Киев пен Вашингтон Сауд Арабиясының Джидда қаласында тұрақты бейбітшілікті қалпына келтіру бойынша қадамдар жасады деп жазылған Украина президентінің сайтында жарияланған қорытынды мәлімдемеде. Келіссөз тоғыз сағатқа созылған.
Онда Киев Американың көмегін, оның ішінде барлау ақпараттарымен алмасуды да қайта қалпына келтіру мақсатында Ресеймен 30 күндік атысты тоқтатуға келіскені жазылған. Украина президенті Владимир Зеленский атысты тоқтату ұсынысы әуе мен теңізге ғана емес, тұтас майдан шебіне қатысты екенін айтты.
Тараптар сонымен бірге қысқа уақыт аралығында сирек металл бойынша да келісімді бекітуге келіскен.
Делегация келіссөз тобын жасақтап, Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұрақты бейбітшілікті орнату бойынша келіссөзді дереу бастауға келіскен.
"АҚШ Ресейге ұсынысқа келісу бейбітшілікке қол жеткізудің кілті екенін жеткізеді" деп жазды келіссөзден кейін Украина делегациясының басшысы және Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак X желісінде.
АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясындағы келіссөзден кейін "Ресей атысты тоқтатуға келіседі деп үміттенемін" деді. Трамп сонымен бірге Владимир Зеленскийді Ақ үйге қайта шақыруға дайын екенін жеткізді.
Трамптың сөзінше, АҚШ пен Ресей арасында Украинада атысты тоқтату бойынша келіссөз 11-12 наурызда өтеді. Бірақ келіссөз құрамы туралы президент айтпады.
АҚШ президенті осы аптада Ресей басшысы Владимир Путинмен сөйлесе ме деген сұраққа “солай үміттенемін” деп қысқа қайырды.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц кездесуден кейін Украина делегациясы кездесу кезінде соғысты аяқтау бойынша нақты қадамдар мен ұсыныстарын жеткізгенін айтты.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт өз кезегінде Америка мен Украина арасындағы келіссөз конструктивті әрі позитивті өткенін жеткізді.
Ресейдің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Мәскеу жақын арада АҚШ өкілдерімен келіссөз өткізетінін жоққа шығармады.