Ресей басшысы Владимир Путин Украина әскерінің операциясынан бері алғаш рет Курск облысына барды.
Курск облысындағы командалық штабтардың біріне барған ол Ресей қарулы күштері бас штабының жетекшісі Валерий Герасимов және аймақтағы әскери басшылармен жиналыс өткізді.
Айырықша белгісі жоқ әскери камуфляж киген Путиннің видеосын кремльшіл әскери арналар таратты.
Жиналыстан түсірілген видеожазбаларды қарап шыққан блогерлер оның сапасы нашар екенін атап өтеді: видео көп жерден қысқартылған, ал Герасимов пен Путиннің сөзі олардың еріндерінің қимылымен сәйкес келмейді. «Кремль мұны жариялауға асыққанға ұқсайды», - деп жазады Faridaily телеграм каналы.
Ресейлік арналардың хабарлауынша, жиналыс кезінде Герасимов украин күштерінің Курск облысына басып кіру талпынысы іске аспағанын, қазір орыс әскері украин күштері былтыр бақылауға алған облыс аумағының 86% иелік етіп отырғанын айтты.
Путин әскер алдында қысқа уақыт аралығында "қарсылас жақты жеңіп, Украинамен шекара аумағында қауіпсіздік аймағын құру міндеті тұрғанын" жеткізген. Ол Курск облысындағы әскери қимылдарға қатысқан бөлімдерге және еріктілер жасақтарына, оның ішінде шешендердің "Ахмат" жасағына алғыс білдірген.
Ол Ресей аумағындағы украин әскеріне террорист ретінде қарап, оларды тиісті баптар бойынша соттау қажеттігін атап өткен. Ол Украина жағында соғысып жатқан шетел жалдамалыларына әскери тұтқындармен қарым-қатынас туралы Женева конвенциясының қатысы жоғын айтқан.
Кейінгі күндері Ресей әскерінің Курск облысында біраз аумақты украин күштерінен қайтарғаны жөнінде ақпарат шығып жатыр. Ресейдің әскери арналары Курск облысы Суджа қаласының орталығында Ресей әскері жүргені көрінетін видео-суреттер жариялады.
Украина әскері Курск облысына шабуылды 2024 жылы тамызда бастаған. Киевтің айтуынша, Курск операциясы алдағы уақытта украин жерін қайтару бойынша алдағы келіссөздерде көмектесуі мүмкін, ол Ресей әскерінің назарын Украина шығысындағы шабуылдардан басқа жаққа бұруға итермелейді деп те айтқан.