АҚШ-тың Украинадағы соғысты 30 күнге тоқтату туралы ұсынысына Ресей президенті Владимир Путин тайқақтап жауап берді.
ПУТИН НЕ ДЕДІ?
13 наурыз күні Беларусь президенті Александр Лукашенкомен бірге өткізген баспасөз конференциясында ол Украинаның атысты тоқтатуға келіскені жайлы ойын білдіріп, бұлыңғыр жауап қатты.
"Біз әскери қимылдарды тоқтату туралы ұсыныстармен келісеміз. Бірақ бұл ұзақмерзімді бейбітшілікке бастайтын, осы бір кризистің түпкі себебін жоятын тоқтату болуы керек деп санаймыз" деді Путин.
Осыдан соң ол Украина әскері шегініп жатқан Курск облысындағы әскери жағдай туралы ұзақ сөйледі.
Соның алдында Ресей қорғаныс министрі Ресейдің осы облысындағы Суджа қаласын азат еткенін мәлімдеген еді. Баспасөз конференциясында Путин Ресей күштері украин әскерін құрсауға алғанын айтып мақтанды.
Курск облысындағы жағдай әлі тұрақсыз. Бірақ 12 наурыз күні әскери киім кие бермейтін Путин жасыл форма киіп, осы облысқа жария түрде барды да, өзін соғысып жатқан елдің қолбасшысы ретінде көрсетті.
Әскери форма киген Путин Ресейдің Курск облысына барды. 12 наурыз 2025 жыл.
Бұл сапар арқылы ол Вашингтонға соғысты аяқтауға құлықсыз екенін білдіргісі келгендей болды. Алайда 13 наурыз күнгі сөзінде Путин мәмілешіл бола қалды.
"[Атысты тоқтату] идеясы жалпы дұрыс, біз қоны қолдаймыз. Бірақ талқылауды қажет ететін сұрақтар бар" деді ол. "Меніңше, америкалық әріптестерімізбен бұл туралы сөйлесуіміз керек. Бәлкім президент Трампқа қоңырау шалып, бірге талқылармыз. Бірақ қақтығысты бейбіт жолмен аяқтау идеясы бізден қолдау табады".
Бірақ әңгіменің бәрі ұсақ-түйекте жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ендігі кезек Ресейде. АҚШ-Украина келіссөзінен соң Киев атысты тоқтатуға көндіРЕСЕЙ БАСШЫСЫНЫҢ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ?
Әзірге Путин Трамппен сөйлескенде қандай мәселе қозғайтыны белгісіз. Трамп Ресей "дұрыс шешім" қабылдап, ұсынысқа келіседі деп үміттенетінін айтып, Путиннің сөзі "үміт ұялатар мәлімдеме, бірақ ол жеткіліксіз" деді.
"Путиннің бүгінгі ұстанымы атысты шартсыз тоқтатуды жоққа шығарады. Бұл – жайсыз ұстаным және ол Трамптың ашуына тиіп, екіжақты қарым-қатынасты қалпына келтіру мүмкіндігін тежеу қаупін төндіреді" дейді R.Politik зерттеу компаниясының негізін қалаушы, сарапшы Татьяна Становая. "Бірақ бұл біржола бас тарту емес, ол өз талабын қойып жатыр. Оның негізгі шарты – атысты тоқтату қақтығыстың түпкі себебі жайлы терең талқыларға бастауы қажет, яғни Украина "Стамбұл плюс" форматын талқылауға көнуі керек. Ресей мұны Киев капитуляциясына апарар жол деп көреді".
Путин сондай-ақ АҚШ әскери көмекті тоқтатуы керек, ал Киев қорғанысын күшейтпей, үзілісті қарулану үшін пайдаланбауы қажет деп отыр. Зеленскийдің легетимдігі де қаралуға тиіс дейді ол.
Your browser doesn’t support HTML5
АҚШ шенеуніктері Мәскеуді бетке алды. Соғыс қашан тоқтайды?
Ресей оппозициясы лидерлерінің бірі Владимир Қара-Мырза Путин абайсызда түпкі ойын білдіріп қойды деп мәлімдеді.
"Негізгі "түпкі себеп" – совет империясының құлауын "20-ғасырдың ең үлкен геосаяси апаты" деп санайтын, қарсыластарын "ұлт сатқыны", ал Украинаны "жасанды ел" деп атайтын және Сталин мен Андроповты ұлықтайтын есі ауысқан кәрі КГБ офицерінің Кремльде отырғаны" деп жазды Қара-Мырза X платформасында.
"Осы бір "түпкі себептің" көзін жоймай Украинада да, Еуропада да тыныштық орнамайды" деді ол.