NYT: Ақ үй бірқатар ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне тыйым салмақ

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі бірқатар ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне тыйым салатын құжатты әзірлеп бітті. Бұл жөнінде бірнеше дереккөзге сүйенген The New York Times басылымы жазды. Ақпаратқа қарағанда, Трамптың бірінші президенттігі кезіндегі шектеулерге қарағанда бұл жолғысы ауқымдырақ.

Дереккөздің мәліметінше, азаматтары АҚШ-қа кіре алмайтын елдердің "қызыл тізімі" жасалмақ. Олардың қатарында Куба, Иран, Ливия, Солтүстік Корея, Сомали, Судан, Сирия, Венесуэла және Йемен бар. Бұл топқа Ауғанстан да енгізілуі мүмкін.

Осыған дейін Reuters агенттігі келесі аптадан бастап Пәкістан мен Ауғанстан азаматтары АҚШ-қа кіре алмауы мүмкін деп жазған еді.

Бұдан бөлек, "қызғылт тізім" де жасау ұсынылып жатыр. Оған енген ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне толық тыйым салынбайды, бірақ белгілі бір шектеулер болады.

"Сары тізімге" енетін елдерге АҚШ "кейбір кемшіліктерді" жоюға 60 күн бермек. Айталық, бұл АҚШ-қа баратын азаматтар туралы ақпарат беру туралы талап болуы мүмкін. Егер кемшіліктер түзетілмесе, ол елдер "қызғылт" немесе тіпті "қызыл" тізімге де енгізілуі мүмкін.

NYT жазуынша, аталған шектеулердің визасы бар, сонымен бірге тұрақты тұруға рұқсат алған азаматтарға қатысы бар-жоғы белгісіз.

Трамптың бірінші президенттігі тұсында енгізілген шектеулер мен тыйымды онан кейін Ақ үйге келген Джо Байден инаугурациядан кейін бірден жойған еді.