

0:00 0:13:44 0:00

Алматыда 10 күн қамауда болған Feminita белсендісі Жанар Секербаева бостандыққа шықты

Жанар Секербаева
Жанар Секербаева

Әйел құқын қорғайтын Feminita ұйымының негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаева 10 күн әкімшілік қамау жазасын өтеп болғаннан кейін бостандыққа шықты. Алматының әкімшілік соты 8 наурыздың қарсаңында Секербаеваны "Бейбіт жиналыстар туралы" заңды бұзғаны үшін кінәлі деп танып, 10 күнге қамауға алған еді.

10 наурызда бостандыққа шыққан соң Азаттыққа берген пікірінде Секербаева бұл әкімшілік қамауды әйелдер мен ЛГБТК+ құқықтарын қорғаушыларға жасалған қысым деп бағалайтынын айтты.

"Ол жердегі (арнайы қабылдау орны) жағдай демалыс орны деуге келмейді, әрине, бірақ менімен көрші қыздардың, сондай-ақ маған және Ақторғынға кітаптар мен азық-түлік жеткізіп берген әпке-сіңлілерімнің арқасында жаман болған жоқ. 10 күн ішінде 7 кітап оқып тастадым. [Бостандыққа] шыққан соң арнайы қабылдау орнының көлігі біздің соңымыздан ілесіп, кафеге дейін апарды, сол жерде достарымызбен кофе ішіп отырдық. ҰҚК үнемі қыр соңымыздан бақылап жүреді. Менің түсінуімше, олар мұны қылмыстың алдын алатын профилактикалық маңызды мемлекеттік жұмыс деп ойлайтын болса керек... Өзім белсенділігімді жалғастырамын. Осылайша құқымды өрескел бұзса да мені тоқтата алмайды. Махаббат және әділ Қазақстанда өмір сүруге деген ұмтылыс – ол менің жүрегімде", – деді Жанар Секербаева.

28 ақпанда жаттығудан шыққан Жанар Секербаеваны полиция ұстап, Алматы қаласының әкімшілік соты Секербаеваны 2024 жылдың мамырында биліктің келісімінсіз шеруге қатысқаны үшін 10 күнге қамау туралы шешім шығарған. Сотқа ілік болған акцияға Секербаева пікірлестерімен бірге шығып, экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Салтанат Нүкенованы өлтірген қылмысы үшін 24 жыл түрме жазасын берген сот үкіміне наразылық білдірген.

"Мамыр айында өткізілген шарада біз әйелдерге зорлық-зомбылық жасаған қылмыстар үшін қатал жаза болуын талап еттік. Сол кезде Салтанат Нүкенова осындай қылмыстардың бір мысалы ғана болды", – деді Жанар Секербаева 10 күн қамауда отырып шыққан соң.

Дәл сол акцияға қатысқаны үшін биыл 3 наурызда феминист белсенді Ақторғын Ақкенжебаласы да 10 күнге қамауға алынды. Ол 13 наурызда бостандыққа шығуға тиіс. Екеуі де биылғы 8 наурыз, Халықаралық әйелдер күнін қамауда отырып өткізді.

Ақпан айында Жанар Секербаева мен Feminita ұйымының негізін қалаған тағы бір белсенді Гүлзада Сержанға сот 790 доллар көлемінде айыппұл салды. Оларға "құқықтық негізде тіркелмеген қоғамдық ұйымды басқарды" деген айып тағылған еді. Екі белсенді Feminita Алматыда өткізбек болған іс-шараның біреулер тағы да шырқын бұзғанын хабарлаған соң жазаға тартылды. Feminita өкілдерінің айтуынша, Rahym қорынан келген әйелдер шара өтіп жатқан қонақүйге басып кіріп, есікті бұзып ашуға тырысқан. Feminita мен қонақүй өкілдері шабуылдағандардың, соның ішінде мүлікті бүлдіргендердің үстінен арыз жазған. Бірақ ол оқиғаға байланысты кім жауапқа тартылғаны белгісіз, ондай ақпарат жоқ.

Қазақстан Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы мұнай экспортын арттырмақ

Былтыр Қазақстанның Ақтау портынан Әзербайжанға, одан ары қарай Грузия мен Түркияға тасымалданатын мұнай көлемі ұлғайған, бірақ Каспий құбыр желісімен жөнелтілетін мұнай көлемі одан әлдеқайда көп.
Былтыр Қазақстанның Ақтау портынан Әзербайжанға, одан ары қарай Грузия мен Түркияға тасымалданатын мұнай көлемі ұлғайған, бірақ Каспий құбыр желісімен жөнелтілетін мұнай көлемі одан әлдеқайда көп.

Қазақстан өз мұнайын Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы экспорттауды арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанада Әзербайжанның сыртқы істер министрі Жейхун Байрамовпен келіссөз өткізгеннен кейін мәлімдеді.

"Біз Қазақстанның энергетикалық ресурстарын Әзербайжан арқылы әлемдік нарыққа жеткізу бойынша өз келісімдерімізді сәтті жүзеге асырып жатырмыз. Былтыр Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы 1,4 миллион тонна мұнай экспортталды. Алдағы уақытта Қазақстан мұнайының транзит көлемін жылына 2,2 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр", – деген Нұртілеудің сөзін келтірген жергілікті БАҚ.

Ресей Украинада соғыс бастағалы бері Қазақстан билігі Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры туралы жиі айтатын болған. 2023 жылдың сәуір айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға сапар шегіп, Ресейді айналып өтетін Транскаспий көлік маршрутын дамыту туралы келісім жасады. Астана Орта дәлізге зор үміт артып, бұл бағыттағы экспортты жылына 20 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Кейінгі уақытта осы бағытта тасымал көлемі артқанымен, әлі де болса Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы өтетін көлеммен салыстырғанда әлдеқайда аз. Былтыр Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры Қазақстаннан 1,5 миллион тонна мұнай қабылдады. Сол уақытта үкімет жоспарында мұнай тасымалын жылына 20 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отырғаны айтылғанымен, нақты мерзімі аталған жоқ.

