Мәскеу Украинамен бейбітшілік уақытша болғанын қаламайды деді бейсенбі күні Ресей басшысы Владимир Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков. Ол Ресейдің мемлекеттік "Россия-1" телеарнасына түсініктеме берген.
"Біздің мақсатымыз – еліміздің заңды мүдделерін ескере отырып, ұзақ мерзімді бейбіт реттеуге қол жеткізу" деді Ушаков.
Ресей осылайша Сауд Арабиясындағы Америка мен Украина делегацияларының келіссөзінен кейін екі күннен соң атысты тоқтату туралы ұсынысқа реакция білдірді.
"России-1" телеарнасына берген сұхбатында Юрий Ушаков сонымен бірге Вашингтон Украинадағы жағдайды реттеу мәселесі бойынша Ресей ұстанымына түсіністікпен қарайтындығына үміттенеді және атысты тоқтату мәселесін қарастырған кезде бұл ұстанымы ескеріледі деп сенетінін жеткізді.
Бұған дейін Reuters агенттігі Ресей жағының АҚШ-қа өз талаптарын тапсырғанын жазған еді. Дереккөздердің айтуынша, ресейлік ұсыныстардың бұған дейін Мәскеу айтқан талаптардан айырмашылығы жоқ. Олардың арасында Украинаның НАТО-ға ұмтылмауы, Ресей басып алған Украина жерін “орыс жері” деп тану, Украинада шетел әскерін орналастырмау сияқты шарттар бар.
Бейсенбі күні Путиннің көмекшісі Ушаков АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффтың 13 наурызда Мәскеуге барғаны туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді. «Біз мұндай кездесулерді жабық өткізуге келістік», - деді Ушаков. Ол сонымен бірге АҚШ-тың Ресеймен келіссөздерде делдал анықталғанын және бұл Уиткофф емес екенін айтты.
- АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Кремль келіскен жағдайда атысты тоқтату туралы келісімге бірнеше күн ішінде қол қойылуы мүмкін екенін айтқан. Вашингтон “Үлкен жетіліктің” басқа елдерімен бейбіт келіссөз кезінде өзара әрекеттесуге ниет білдірген. Бұл топқа АҚШ-тың өзінен бөлек, Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Франция және Жапония кірмек. Олардың барлығы Ресей басқыншылығы кезінде Украинаны қолдаған.