Украина қарулы күштерінің бас штабының хабарлауынша, қызу шайқас Донецк облысының орталық бөлігінде - Покровск және Торецк бағытында жүріп жатыр. Кейінгі айларда орыс әскері осы облыста украин қорғанысының өзегі саналатын аумақты басып алуға тырысып жатыр.
Ресейлік әскери блогерлер осы аудандарда ауыр шайқастар жүріп жатқанын, Украина күштері орыс әскерінің жылжуын тежеп, тойтарыс беріп жатқанын жазды. Майдандағы ахуалды саралап отырған украиналық DeepState жобасы Ресей әскері Донецк облыының батысындағы Новоселка ауданында ілгерілегенін жазды.
Ал Ресейдің Курск облысында орыс әскері украин күштерін тынбастан атқылап, оларды Ресей аумағынан біржолата тықсыруға күш салып жатыр. Бір күн бұрын Ресей қорғаныс министрлігі былтыр тамыздан бері украин күштерінің бақылауында болған Суджа қаласын қайтарғанын ресми түрде мәлімдеді. Алайда DeepState-тің тұжырымдауынша, қаланың солтүстік және батыс аумақтарында шайқас әлі жүріп жатыр. Ресейлік дереккөздер де “тазарту жалғасып жатқанын”, орыс күштері Украинаның Сумы облысына да жылжуы мүмкін екенін жазды.
Ресей әскері Курск облысындағы украин күштерін жарақтандырып отырған негізгі бағытты бітеу үшін Суджаның батысындағы Украинаның шекарадағы аудандарына біраз уақыт бұрын шабуылдай бастаған. Осының салдарынан украин күштері шегіне бастаған.
DeepState -тің мәліметінше, орыс күштері Украинаның шекарадағы Басовка ауылына қарай жаяу және квадроциклдармен кірмек болған, бірақ шабуылға тойтарыс берілген. Алайда Ресейдің бұл аумақта көп жаяу әскерін шоғырландыруы жағдайды қиындатып отыр.
Украина әскері Ресейдің Курск облысына шабуылды 2024 жылы тамызда бастаған. Олар Суджа мен шекарадағы өзге де елді мекендерді бақылауға алған еді. Киевтің айтуынша, Курск операциясы алдағы уақытта украин жерін қайтару бойынша алдағы келіссөздерде көмектесуі мүмкін, ол Ресей әскерінің назарын Украина шығысындағы шабуылдардан басқа жаққа бұруға итермелейді деп те айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путин Украина әскерінің операциясынан бері алғаш рет Курск облысына барды