Жақында Ресейдің Краснодар өлкесіндегі КҚК-ның "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына жасалған шабуылдан кейін мамандар Әзербайжан, Грузия және Түркияның Жейхан айлағы арқылы өтетін баламалы мұнай құбырын дамыту қажеттілігі туралы қайтадан сөз қозғады.

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Батыс Қазақстандағы кеніштерде өндірілген мұнайды Астрахань, Қалмақия және Краснодар өлкесі арқылы Новороссийск маңындағы Оңтүстік Озереевка терминалына тасымалдайды. Сол жерде танкерлерге тиелген мұнай әлемдік нарыққа шығарылады. Осы бағытпен Қазақстанның экспортқа шығатын мұнайының үштен екісінен көбі, сондай-ақ Каспийдегі Ресей кен орындарынан алынған шикізат тасымалданады. 2024 жылы КҚК 63 миллион тонна мұнай тасымалдады (оның 53 миллионы Қазақстаннан). Осы мұнай көлемінің үштен екісі Еуропа мен АҚШ-қа жөнелтілді.

Қазақстандық сарапшылар үкіметті Ресейге тәуелді болуды азайтуға шақырып, аймақта жанжалдар күшейе қалған жағдайда ондай тәуелділіктің зор қауіп-қатер тудыратынын ескерткен.

Үкімет зерттеуі: уақыт белдеуінің ауысуы Қазақстан халқына кері әсер етпеген

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласы. 9 желтоқсан, 2024 жыл.
Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласы. 9 желтоқсан, 2024 жыл.

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елде бірыңғай уақыт белдеуіне көшу халық денсаулығына кері әсер етпеген деп мәлімдеді. Бұл жайында үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрдің сөзінше, медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология салаларындағы мамандардың, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының және өзге мүдделі тұлғалардың қатысуымен бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына, энергия тұтыну және еңбек өнімділігіне әсерін тексеретін зерттеу жүргізілген. Халықтың жас шамасына қарай бөлінген топтарын және қала мен ауыл тұрғындарын қамтитын талдау жасалған.

"Еңбек қызметі бойынша орындалған жұмыс көлемі, кешігу мен қателіктер саны, жарақаттар мен тәртіп бұзушылықтар саны қарастырылды. Оның қорытындысы біртұтас уақыт белдеуіне көшу халықтың өмір сүру көрсеткіштеріне теріс әсерін тигізбегенін көрсетеді", – деді Арман Шаққалиев.

Министрдің айтуынша, кешенді тәсіл қолданылған жұмыс барысы деректерді зерттеуді, сауалнамалардың нәтижелерін және біртұтас уақыт белдеуіне көшуге дейінгі және одан кейінгі көрсеткіштерді салыстыруды қамтыған. Зерттеу қорытындысы ашық дерек көздерде жарияланғаны туралы ақпарат жоқ.

2024 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстан аумағында UTC+5 біртұтас уақыт белдеуі енгізілген. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 12 облыс (батыс өңірдегі төрт облыстан басқа) уақытты бір сағат артқа жылжытты. Шенеуніктер бұл өзгеріс ондаған жылдар бойы "уақыт жылжытқаннан" бұзылған адам ағзасының биологиялық ритмін қалпына келтіру мақсатында, оған қоса бизнес процестерін жақсарту және тасымалдауды үйлестіруді жеңілдету үшін жасалды деп түсіндірді.

Қазақстанның шығысында бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге жұрт наразы болды. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жазда таңғы екіден кейін жарық түсетінін, қыс мезгілінде сағат 15.00-де қас қарая бастайтынын айтып шағынды. Бұған қоса қазақстандықтар электр энергиясын тұтыну бұрынғыдан артқанын, кейбіреулер тез шаршап, өзін әлсіз сезінетінін айтты.

Қазақстандықтар уақытты қайтадан бұрынғы қалпына келтіру туралы петицияға қол жинауды бастаған. Оны қостағандар көбейіп, петицияны үкімет қарауына қажет 50 мың қол тез арада жиналған. Алайда үкімет петиция авторларының талабын қабылдамады.

Үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне көшу шешімі күшінде қалатынын мәлімдеп, бұл шешім ғылыми зерттеулерге негізделгенін айтты, бірақ ол нақты қандай зерттеулердің негізінде қабылданғанын түсіндірген жоқ.

2025 жылы қыста Шығыс Қазақстан облысының кейбір аудандарында мемлекеттік мекемелер жұмысты бұрынғыдан бір сағат ерте бастауға көшті.

Нөкісте Қазақстан мен Ресейден депортацияланған қарақалпақ белсенділерінің соты басталды

Қарақалпақ белсендісі Жеткербай Әбдіраманов
Қарақалпақ белсендісі Жеткербай Әбдіраманов

Нөкіс қалалық соты 2024 жылдың желтоқсан айында Қазақстан мен Ресейден оралған екі қарақалпақ белсендісіне қатысты қылмыстық істерді қарауды бастады. Бұл туралы Түркіменстанның адам құқы жөніндегі Хельсинки қоры хабарлады. Билік "өз еркімен оралды" деп хабарлаған белсенділерді қамауға алып, Нөкістегі тергеу изоляторына отырғызған еді.

Қордың ақпаратына сәйкес, 7 наурызда Жеткербай Әбдірамановтың ісі бойынша сот тыңдауы басталған. Оған "конституциялық құрылысты өзгертуге жария түрде шақыру", "қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін материалдарды интернет арқылы тарату" және "тыйым салынған ұйымдарға қатысу" деген айыптар тағылған.

