Ресейге 300-ден аса дрон шабуылдап, Мәскеу өңірінде бір адам қаза тапты

Ресей астанасына жасалған дрон шабуылының салдары. 11 наурыз, 2025 жыл.

11 наурызда ондаған дрон Мәскеу мен Мәскеу облысына шабуыл жасап, тұрғын үйлерге зиян келтірген, бір адам қаза тауып, тағы 14 адам жараланған, деп мәлімдеді Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьёв. Оның айтуынша, ең көп зардап шеккендер мен ең үлкен залал үш муниципалитетте тіркелген.

Ленинск қалалық округінде дрон жарықшақтарынан алты адам (арасында төрт жасар бала бар) зардап шеккен. Домодедовода 38 жастағы ер адам қаза тауып, тағы үш адам жараланып, ауруханаға жеткізілген. Раменскіде бес адам медициналық көмекке жүгінген. Воробьёвтың айтуынша, олардың денесіне жарақат түспеген, тек стресс алғаны байқалған.

"Новости" агенттігі Домодедовода қаза тапқан адам мен зардап шеккен тағы екі кісі "Мираторг" компаниясының жұмысшылары екен деп хабарлады. Округ әкімдігі дүйсенбі күні таңертең "Мираторг" компаниясының автотұрағы дрон шабуылы салдарынан өртенгенін хабарлады.

Воробьёв дрон қалдықтары Раменскіде көпқабатты тұрғын үйге құлап, кемінде жеті пәтерге зиян келтіргенін айтты.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин телеграм-каналында әуе шабуылынан қорғану күштері Мәскеуге ұшып бара жатқан 70-ке жуық украиналық дронды жойған деп жазды. Ол сондай-ақ Домодедов көшесіндегі көпқабатты үйдің шатырына дрон қалдықтары түскенін растады.

11 наурыз таңертең Раменск, Серпухов, Кашира, Коломна, Воскресенск және Домодедово тұрғындары жарылыс болғанын хабарлады, деп жазды ASTRA басылымы. Қала мэрі Собянин бірнеше ауданда дрон қалдықтары құлағанын растады. Кейінірек Воробьёв Зарайск, Серебряные пруды, Воскресенск, Луховицы, Бронницы, Ленинск, Подольск, Электросталь және Котельниково сияқты елді мекендерден дрондар туралы хабарлар түскенін айтты.

Мәскеу мен Мәскеу облысында тұратын жұрт тұрғын үйлерге түскен дрондар туралы фото мен видеолар жариялады. Раменскідегі көпқабатты тұрғын үйге дрон құлап, жоғарғы қабатында өрт шыққан.

Раменскіде дрон шабуылынан кейін екі қабатты тұрғын үй өртенгенін ASTRA хабарлады. Бұған қоса Видный қаласындағы көпқабатты үйлерге зиян келгені туралы ақпарат тарады.

Мәскеу маңында болған жарылыстар туралы видеоларды украиналық телеграм-каналдар да көп жариялап жатыр.

Жуковский мен Домодедово әуежайлары дрон шабуылынан кейін жұмысын тоқтатты, деп хабарлады Росавиация мекемесі. Кейін Внуково әуежайы да рейстер қабылдамайды және ұшырмайды деген ақпарат тарады.

"Мәскеу темір жолы" компаниясының өкілдері Домодедово станциясында теміржол инфрақұрылымы зақымданды деп хабарлады.

Мәскеуден бөлек, Рязань қаласының тұрғындары да дрон шабуылы жайлы хабарлады. Онда "Дягилево" әскери аэродромына шабуыл жасалды деп айтылды. Рязань облысының губернаторы Павел Малков өз телеграм-каналында әуе шабуылына қарсы күштер дрон шабуылын тойтарғанын жазып, ешкім зардап шеккен жоқ, тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандары да бүлінбеді деп хабарлады.

Липецк облысында М-4 трассасына дрон құлап, салдарынан Владимир қаласының тұрғыны жараланған, бірнеше көлік зақымданған. Бұл туралы облыс губернаторы Игорь Артамонов мәлімдеді.

Ресей қорғаныс министрлігінің есебі бойынша, өткен түні Ресей аумағында 337 дрон атып түсірілген: 91 – Мәскеу облысында, 126 – Курск облысында, 38 – Брянск облысында, 25 – Белгород облысында, 22 – Рязань облысында, 10 – Калуга облысында. Сондай-ақ Липецк, Орел, Воронеж және Нижегород облыстарында 1-ден 8-ге дейін дронды қағып түсірген.

Бұл Украина тарапынан Мәскеу мен Ресейге жасалған ең ірі дрон шабуылы, деп хабарлады "Агентство" басылымы.