Нөкіс қалалық соты 2024 жылдың желтоқсан айында Қазақстан мен Ресейден оралған екі қарақалпақ белсендісіне қатысты қылмыстық істерді қарауды бастады. Бұл туралы Түркіменстанның адам құқы жөніндегі Хельсинки қоры хабарлады. Билік "өз еркімен оралды" деп хабарлаған белсенділерді қамауға алып, Нөкістегі тергеу изоляторына отырғызған еді.
Қордың ақпаратына сәйкес, 7 наурызда Жеткербай Әбдірамановтың ісі бойынша сот тыңдауы басталған. Оған "конституциялық құрылысты өзгертуге жария түрде шақыру", "қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін материалдарды интернет арқылы тарату" және "тыйым салынған ұйымдарға қатысу" деген айыптар тағылған.
Әбдіраманов 2022 жылдың маусым айында Өзбекстан Конституциясына Қарақалпақстан Республикасының егемендік мәртебесін жоюды көздейтін өзгерістер енгізуге қарсы Алматыда қол жинап жүрген кезде Өзбекстанның қауіпсіздік қызметінің назарына ілінген еді.
2023 жылдың қаңтар айында Қазақстаннан депортацияланған соң ол бірнеше елден баспана сұраған. Түркияда заңсыз болған Әбдіраманов Еуропаға қоныс аудару жолын іздеген. 2024 жылдың желтоқсан айында Мәскеуге келгенде оны бірден ұстаған. Өзбекстанда оның үстінен іс қозғалып, іздеу жарияланғанын сол кезде бір-ақ білген. Мәскеу прокуратурасы Өзбекстан билігінен белсендіге қатысты қосымша мәлімет сұратқан, ондай мәлімет келмеген соң Әбдірамановты босатқан. Ол Мурманск арқылы Норвегияға өтуге талпынған, бірақ Ресей қауіпсіздік күштері оны ұстап, Мәскеуге жеткізген. 27 желтоқсанда Өзбекстанның арнаулы қызметінің өкілдері Мәскеуге барып, Әбдірамановты елге алып қайтқан. 2025 жылдың қаңтар айының аяғында оны Ташкенттен Нөкіске жеткізіп, тергеу абақтысына қамаған.
Түркіменстанның Хельсинки қорының хабарлауынша, Әбдірамановқа тағылған айыптар бастапқы айыптармен салыстырғанда кеңейтілген. Жеткербай Әбдіраманов – "тыйым салынған ұйымдарға қатысу" бабымен айып тағылған екінші қарақалпақ белсендісі. Құқық қорғаушылар билік оған "Алға Қарақалпақстан" ұйымына қатысқан деген айып тағады деп топшылайды. 2024 жылы Өзбекстан бұл ұйымға тыйым салды, бірақ ресми шешім әлі күнге дейін көпшілікке жарияланған жоқ. Құқық қорғаушылар жарияланбаған тыйымға сүйенген қылмыстық қудалауды – қылмыстық құқық ережесін өрескел бұзу деп атайды.
10 наурызда Нөкіс қалалық соты Ринат Утамбетовтың ісін қарай бастады. Оған "конституциялық органдардың заңды қызметіне кедергі келтіруге бағытталған күш қолдану" және "қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін материалдарды алдын ала келісіп, интернет арқылы тарату" деген баптар бойынша айып тағылған.
2024 жылдың сәуір айында Утамбетов Қазақстанда ұсталған, себебі Өзбекстан оған іздеу жариялапты. Желтоқсан айына дейін Алматының тергеу изоляторында қамауда отырғаннан кейін ол Өзбекстанға оралуды ұйғарған, Қазақстан оны Өзбекстанға берген. Құқық қорғаушылардың ақпараты бойынша, Утамбетов қарақалпақ оппозициялық ұйымдарына қатыспаған, оның үстінен қозғалған қылмыстық іске Қарақалпақстандағы Нөкіс ауданы Шортанбай ауылнда тұратын 10 адам жазылған жабық Telegram-топта "тыйым салынған үш видеоматериал" жарияланғаны себеп болған. Белсендінің сыныптасы Рахим Пірназаров 2023 жылдың тамыз айында дәл сол іс бойынша 4 жылға бостандығын шектеу жазасын алған.
Ташкентте Ринат Утамбетовты тергеу изоляторына қамаған, ал 2025 жылдың қаңтар айының аяғында оны Нөкіске жөнелткен.
Қор сондай-ақ, Өзбекстан Жоғарғы сотының сайтында жарияланған ақпаратқа сүйеніп, белсендіге қатаң айыптар тағылғанын хабарлады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қарсы алдымда қан-жоса адам тұрcа да селт етпедім". Ақылбек Мұратбайдың абақтыдағы бір жылыТағы бір қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратбай (Мұратов) Алматыда бір жыл қамауда отырғаннан кейін 2025 жылдың ақпан айында бостандыққа шықты. Мұратбай 2024 жылдың 15 ақпанында Алматыда Ташкенттің сұрауы бойынша ұсталған. Оған "жаппай тәртіпсіздіктерге шақыру" және "қоғамдық қауіпсіздікке және тәртіпке қауіп төндіретін материалдарды тарату немесе көрсету" баптары бойынша айыптар тағылды.
Қарақалпақтардың құқықтарын қорғаушы ретінде танылған Ақылбек Мұратбай бұл айыптарды жоққа шығарады, оның жақтаушылар бұл қудалаудың саяси астары бар деп мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шетке кетсе де қуғыннан құтылмады". Қарақалпақ белсенділерінің шырғалаңы