Әбдіраманов 2022 жылдың маусым айында Өзбекстан Конституциясына Қарақалпақстан Республикасының егемендік мәртебесін жоюды көздейтін өзгерістер енгізуге қарсы Алматыда қол жинап жүрген кезде Өзбекстанның қауіпсіздік қызметінің назарына ілінген еді.

2023 жылдың қаңтар айында Қазақстаннан депортацияланған соң ол бірнеше елден баспана сұраған. Түркияда заңсыз болған Әбдіраманов Еуропаға қоныс аудару жолын іздеген. 2024 жылдың желтоқсан айында Мәскеуге келгенде оны бірден ұстаған. Өзбекстанда оның үстінен іс қозғалып, іздеу жарияланғанын сол кезде бір-ақ білген. Мәскеу прокуратурасы Өзбекстан билігінен белсендіге қатысты қосымша мәлімет сұратқан, ондай мәлімет келмеген соң Әбдірамановты босатқан. Ол Мурманск арқылы Норвегияға өтуге талпынған, бірақ Ресей қауіпсіздік күштері оны ұстап, Мәскеуге жеткізген. 27 желтоқсанда Өзбекстанның арнаулы қызметінің өкілдері Мәскеуге барып, Әбдірамановты елге алып қайтқан. 2025 жылдың қаңтар айының аяғында оны Ташкенттен Нөкіске жеткізіп, тергеу абақтысына қамаған.

Түркіменстанның Хельсинки қорының хабарлауынша, Әбдірамановқа тағылған айыптар бастапқы айыптармен салыстырғанда кеңейтілген. Жеткербай Әбдіраманов – "тыйым салынған ұйымдарға қатысу" бабымен айып тағылған екінші қарақалпақ белсендісі. Құқық қорғаушылар билік оған "Алға Қарақалпақстан" ұйымына қатысқан деген айып тағады деп топшылайды. 2024 жылы Өзбекстан бұл ұйымға тыйым салды, бірақ ресми шешім әлі күнге дейін көпшілікке жарияланған жоқ. Құқық қорғаушылар жарияланбаған тыйымға сүйенген қылмыстық қудалауды – қылмыстық құқық ережесін өрескел бұзу деп атайды.

10 наурызда Нөкіс қалалық соты Ринат Утамбетовтың ісін қарай бастады. Оған "конституциялық органдардың заңды қызметіне кедергі келтіруге бағытталған күш қолдану" және "қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін материалдарды алдын ала келісіп, интернет арқылы тарату" деген баптар бойынша айып тағылған.

2024 жылдың сәуір айында Утамбетов Қазақстанда ұсталған, себебі Өзбекстан оған іздеу жариялапты. Желтоқсан айына дейін Алматының тергеу изоляторында қамауда отырғаннан кейін ол Өзбекстанға оралуды ұйғарған, Қазақстан оны Өзбекстанға берген. Құқық қорғаушылардың ақпараты бойынша, Утамбетов қарақалпақ оппозициялық ұйымдарына қатыспаған, оның үстінен қозғалған қылмыстық іске Қарақалпақстандағы Нөкіс ауданы Шортанбай ауылнда тұратын 10 адам жазылған жабық Telegram-топта "тыйым салынған үш видеоматериал" жарияланғаны себеп болған. Белсендінің сыныптасы Рахим Пірназаров 2023 жылдың тамыз айында дәл сол іс бойынша 4 жылға бостандығын шектеу жазасын алған.

Ташкентте Ринат Утамбетовты тергеу изоляторына қамаған, ал 2025 жылдың қаңтар айының аяғында оны Нөкіске жөнелткен.

Қор сондай-ақ, Өзбекстан Жоғарғы сотының сайтында жарияланған ақпаратқа сүйеніп, белсендіге қатаң айыптар тағылғанын хабарлады.

Тағы бір қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратбай (Мұратов) Алматыда бір жыл қамауда отырғаннан кейін 2025 жылдың ақпан айында бостандыққа шықты. Мұратбай 2024 жылдың 15 ақпанында Алматыда Ташкенттің сұрауы бойынша ұсталған. Оған "жаппай тәртіпсіздіктерге шақыру" және "қоғамдық қауіпсіздікке және тәртіпке қауіп төндіретін материалдарды тарату немесе көрсету" баптары бойынша айыптар тағылды.

Қарақалпақтардың құқықтарын қорғаушы ретінде танылған Ақылбек Мұратбай бұл айыптарды жоққа шығарады, оның жақтаушылар бұл қудалаудың саяси астары бар деп мәлімдеген.

Ресейге 300-ден аса дрон шабуылдап, Мәскеу өңірінде бір адам қаза тапты

Ресей астанасына жасалған дрон шабуылының салдары. 11 наурыз, 2025 жыл.
Ресей астанасына жасалған дрон шабуылының салдары. 11 наурыз, 2025 жыл.

11 наурызда ондаған дрон Мәскеу мен Мәскеу облысына шабуыл жасап, тұрғын үйлерге зиян келтірген, бір адам қаза тауып, тағы 14 адам жараланған, деп мәлімдеді Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьёв. Оның айтуынша, ең көп зардап шеккендер мен ең үлкен залал үш муниципалитетте тіркелген.

Ленинск қалалық округінде дрон жарықшақтарынан алты адам (арасында төрт жасар бала бар) зардап шеккен. Домодедовода 38 жастағы ер адам қаза тауып, тағы үш адам жараланып, ауруханаға жеткізілген. Раменскіде бес адам медициналық көмекке жүгінген. Воробьёвтың айтуынша, олардың денесіне жарақат түспеген, тек стресс алғаны байқалған.

"Новости" агенттігі Домодедовода қаза тапқан адам мен зардап шеккен тағы екі кісі "Мираторг" компаниясының жұмысшылары екен деп хабарлады. Округ әкімдігі дүйсенбі күні таңертең "Мираторг" компаниясының автотұрағы дрон шабуылы салдарынан өртенгенін хабарлады.

