АҚШ президенті Дональд Трамп егер Мәскеу Украинамен келісімге келуден бас тартса, АҚШ Ресей үшін “салдары ауыр болатын” қадамдарға баруы мүмкін.
Осы апта басында Киев атысты тоқтату туралы Американың жоспарын қолдағаннан кейін сәрсенбі күні президент Трамп Ресейге қатысты қатаң мәлімдеме жасады.
“Қаржылық тұрғыда Ресей үшін салдары ауыр болатын амал-әрекеттерді жасай аламыз, оның жойқын әсері болмақ” деді Дональд Трамп.
Бұл мәлімдемесін Трамп Ирландия премьер-министрі Михол Мартинмен кездесу кезінде айтты. “Украинамен бітім жасауға көндіру үшін Владимир Путинге қысым жасауға дайынсыз ба?” деген сұраққа “иә, біз жасай аламыз. Бірақ бұған қажеттілік болмайды деп үміттенеміз” деді.
Сейсенбі күні Сауд Арабиясының Джидда қаласында америкалық және украиналық делегациялар арасында келіссөз жүріп, Киев Мәскеумен 30 күндік атысты тоқтатуға келіскен еді.
Ақ үйдің хабарлауынша, президент Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф осы аптада ұсыныстарды талқылау үшін Мәскеуге бармақ. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың сөзінше, АҚШ Кремльдің Америка-Украина келісіміне реакциясына қарап, оның ниет-жоспарын бағаламақ.
“Егер олардың жауабы оң болса, ілгерілеушілікке қол жеткізгендігімізді білеміз және бейбітшілік орнатуға шынайы мүмкіндік пайда болады. Егер жоқ десе, олардың ниеті білінеді” деді Рубио.