Сауд Арабиясының Жидда қаласында Украина мен АҚШ делегацияларының арасында келіссөз басталды, деп хабарлады Украина сыртқы істер министрлігі.
"Украина мүдделерін қорғау, соғысты аяқтау жөніндегі нақты көзқарас, америкалық серіктестерімізбен тиімді жұмыс істейміз", – деп жазды Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак кездесу алдында.
Жиддадағы келіссөзге Ермакпен бірге Украина делегациясы құрамында сыртқы істер министрі Андрей Сибига, қорғаныс министрі Рустем Умеров және Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Павел Палиса қатысып жатыр.
Украина президенті Владимир Зеленский дүйсенбіде Жиддаға Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман ханзадамен кездесуге барған, бірақ Зеленский келіссөзге қатыспайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зеленский Ресейге тізе батырып, әуе мен теңізде шабуылды тоқтатқызуға шақырдыАҚШ делегациясы құрамында мемлекеттік хатшы Марко Рубио, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц және Трамптың Батыс Азиядағы арнайы елшісі Стив Уиткофф бар.
"Біз Украинаның ұстанымын түсініп, олар қандай мәмілеге бара алатынын білуіміз керек, себебі екі тарап та келісімге келмей, атысты тоқтатып, соғысты аяқтау мүмкін емес", – деп мәлімдеді Рубио дүйсенбі күні Жиддаға бара жатқан жолда журналистерге.
Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, Уиткофф осы аптада Ресейге барып, президент Владимир Путинмен кездесуді жоспарлап отыр. Ресей мен АҚШ өкілдері Уиткоффтың Мәскеуге сапармен баруы мүмкін екені жөнінде ештеңе айтпаған.
• 10 наурызда Financial Times газеті дереккөздеріне сүйеніп, АҚШ өкілдерімен келіссөзде Украина делегациясы Ресеймен атысты ішінара тоқтату туралы ұсыныс жасамақшы деп хабарлады. Нақтырақ айтқанда, дрондар мен ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандарды қолдануды және Қара теңіздегі әскери операциялар жүргізуді тоқтатуды ұсынады деген болжам бар. Украина тарапы АҚШ-пен келіссөздегі ілгерілеу Вашингтонды барлау деректерін бөлісуді мен әскери көмек жеткізуді тоқтата тұру жөніндегі шешімін қайта қарауға көндірер деп үміттенеді.
• Reuters дереккөздерінің айтуынша, АҚШ делегациясы бұл кездесуді сондай-ақ, Украина соғысты аяқтау үшін Ресейдің талаптарына көнуге қаншалық дайын екенін анықтауға пайдалануды жоспарлап отыр.
Your browser doesn’t support HTML5
Путин "Ресей шегінбейді" деді. АҚШ пен Украина өкілдері Сауд Арабиясында кездеспек