Украина президенті Владимир Зеленский украин әскерінің Курск облысындағы операциясы аяқталғанын мәлімдеді. Бейсенбі, 13 наурызда Ресей әскері Суджа қаласына бақылау орнатқанын хабарлаған. Бұл аумақты украин күштері 2024 жылдың тамызынан бері бақылауда ұстаған еді.
Соғысқа дейін шамамен 5 мың халқы болған Суджа қаласы - Украина басып алған ресейлік ең ірі елді мекен.
Зеленский бұған дейін аумақты басып алу Путин режимінің ақыры символына айналды деген.
"Ресей Путин тұсында қай жаққа қарай жылжып бара жатқанын көріп отырмыз: 24 жыл бұрын Курск апаты болды – бұл оның басқаруының символдық басы еді, ал енді қалай аяқталғанын да көріп отырмыз. Ол да Курскпен аяқталып отыр" деді ол.
Киев өкілдері операцияны "ресейлік азаматтық және әскери басшылықтың шамасыздығының" айқын көрінісі деп атаған. Кейін Украина президенті Курск облысындағы аумақ Ресейдің Украинада басып алған аумақтарымен алмастыру кезінде іске қатады деген.
14 наурызда Украина басшысы журналистерге Украина қарулы күштерінің міндеті Ресей әскерін Покров, Харьков, Сумы бағытынан басқа жаққа қарай бұрып алу кету болғанын жеткізіп, "операция өз міндетін атқарды деп санаймын" деді ол.
Ресей мен АҚШ президенттері Курск облысында украин әскерінің едәуір бөлігінің қоршауда қалғанын мәлімдеген. Соғысты зерттеп жүрген журналистер мұны растаған жоқ. Украина ақпаратты терістеді.
Украиналық Deepstate жобасының мәліметінше, Украина Ресейдің бірнеше аумағын әлі бақылауда ұстап отыр. Мәскеу де олар азат етілгенін айтқан жоқ.