Воробьёв дрон қалдықтары Раменскіде көпқабатты тұрғын үйге құлап, кемінде жеті пәтерге зиян келтіргенін айтты.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин телеграм-каналында әуе шабуылынан қорғану күштері Мәскеуге ұшып бара жатқан 70-ке жуық украиналық дронды жойған деп жазды. Ол сондай-ақ Домодедов көшесіндегі көпқабатты үйдің шатырына дрон қалдықтары түскенін растады.

11 наурыз таңертең Раменск, Серпухов, Кашира, Коломна, Воскресенск және Домодедово тұрғындары жарылыс болғанын хабарлады, деп жазды ASTRA басылымы. Қала мэрі Собянин бірнеше ауданда дрон қалдықтары құлағанын растады. Кейінірек Воробьёв Зарайск, Серебряные пруды, Воскресенск, Луховицы, Бронницы, Ленинск, Подольск, Электросталь және Котельниково сияқты елді мекендерден дрондар туралы хабарлар түскенін айтты.

Мәскеу мен Мәскеу облысында тұратын жұрт тұрғын үйлерге түскен дрондар туралы фото мен видеолар жариялады. Раменскідегі көпқабатты тұрғын үйге дрон құлап, жоғарғы қабатында өрт шыққан.

Раменскіде дрон шабуылынан кейін екі қабатты тұрғын үй өртенгенін ASTRA хабарлады. Бұған қоса Видный қаласындағы көпқабатты үйлерге зиян келгені туралы ақпарат тарады.

Мәскеу маңында болған жарылыстар туралы видеоларды украиналық телеграм-каналдар да көп жариялап жатыр.

Жуковский мен Домодедово әуежайлары дрон шабуылынан кейін жұмысын тоқтатты, деп хабарлады Росавиация мекемесі. Кейін Внуково әуежайы да рейстер қабылдамайды және ұшырмайды деген ақпарат тарады.

"Мәскеу темір жолы" компаниясының өкілдері Домодедово станциясында теміржол инфрақұрылымы зақымданды деп хабарлады.

Мәскеуден бөлек, Рязань қаласының тұрғындары да дрон шабуылы жайлы хабарлады. Онда "Дягилево" әскери аэродромына шабуыл жасалды деп айтылды. Рязань облысының губернаторы Павел Малков өз телеграм-каналында әуе шабуылына қарсы күштер дрон шабуылын тойтарғанын жазып, ешкім зардап шеккен жоқ, тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандары да бүлінбеді деп хабарлады.

Липецк облысында М-4 трассасына дрон құлап, салдарынан Владимир қаласының тұрғыны жараланған, бірнеше көлік зақымданған. Бұл туралы облыс губернаторы Игорь Артамонов мәлімдеді.

Ресей қорғаныс министрлігінің есебі бойынша, өткен түні Ресей аумағында 337 дрон атып түсірілген: 91 – Мәскеу облысында, 126 – Курск облысында, 38 – Брянск облысында, 25 – Белгород облысында, 22 – Рязань облысында, 10 – Калуга облысында. Сондай-ақ Липецк, Орел, Воронеж және Нижегород облыстарында 1-ден 8-ге дейін дронды қағып түсірген.

Бұл Украина тарапынан Мәскеу мен Ресейге жасалған ең ірі дрон шабуылы, деп хабарлады "Агентство" басылымы.

Филиппиннің экс-президенті Родриго Дутерте халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) пәрменімен ұсталды

Филиппин президенті Родриго Дутерте (ортада) мен құрметті қарауыл. Манила, 6 қазан, 2017 жыл.
Филиппин президенті Родриго Дутерте (ортада) мен құрметті қарауыл. Манила, 6 қазан, 2017 жыл.

Филиппин елінің бұрынғы президенті Родриго Дутерте адамзатқа қарсы қылмыстарға байланысты қозғалған іс бойынша ұсталды. Мұндай ақпаратты ресми құжаттарға сүйеніп Manila Bulletin басылымы жариялады.

11 наурыз күні таңертең Гонконгтен ұшып келген Дуарте Манила әуежайында Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) қаулысы бойынша ұсталды, деп хабарлады Филиппин президентінің кеңсесі. Қаулының көшірмесі Интерполдың Маниладағы бөлімшесіне түскен.

ХҚС 79 жастағы Родриго Дутерте мен басқа да бірқатар тұлғаға қатысты істі тексеріп жатыр. Олар есірткі саудасына қарсы күресті желеу етіп адамдарды сотсыз-тергеусіз атып өлтіруге және басқадай құқық бұзу іс-әрекеттеріне қатысқан деген күдікке ілінген.

Филиппиндік құқық қорғаушылар Родриго Дуарте елде сотсыз-тергеусіз атып өлтірілген алты мыңнан астам адамның өліміне кінәлі деп есептейді. Дуарте есірткі саудагерлері мен есірткіге тәуелді адамдарды жазалауға ашық түрде шақырып, тіпті үш есірткі сатушыны өз қолымен өлтіргенін айтқан.

Родриго Дутерте 2016 жылдан бастап 2022 жылға дейін Филиппин президенті болып қызмет атқарды. Қазір оның қызы Сара Дутерте-Карпио вице-президент қызметінде отыр, ақпан айында оған импичмент жарияланған. Елдің қазіргі президенті – кіші Фердинанд Маркос. Сайлаудан кейін Сара Дутерте Карпио екеуі саяси көзқарасына байланысты бір-бірінен алшақтаған.

Родриго Дутерте президент болып тұрған кезде Филиппин халықаралық қылмыстық сотты құрған Рим статутынан шығып кеткен еді.

