Ресей сенбіге қараған түні Украинаға шабуылдады. Кривой Рогта 14 адам жараланды

Кривой Рог қаласындағы шабуылдың салдары, 15 наурыз 2025 жыл (Сергей Лысактың телеграм-арнасы)

Өткен тәулікте Ресей әскері Украинаның аймақтарына соққы жасады. Херсон облысына 8 басқармалы авиабомба тасталған деп хабарлады аймақтың прокуратурасы. Кемінде бір бейбіт тұрғын қаза болған. Тағы екі адам - бірі 14 жастағы жасөспірім жараланды. Жеке тұрғын үйлер, көлік және азаматтық инфрақұрылым бүлінген.

Ресей әскері Кривой Рогқа соққы жасап, 14 адам зардап шеккен. Үш көпқабатты тұрғын үй бүлінген. Өрт сөндірілген деді Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің жетекшісі Сергей Лысак.

Одесса облысы Черноморск қаласына дрондармен шабуыл жасалған. Кемінде бір тұрғын зардап шеккен.

Запорожье облысының Украинаға қарайтын бөлігі бір тәулік ішінде 300 рет атқыланған. Көптеген ғимараттардың қирағаны хабарланды. Қаза болғандар мен жараланғандар жөнінде ақпарат жоқ.

Чернигов қаласында ресейлік дрон көп қабатты тұрғын үйге құлап, өрт шыққан. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.

Сумы қаласы да жаппай дрон шабуылына ұшырады. Онда электр сымдары үзіліп, ғимараттар бүлінген.

Жергілікті биліктің мәліметінше, Николаев облысына да дрондар шабуылдаған. Аймақ артиллериялық және минометпен атқыланған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жөнінде мәлімет айтылмайды.