Түркістан қаласында «Ямми Маки» дәмханасынан пицца, суши, чикен тағамын сатып алып, уланғандар саны 57 адамға жетті. Олардың 28-і - кәмелет жасқа толмаған балалар. Полиция қаулысымен аталған дәмхана жабылып, қылмыстық іс қозғалды.
Түркістан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, улану дерегімен 57 адам ауруханаға жеткізілген. Олардың 49-ы - Түркістан қаласының тұрғындары. Уланғандардың 28-і - 18 жасқа толмаған бала, біреуі жүкті әйел.
Ресми ақпаратқа қарағанда, уланғандардың бәрі Түркістан қаласындағы «Ямма Маки» дәмханасынан пицца, суши, чикен тағамын үйіне тапсырыспен алып, тамақтанған. Көп өтпей олардың іші өтіп, құсып, басы айналып, көзі кіртиіп, аяқ-қолы мұздап, ерні көгерген. Барлығы жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.
«Микробиологиялық зерттеуге биоматериалдар алынды» деп жазылған департамент хабарламасында.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 57 адамның 22-сі ауруханаға жатқызылғанын, қалғаны амбулаториялық ем алу үшін үйіне жіберілгенін хабарлады. Ауруханада ем алып жатқандардың бесеуі - балалар. Жан сақтау бөліміне жатқызылған үш адам жалпы бөлімге ауыстырылған.
Түркістан облыстық полиция департаменті оқиғаға байланысты «Санитария қағидалары немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бабымен (304-бап) қылмыстық іс қозғады.
Полиция мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тергеп-тексеру кезінде дәмхананың ашылуы туралы хабар берілмегені және өндірістік бақылау бағдарламасы мен кей қызметкерлердің медициналық кітапшасының жоқ екенін анықтаған. Дәмхана полиция қаулысымен жабылған деп айтылады.