Германияда әуежайлар ереуілдеп, үш мыңнан астам рейс бөгелді

Франкфурт әуежайының қызметкерлері ереуілдеп тұр. Германия, 10 наурыз, 2025 жыл.
Франкфурт әуежайының қызметкерлері ереуілдеп тұр. Германия, 10 наурыз, 2025 жыл.

Дүйсенбі, 10 наурыз күні Германияның 13 ірі әуежайында жерде қызмет көрсететін, мемлекеттік сектор тарифтері бойынша еңбекақы алатын жұмысшылар бір күнге жұмысын тоқтатты. Қызмет көрсету саласы жұмысшыларының Ver.di кәсіподағы ұйымдастырған ереуіл былтырғы жылдың басында басталған, бұл соның бір кезеңі.

Кәсіподақ жалақыны 8 пайыз немесе айына кемінде 350 еуроға арттыруды, оған қоса түнгі мезгілде, демалыс және мереке күндері жұмыс істегені үшін жоғарырақ өтемақы төлеуді, тәжірибеден өтушілер мен оқушыларге айына 200 еуро артық төлем жасауды талап етіп отыр. Сонымен қатар, ай сайын қосымша үш демалыс берлсін дейді кәсіподақ.

Ереуіл салдарынан 3500-ден астам ұшақ рейсі тоқтатылып, шамамен 560 мың жолаушы жолдан қалды. Берлин, Мюнхен, Штутгарт, Кельн, Франкфурт, Дюссельдорф, Дортмунд, Ганновер, Бремен, Гамбург, Лейпциг, Карлсруэ және Дюссельдорф-Веце әуежайларында ұшақтардың келіп-кетуі тоқтатылды. Кейінгі аталған екі әуежайда тек авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері ереуілге қосылды.

Әуе көлігі саласының өкілдері Ver.di кәсіподақ ұйымын "ереуіл жасау құқығын асыра пайдаланды" деп айыптап жатқанын хабарлады rbb медиакомпаниясы. Германияның авиациялық өнеркәсіп федерациясының президенті Йенс Бишоф, аса маңызды инфрақұрылым нысандарында ереуілге дейін міндетті арбитраж болуын қарастыратын заң қабылдауды ұсынды. Осы федерацияның атқарушы директоры Йоахим Ланг кәсіподаққа ереуілдер салдарынан әуежайлар ғана емес, оған қоса әуекомпаниялары, әуежайлардағы мейрамханалар, дүкендер мен қонақүйлер қызметкерлері де табысынан айырылатынын ескертті.

Ver.di кәсіподақ ұйымы егер қойған талаптары орындалмаса, онда Германияда жаңа ереуілдер болады және көлік саласында ғана емес, басқа салаларда да ереуілдерге ұласады деп мәлімдеді. Қазіргі кезде Германияның кейбір қалаларында балабақша, медициналық мекемелер мен қоқыс тазарту қызметкерлері бір мезгілде ереуілдеп жатыр.

Сирия билігі Асад жақтастарына қарсы операция аяқталды деп хабарлады

Латакияда көшені бақылап тұрған қарулы сарбаз. Сирия, 10 наурыз, 2025 жыл.
Латакияда көшені бақылап тұрған қарулы сарбаз. Сирия, 10 наурыз, 2025 жыл.

Бұған дейін Батыс елдері Сирия үкіметіне елдегі азшылық өкілдері – алавиттерді жаппай өлтіруге қатысы барларды жауапқа тартуды талап еткен. Биліктен тайдырылған Башар Асад та осы алавиттерден шыққан.

Сирияның қазіргі билігі бұрынғы президент Башар Асадтың жақтастарына қарсы жүргізілген әскери операция аяқталғанын мәлімдеді деп хабарлады Reuters агенттігі.

Лондонда орналасқан Сириядағы адам құқықтарын қорғау орталығының дерегі бойынша, 9 наурызға дейін шамамен мыңға жуық бейбіт тұрғын өлген: Асадпен байланысы бар қарулы топтардан 250-ден астам сарбаз және жаңа билікті қолдайтын күштерден 230-дан астам қауіпсіздік қызметкері қаза тапқан.

Сирияның қорғаныс министрлігі арнайы қызметтер Латакия мен Тартус провинцияларында Асад режимі қалдықтарының көзін жойды деп хабарлады.

Сирияның қазіргі басшысы, биыл ақпанда осы елде билікке келген, АҚШ, Еуропа Одағы, Ресей және басқа бірнеше елде террористік ұйым деп танылған "Хайят Тахрир әш-Шам" тобының жетекшісі Ахмед әш-Шараа Reuters агенттігіне берген сұхбатында алавиттердің өліміне Асадтың жақтастары мен әлдебір шет мемлекетті айыптаған.

Әш-Шараа Сирияда болып жатқан оқиғаларды елдің бірлігіне қатер төндіру деп атап, кінәлілерді (арасында өзінің одақтастары да бар) жазалауға уәде берді. Сирия басшысы АҚШ-ты Асад режиміне қарсы енгізілген санкцияларды алып тастауға тағы да шақырды. Әш-Шарааның айтуынша, бұл шектеулердің кесірінен ел өз қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды.

Бұған қоса, Сирия басшысы Ресеймен Тартус әскери-теңіз базасы мен Латакиядағы Хмеймим әуе базасы бойынша жаңа шарттар қарастыратын келіссөз жүргізіп жатқанын растады.

Әш-Шараа сондай-ақ Сириядағы азамат соғысы кезінде АҚШ бастаған халықаралық коалиция жағында Асад режиміне қарсы күрескен сириялық күрдтермен арадағы келіспеушілікті шешуге ниетті екенін мәлімдеді.

Кейінірек хабарланғандай, "Сирия демократиялық күштерінің" басшысы Мазлум Әбди мен әш-Шараа келісімге қол қойған, онда күрд жасақтарын Сирияның әскери және азаматтық институттарына интеграциялау қарастырылған.

