Путин Украинада атысты тоқтату туралы ұсынысқа пікірін айтты

Владимир Путин

Украинада атысты тоқтату туралы ұсынысқа бейсенбі күні алғаш рет пікір білдірген Ресей президенті Владимир Путин Ресей ұсынысты қолдайды, бірақ "нюанстары бар" деді.

"Біз әскери қимылды тоқтату туралы ұсыныстармен келісеміз, бірақ ол ұзақ мерзімді бейбітшілікке әкелетін және дағдарыстың негізгі себептерін жоюға бағытталған ұсыныстар болуы керек" деді Путин Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенкомен келіссөздің қорытындысына арналған баспасөз жиыны кезінде

Ол сонымен бірге Курск облысындағы украин әскері қоршауда қалғанын айтып, іс жүзінде олардың берілуін талап етті және үзіліс кезінде Украина әскеріне қару-жарақ жеткізу тыйылуы керек деді.

Путин бейбітшілік мәселесіне дайындық үшін келіссөз керегін, алдағы уақытта Трамппен де сөйлесуі мүмкін екенін меңзеді.

Путин өз сөзінде Трампқа келіссөзге қатысқаны үшін алғыс айтты. Оның сөзінше, мемлекет басшыларының "шаруалары онсыз да бастан асып жатады", алайда АҚШ президенті Қытай, Үндістан, Оңтүстік Африка басшылары тәрізді бейбітшілікке қол жеткізу мақсатында "игілікті миссияға" қатысып жатыр.

Бейсенбі күні Путиннің пікіріне реакция білдірген АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысының сөзін "көп үміт сыйлайтын, бірақ толық емес" мәлімдеме деп атады.

Трамптың сөзінше, Ресеймен келіссөз кезінде Ресей бақылауында қалған Украина жері де талқыланып жатыр.

Украина президенті Владимир Зеленский бейсенбі күні кешкі мәлімдемесінде Путиннің сөзін манипулация деп атады. "Путин жиі осылай істейді - тіке "жоқ" деп айтпайды, бірақ бәрін созады" деді ол.