Қазақстан Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы мұнай экспортын арттырмақ

Былтыр Қазақстанның Ақтау портынан Әзербайжанға, одан ары қарай Грузия мен Түркияға тасымалданатын мұнай көлемі ұлғайған, бірақ Каспий құбыр желісімен жөнелтілетін мұнай көлемі одан әлдеқайда көп.

Қазақстан өз мұнайын Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы экспорттауды арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанада Әзербайжанның сыртқы істер министрі Жейхун Байрамовпен келіссөз өткізгеннен кейін мәлімдеді.

"Біз Қазақстанның энергетикалық ресурстарын Әзербайжан арқылы әлемдік нарыққа жеткізу бойынша өз келісімдерімізді сәтті жүзеге асырып жатырмыз. Былтыр Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы 1,4 миллион тонна мұнай экспортталды. Алдағы уақытта Қазақстан мұнайының транзит көлемін жылына 2,2 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр", – деген Нұртілеудің сөзін келтірген жергілікті БАҚ.

Ресей Украинада соғыс бастағалы бері Қазақстан билігі Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры туралы жиі айтатын болған. 2023 жылдың сәуір айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға сапар шегіп, Ресейді айналып өтетін Транскаспий көлік маршрутын дамыту туралы келісім жасады. Астана Орта дәлізге зор үміт артып, бұл бағыттағы экспортты жылына 20 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Кейінгі уақытта осы бағытта тасымал көлемі артқанымен, әлі де болса Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы өтетін көлеммен салыстырғанда әлдеқайда аз. Былтыр Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры Қазақстаннан 1,5 миллион тонна мұнай қабылдады. Сол уақытта үкімет жоспарында мұнай тасымалын жылына 20 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отырғаны айтылғанымен, нақты мерзімі аталған жоқ.

Жақында Ресейдің Краснодар өлкесіндегі КҚК-ның "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына жасалған шабуылдан кейін мамандар Әзербайжан, Грузия және Түркияның Жейхан айлағы арқылы өтетін баламалы мұнай құбырын дамыту қажеттілігі туралы қайтадан сөз қозғады.

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Батыс Қазақстандағы кеніштерде өндірілген мұнайды Астрахань, Қалмақия және Краснодар өлкесі арқылы Новороссийск маңындағы Оңтүстік Озереевка терминалына тасымалдайды. Сол жерде танкерлерге тиелген мұнай әлемдік нарыққа шығарылады. Осы бағытпен Қазақстанның экспортқа шығатын мұнайының үштен екісінен көбі, сондай-ақ Каспийдегі Ресей кен орындарынан алынған шикізат тасымалданады. 2024 жылы КҚК 63 миллион тонна мұнай тасымалдады (оның 53 миллионы Қазақстаннан). Осы мұнай көлемінің үштен екісі Еуропа мен АҚШ-қа жөнелтілді.

Қазақстандық сарапшылар үкіметті Ресейге тәуелді болуды азайтуға шақырып, аймақта жанжалдар күшейе қалған жағдайда ондай тәуелділіктің зор қауіп-қатер тудыратынын ескерткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Каспий құбыр желісіне шабуыл. Қазақстан мұнай тасымалына төнген қауіпке кім кінәлі?