Сирияны ұзақ уақыт билеп-төстеген Башар Асадтың режимі былтыр желтоқсанда құлағаннан кейін, елде билік басына "Хайят Тахрир әш-Шам" тобы келді. Башар Асад отбасымен бірге Ресейге қашып кетіп, сол елден баспана алды.

АҚШ үкіметі USAID бағдарламаларының 83 пайызын қысқартты

АҚШ үкіметі осы елдің халықаралық даму агенттігінің (USAID) бағдарламаларының 83 пайызын қысқартты. Мұны АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Twitter парақшасында жазды.

Оның айтуынша, жалпы құны ондаған миллиард долларға тең 5200 келісімшарт қысқартылған.

"[Олар] АҚШ-тың негізгі ұлттық мүдделеріне қызмет етпеді (кейбір жағдайда тіпті зиян келтірген)", – деп хабарлады Рубио.

Қысқартудан кейін қалған бір мыңдай бағдарлама АҚШ мемлекеттік департаментінің бақылауына беріледі.

АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) – 1961 жылы Конгресс құрған тәуелсіз америкалық үкіметтік агенттік. Ол АҚШ үкіметінің халықаралық көмек көрсететін негізгі бөлімшесі саналады. Конгресс жыл сайын осы агенттікке әлемнің ең кедей елдеріндегі бағдарламаларды қаржыландыру үшін ондаған миллиард доллар бөліп келген.

Биыл ақпан айының басында АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі мемлекеттік шығындарды қысқартуды көздейтін шаралар аясында АҚШ халықаралық даму агенттігін (USAID) жабуға бағытталған өзгерістер жасамақ деген ақпарат тараған. Халықаралық гуманитарлық ұйымдар ондай іс-әрекеттердің салдары апатты жағдайға апарып соғуы мүмкін деп ескертті.

Ақпанның аяғында USAID реформасының бірінші кезеңінде 4100-ден астам грант қысқартылып, соның арқасында 4,4 миллиард доллар үнемделді деп хабарлады АҚШ мемлекеттік департаменті.

Мемлекеттік департамент жиынтығы 15,9 миллиард доллардан көп, барлығы тоғыз мыңнан астам шетелдік көмек көрсету гранттарының бағамын 15 күн ішінде есептеп шығарған.

Азық-түліктен көмек көрсету, адамның имун жетіспеушілігі вирусы дерті мен туберкулезді емдеу, безгекке қарсы дәрі-дәрмек жеткізу бағдарламаларын қаржыландыру қысқартудан аман екені белгілі болып отыр. Бұған қоса Ливан, Гаити, Венесуэла, Куба және басқа да АҚШ гранттарына аса мұқтаж елдерге көмек көрсету бағдарламалары күшінде қалған.

90 күндік тексеру барысында, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио басқаратын комиссия төтенше көмек беруге қарастырылғаннан басқа USAID гранттарын төлеуді тоқтатқан еді. АҚШ президенті Дональд Трамп Рубиоға "салық төлеушілердің ақшасы Американың қауіпсіздігін, тұрақтылығын және өркендеуін нығайтуға жұмсалатынына" көз жеткізуді тапсырған.

Қазақстанның көп аймағында қар борап, тұман түсті

Демалыс күндері Қазақстанның барлық өңірінде ауа райы нашарлап, қалың қар жауып, боран болды, оңтүстік өңірлерді тұман басты. Қазгидромет 11 наурызда да ауа райы қолайсыз болады деп ескерту жіберді.  

Астананы қалың қар басты. 10 наурыз қар тазалауға 2600 жұмысшы, 1645 арнайы техника шыққан. 9 наурыз түнде коммуналдық қызмет 38 мың текше метр қар шығарған. "Қазгидромет" жел екпіні секундына 15-20, кей жерлерде 23 метрге дейін жетеді деп ескертті.

Ақмола облысындағы трассалар жабық. Ауа райына байланысты қала маңына жүретін автобустар тоқтатылды.

Төтенше жағдайлар министрлігі елдің әр аймағында боран мен тұманда жолда қалған жолаушылар құтқарылғанын хабарлады.

"Өткен екі тәулік ішінде ауа райының нашарлап, боран, көктайғақ болып, қатты жел тұрып, қалың тұман басуына байланысты төтенше жағдай министрлігі 318 адамды, оның ішінде 62 баланы құтқарып, эвакуациялады. Сондай-ақ 38 автомашинаны қар құрсауынан шығарды" деп хабарлады 10 наурызда төтенше жағдай министрлігі.

Министрлік ауа райы нашарлайтынын айтып SMS-хабарлама жіберіп, әлеуметтік желілерде де тұрғындарды құлақтандырған. Құтқару қызметі Жамбыл, Ақтөбе, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Ұлытау, Павлодар, Абай облыстарында жолда қалған автокөліктер мен автобустарды эвакуациялаған.

Қалың қарға байланысты 9 наурызда Алматы әуежайынан ұшатын кей рейстер шегерілді.

Павлодар, Абай, Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында жауын-шашын қар жауып, боран соғады, басқа өңірлерде қалың тұман түседі деген ескерту 9 наурызда жіберлген.

"Қазгидромет" ұлттық метеорологиялық қызметі елдің барлық дерлік өңірінде 11 наурызға дейін қолайсыз ауа райы болатынын ескертті.

Экономист Марк Карни Канаданың жаңа премьер-министрі болады

Канада Либералдық партиясының төрағасы Марк Карни. 9 наурыз, 2025 жыл. Оттава, Канада.
Канада Либералдық партиясының төрағасы Марк Карни. 9 наурыз, 2025 жыл. Оттава, Канада.

