АҚШ президенті Дональд Трамп жеті федералдық агенттікте қысқарту жүргізуге бағытталған "Федералдық бюрократияны қысқартуды жалғастыру туралы" жарлыққа қол қойды. Қысқарту ұсынылған мекемелер арасында Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясы және өзге де ақпарат таратушыларға жетекшілік жасайтын АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі де (USAGM) бар.
14 наурызда кешке қол қойылған жарлық баспанасыз жүргендер, еңбек дауы және қауымдастықтардың дамуымен айналысатын мекемелерге де қатысты.
"Осы бұйрық шығарылған күннен бастап 7 күн ішінде [қол қойылған құжатта] көрсетілген әрбір мемлекеттік органның басшысы басқарма және бюджет басқармасының директорына осы бұйрықтың толық орындалуын куәландыратын және мемлекеттік органның қандай құрамдас бөліктері немесе функциялары, егер олар бар болса, заңнамада көзделген және қандай дәрежеде көзделгенін түсіндіре отырып, есеп ұсынсын" деп жазылған жарлықта.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы жарлыққа түсініктеме бермейді.
USAGM — апта сайын 360 миллионнан астам адамға 50-ге жуық тілде хабар тарататын жаңалықтық ұйымдарды қадағалайтын АҚШ-тың тәуелсіз мемлекеттік агенттігі.
USAGM-нің 2025 жылға арналған бюджеттік өтінімі 950 миллион долларды құрайды. Бұл оның барлық операциялары мен инвестицияларын қаржыландыру үшін қажет. Олардың қатарына «Азат Еуропа/Азаттық Радиосы», «Америка дауысы», «Азат Азия» радиосы, Кубаның хабар тарату кеңсесі (Radio Marti), Таяу Шығыстағы хабар тарату желілері (MBN) және Ашық технологиялар қоры сияқты ақпарат құралдары кіреді.
Бірінші президенттік мерзімі тұсында Трамп пен USAGM арасында редакциялық тәуелсіздік және бағдарламалар бағыты бойынша келіспеушілік болған. Екінші мерзімге қызметке оралғаннан кейін Трамп үкімет шығынын қысқарту үшін бірнеше қадам жасады.
Хабар тарататын ұйымдарды жақтаушылардың айтуынша, аталған агенттікке қарасты ұйымдар - Америка дипломатиясының маңызды тетігі.
Бұйрық USAGM-нен басқа, Федералдық медиация және келісім қызметіне, Смитсон институтының Вудро Вильсон атындағы Халықаралық ғылыми орталығына, Мұражай және кітапхана қызметтері институтына, АҚШ-тың баспанасыздық жөніндегі ведомствоаралық кеңесіне, Қоғамдастықты дамыту қаржы институттары қорына және Азшылықтардың бизнесін дамыту агенттігіне бағытталған.