Ресейлік әскери арналар Курск облысы Суджа қаласының орталығында орыс әскері жүргені көрінетін суреттер мен видеолар жариялады. Былтыр тамыз айының ортасында бұл елді мекен Украина күштерінің қолында болған.
Видеолардың бірінде плитка төселген алаңда камуфляж киген жеті адам Ресей, әуе-десант күштері, Ресей империясы және ЧВК "Вагнердің" туларын ұстап тұрғаны көрінеді.
"Агентство" телеграм-арнасының жазуынша, мұндай бедері бар плитка Суджа әкімшілігі ғимаратының маңында бар.
Суреттің қашан түсірілгенін анықтау мүмкін емес. Суджаның қанша аумағы Ресейдің бақылауына өткені де де белгісіз. "Агентство" телеграм-арнасы Украина әскері жақын арада Курск облысынан кетуі мүмкін деп айтқан әскери сарапшы Ян Матвеевтің пікірін келтіреді.
Майдандағы жағдайды бақылап келе жатқан америкалық Соғысты зерттеу институты (ISW) және украиналық DeepState жобасының кейінгі мәліметі бойынша, Суджаның батыс бөлігі Украина әскерінің қолында. Ал қаланың шығыс бөлігі кешеден бері "сұр аймаққа" енген. Black Bird Group тобы сарапшыларының мәліметінше, Ресей әскері қаланың шамамен жартысынан астамын бақылауға алған.
Курск облысында Ресей әскерінің шабуылы жөнінде блогерлер мен ақпарат құралдары өткен жұмада хабарлаған. Сол кезде украин әскерінің қоршауда қалуы мүмкін екені айтылған. Conflict Intelligence Team зерттеу тобының өкілі "Агентство" басылымына болып жатқан оқиғаларға қарап, украин әскері Курск облысынан біртіндеп кетіп жатқан сияқты әсер қалдырады деген.
- Украина әскері Курск облысына шабуылды 2024 жылы тамызда бастаған. Киевтің айтуынша, Курск операциясы алдағы уақытта украин жерін қайтару бойынша алдағы келіссөздерде көмектесуі мүмкін, ол Ресей әскерінің назарын Украина шығысындағы шабуылдардан басқа жаққа бұруға итермелейді деп те айтқан.