Канаданың биліктегі Либералдық партиясы жетекшілігіне Англия мен Канада банктерін басқарған Марк Карни келді. Ол қаңтарда биліктен кететінін мәлімдеген Джастин Трюдоның орнына Канаданың келесі премьер-министрі болмақ.

Партия ішіндегі сайлау нәтижесі бойынша, Трюдо кабинетінен тыс додаға түскен жалғыз кандидат Карни 86 пайыз дауыс жинаған. Бұл жөнінде Би-Би-Си хабарлады.

Сайлаудан соң сөйлеген сөзінде Марк Карни Канада ешқашан АҚШ құрамына кірмейтінін мәлімдеді және елді басып алып, оның ресурстарына иелік еткісі келеді деп АҚШ президенті Дональд Трампты айыптады.

Канада ешқашан АҚШ-тың 51-ші штаты болмайтынын қайталап жүрген Джастин Трюдо да қоштасу сөзін сөйлеп елде «экзистенциалдық дағдарыс» басталғанын айтты.

Канаданың жаңа премьері АҚШ-пен тариф жөнінде ауыр келіссөздер жүргізуі тиіс. Бұған қоса биыл өтетін сайлауда ол басшылыққа келген Либералдық партия оппозициядан жеңілуі мүмкін деген болжам бар.

Марк Карни – 2008-2013 қаржы дағдарысы жылдары Канада банкін басқарған экономист. Кейін ол Англия банкін басқарды және Трюдоның экономика жөніндегі кеңесшісі болды. Кейінгі кездері ол Трюдоны экономика мәселесінен алшақтап кетті деп жиі сынап жүрген.

Джастин Трюдо Либералдық партияны 2013 жылдан басқарды, ал 2015 жылы Канада премьер-министрі қызметіне кірісті. Үкіметтегі дағдарысқа байланысты 2025 жылғы 6 қаңтарда ол қызметінен кететінін мәлімдеген.

Бухарестте полиция мен демонстранттар қақтығысты

Бухарест, Румыния. 9 наурыз, 2025 жыл.
Бухарест, Румыния. 9 наурыз, 2025 жыл.

Румынияның Орталық сайлау алқасы ресейшіл деп саналатын әсіреоңшыл саясаткер Кэлин Джорджескуді мамырда өтетін президент сайлауына кандидат етіп тіркеуден бас тартты. Бұл оның жақтастарының наразылығын туғызып, Бухарестте полициямен қақтығыс болды.

Оны тіркемеу туралы шешімді сайлау алқасы жиынына қатысқан 14 адамның 10-ы жақтаған. Сайлау алқасы Джорджескуді Конституциялық соттың былтыр қарашадағы президент сайлауы нәтижесін жоққа шығару туралы шешімі негізінде осындай ұйғарымға келгенін мәлімдеді. Ол сайлауда көпшілікке онша таныс емес еуроскептик кандидат Джорджеску жеңгені хабарланған еді.

«Конституциялық соттың 2024 жылғы желтоқсандағы шешіміне сәйкес, оның кандидатурасы заң талаптарына сай келмейді» деді сайлау алқасы.

«Демек, сайлау алқасы мүшелерінің ойынша, сайлау процесін қайта бастау кезінде дәл сол адам Румыния президенті лауазымына лайық емес деп санайды» делінген Румыния Орталық сайлау алқасының мәлімдемесінде.

НАТО-ны жақтамайтын, Ресеймен соғыста Украинаны қолдауға қарсы шығатын Джорджеску 4 мамырда қайта өтетін президент сайлауына кандидатурасын тағы ұсынған.

Джорджеску сайлауға қайта түсуге 7 наурызда өтініш берген. Сайлау алқасы өтінішті 48 сағатта қарап, шешім шығаруы керек. Ал Джоржеску 24 сағат ішінде шешімге қарсылық білдіре алады.

Бұл шешім Джорджеску жақтастары наразылығын туғызып, ел астанасы Бухарест орталығындағы Орталық сайлау алқасы ғимаратының алдында ашулы топ пен полицейлер арасында қақтығыс болды.

Джорджескуді жақтайтын демонстранттар көшеде үлкен заттар өртеп, полицияға қарсылық көрсеткен, ал тәртіп сақшылары жас ағызатын газ қолданған.

Кэлин Джоржеску өзін қайта сайлауға әдейі қатыстырмай жатыр деп Румыния билігін айыптады. Ол мұны «демократияға жасаған тікелей соққы» деп атады.

«Айтатын бір ғана сөзім қалды! Егер Румыниядағы демократия құласа, бүкіл демократиялық әлем құлайды! Бұл – тек басы ғана. Өте қарапайым нәрсе... Қазір Еуропа дикатураға, ал Румыния тиранияға айналды!» деп жазды Джорджеску әлеуметтік желідегі постында.

Кэлин Джорджеску
Кэлин Джорджеску

Былтыр 6 желтоқсанда Румыния Конституциялық соты қарашада өткен президент сайлауы бірінші турының нәтижесін жоққа шығару туралы ұйғарымға келген. Ол сайлауда Джорджеску жеңіске жеткен еді. Соттың мұндай қорытындыға келуіне процеске Ресей араласты деген барлау мәліметтері негіз болған. Болжам бойынша, шетелдік күштер әсіресе TikTok-та манипуляция жасап, Джорджескудің жеңуіне ықпал еткен. Бұл айыпты Мәскеу де, Джорджеску де жоққа шығарады.

Қазір Кэлин Джорджескудің ісі тергеліп жатыр. Оған алты пункт бойынша айып тағылған. Оның ішінде елдің конституциялық құрылысын өзгертуге талпыну, сайлау науқаны кезінде жалған ақпарат тарату, фашистік, нәсілдік не ксенофобиялық бағыттағы ұйым құру сияқты ауыр баптар бар.

