Үкімет зерттеуі: уақыт белдеуінің ауысуы Қазақстан халқына кері әсер етпеген

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласы. 9 желтоқсан, 2024 жыл.

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елде бірыңғай уақыт белдеуіне көшу халық денсаулығына кері әсер етпеген деп мәлімдеді. Бұл жайында үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрдің сөзінше, медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология салаларындағы мамандардың, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының және өзге мүдделі тұлғалардың қатысуымен бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына, энергия тұтыну және еңбек өнімділігіне әсерін тексеретін зерттеу жүргізілген. Халықтың жас шамасына қарай бөлінген топтарын және қала мен ауыл тұрғындарын қамтитын талдау жасалған.

"Еңбек қызметі бойынша орындалған жұмыс көлемі, кешігу мен қателіктер саны, жарақаттар мен тәртіп бұзушылықтар саны қарастырылды. Оның қорытындысы біртұтас уақыт белдеуіне көшу халықтың өмір сүру көрсеткіштеріне теріс әсерін тигізбегенін көрсетеді", – деді Арман Шаққалиев.

Министрдің айтуынша, кешенді тәсіл қолданылған жұмыс барысы деректерді зерттеуді, сауалнамалардың нәтижелерін және біртұтас уақыт белдеуіне көшуге дейінгі және одан кейінгі көрсеткіштерді салыстыруды қамтыған. Зерттеу қорытындысы ашық дерек көздерде жарияланғаны туралы ақпарат жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Уақыт белдеуінің ауысуы Қазақстанға қалай әсер етті? Билік пен жұрттың пікірі

2024 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстан аумағында UTC+5 біртұтас уақыт белдеуі енгізілген. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 12 облыс (батыс өңірдегі төрт облыстан басқа) уақытты бір сағат артқа жылжытты. Шенеуніктер бұл өзгеріс ондаған жылдар бойы "уақыт жылжытқаннан" бұзылған адам ағзасының биологиялық ритмін қалпына келтіру мақсатында, оған қоса бизнес процестерін жақсарту және тасымалдауды үйлестіруді жеңілдету үшін жасалды деп түсіндірді.

Қазақстанның шығысында бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге жұрт наразы болды. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жазда таңғы екіден кейін жарық түсетінін, қыс мезгілінде сағат 15.00-де қас қарая бастайтынын айтып шағынды. Бұған қоса қазақстандықтар электр энергиясын тұтыну бұрынғыдан артқанын, кейбіреулер тез шаршап, өзін әлсіз сезінетінін айтты.

Қазақстандықтар уақытты қайтадан бұрынғы қалпына келтіру туралы петицияға қол жинауды бастаған. Оны қостағандар көбейіп, петицияны үкімет қарауына қажет 50 мың қол тез арада жиналған. Алайда үкімет петиция авторларының талабын қабылдамады.

Үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне көшу шешімі күшінде қалатынын мәлімдеп, бұл шешім ғылыми зерттеулерге негізделгенін айтты, бірақ ол нақты қандай зерттеулердің негізінде қабылданғанын түсіндірген жоқ.

2025 жылы қыста Шығыс Қазақстан облысының кейбір аудандарында мемлекеттік мекемелер жұмысты бұрынғыдан бір сағат ерте бастауға көшті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Шығыс Қазақстан облыстық соты митингіге рұқсат етпеген Өскемен әкімін кінәлі деп таптыЖаңа уақыттың жұртқа әсерін зерттеуге 54 млн теңге жұмсалмақ Бектенов: Уақытты ауыстыру Нобель лауреаттарының ғылыми шешімі негізінде қабылдандыАстана соты бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы берілген арызды қабылдамадыМинистрлік жаңа уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсері туралы зерттеудің жай-жапсарын айтты