62 жастағы ауыл шаруашылығы инженері Кэлин Джорджеску бұрын әсіреоңшыл «Румындарды біріктіру альянсына» кірген. Оның мақсаты – Румыния мен Молдованы қосу. Ол президент сайлауына тәуелсіз кандидат ретінде қатысқан. Сайлау кезінде ол Ресейге жақын болуға шақырып, НАТО-ны, Еуроодақты көп сынаған.

Ақ үй: Иранмен мәселені әскери амалдар немесе келісім арқылы шешуге болады

Иран АҚШ президенті Дональд Трамптың ядролық келісім бойынша келіссөз туралы үндеуіне жауап беруден бас тартқаннан кейін сенбі күні Ақ үй Тегеранмен әскери жолмен немесе келісім арқылы да мәселені шешуге болады деп мәлімдеді.

"Иран режимі өз халқы мен азаматтарының мүддесін террордан жоғары қояды деп үміттенеміз" деді Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі өкілі Брайан Хьюз. Оның алдында Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи Тегеран келісімге бармайды деп мәлімдеген еді.

Тегеранмен келісімге ашықтығын білдірген Трамп өзінің бірінші мерзімі кезінде қолданған қысым тетіктерін (Иранды ғаламдық экономикадан оқшаулау, мұнай экспортын шектеу) пайдалану кампаниясын іске қосты.

2015 жылы әлемдік елдермен жасалған маңызды келісім Иранға оған дейін салынған санкцияны жеңілдетіп, оның өтеміне Иранның ядролық бағдарламасын шектеген. Бірақ Трамп бірінші президенттік мерзімі кезінде АҚШ-ты бұл келісімнен шығарып, 2018 жылы санкция салуды қайта бастады, бұл Тегеранды тездетіп уран байытуға, ядролық нысандарына халықаралық инспекция жасауды шектеуге мәжбүрлеген.

МАГАТЭ-нің бас директоры Рафаэль Гросси Иран уран байытуды қару-жарақ деңгейіне жақын деңгейге дейін жеделдетуді жалғастырып жатқандықтан дипломатиялық жолдар арқылы бұл әрекетке шектеу қою мерзімі таусылып бара жатыр деді.

Тегеран сонымен бірге баллистикалық зымыран шығару және орналастыру бағдарламасын әзірлеп, оларды таза қорғаныс сипатында дайындағанын айтқан. Батыста оны Таяу Шығыстағы тұрақсыздықты тудыратын фактор ретінде қарастырады.

Алматы әуежайы қызметкерін кепілге алу ісі: Үш қылмыстық іс қозғалды

Алматы әуежайы қызметкерін кепілге алып, пышақпен қорқытқан ер адамға қарсы үш қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде polisia.kz сайты хабарлады. Сот оны екі айға қамаған. Ұсталған адамға үш жылдан 12 жылға дейін түрме жазасы қаупі төніп тұр.

"Пышақ ұстаған ер адам әуежай қызметкерін кепілге алып, рюкзагында "бомба" бар деп жолаушыларды қорқытқан. Аталған факт бойынша үш қылмыстық іс қозғалды: кепілге алу (261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) - мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (293-бабы 3-бөлігі) - 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (273-бабы) - 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру" деп жазылған полиция хабарламасында.

Сайттың хабарлауынша, осы оқиғадан кейін елдегі әуежайлар мен вокзалдардағы қауіпсіздік жүйесі тексеріліп, ондағы осал тұстар анықталмақ, бақылау күшейтіліп, әрекет ету алгоритмі жетілдірілмек.

7 наурыз күні Алматы әуежайында пышақ ұстаған ер адам жолаушыларды тексеру қызметкерін кепілге алған. Мұса Әбдірайым есімді қала тұрғыны тексеруші инспектор болып жұмыс істейтін әйел адамды босатып, оның орнына өзін кепілге алуға келіседі. Мұса Әбдірайым орайы келгенде ер адамның пышағын тартып алады, осыдан кейін кепілге алушы ұсталған.

Осы оқиғадан кейін Мұса Әбдірайым "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.

Ұсталған адам – 67 жастағы Қазақстан азаматы. Оның бұл қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз.

Алматы полициясының хабарлауынша, ұсталған адам былтыр автобуста бір әйелге шабуыл жасап, желтоқсанда бір жылға бостандығы шектелген.

Солтүстік Корея атом сүңгуір қайық құрастырып жатқанын мәлімдеді

Лидер КНДР Ким Чен Ын на военной верфи
Лидер КНДР Ким Чен Ын на военной верфи

Солтүстік Корея баллистикалық ракета алып жүре алатын ядролық реакторы бар сүңгуір қайықтың құрылысы жөнінде айтты.

Сүңгуір қайығы бар арнайы орынға ел басшысы Ким Чен Ын барды деп хабарлады сенбі күні Кореяның орталық ақпарат агенттігі.

Солтүстік Корея сүңгуір қайық жасап жатқанын алғаш рет ресми түрде мойындап отыр. Алғаш рет бұл ақпаратты былтыр қазан айында Оңтүстік Кореяның барлау қызметі хабарлаған, алайда олар тек болжам жасаған еді.

2024 жылы қаңтарда жоба өте ерте кезеңде болғандықтан Сеулдің барлау қызметі мәселе шынымен де реактор қайығы жөнінде болып отыр ма, жоқ па, деп нақты сеніммен айта алмаған болатын.

2023 жылы қыркүйекте Солтүстік Корея су астынан ядролық соққы жасауға қабілеті бар алғашқы тактикалық сүңгуір қайығын таныстырған еді. Ким сол кезде суасты флоты құрылысын дамытатынын айтқан.

Солтүстік Корея қазірдің өзінде әлемдегі ең үлкен ядролық суасты қайықтарының біріне ие. Елдің флотында әртүрлі мәлімет бойынша 70-тен 90-ға дейін суасты қайығы бар.

Тағы

XS
SM
MD
LG