Қазақстан парламенті мәжілісі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) мәселесі жөнінде кейбір заң актілеріне өзгеріс енгізуді көздейтін заң жобасын талқылауға қабылдады. Оған қорытындыны мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитеті әзірлемек. Комитет төрағасы – бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
– Заң жобасы үкіметтің ұсынысымен әзірленді. Жоба негізгі үш бағыттан тұрады. Біріншіден, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін 2027 жылға қарай екі есе, яғни 57 пайыздан 32 пайызға қысқарту, тиісінше МӘМС пакетін 68 пайызға дейін ұлғайту. Екіншіден, жұмыс беруші мен жұмыскер тарапынан төленетін МӘМС жарналары үшін төленетін табыстың жоғарғы шегін он еселенген ең төменгі жалақыдан 50-ге дейін арттыру. Үшінші, жергілікті бюджет қаражаты есебінен жұмыссыздар мен әлеуметтік әл-ауқаты нашар азаматтар үшін МӘМС-ке жарналар төлеу көзделіп отыр, – деді Аймағамбетов 12 наурыздағы мәжіліс отырысында.
Your browser doesn’t support HTML5
МӘМС-тің мәні, COVID-тің ізі, соғыстың соңы – AzatNEWS | 12.03.2025
Депутаттың сөзінен нақты қай заңдарға қандай өзгеріс енетінін, өзгерістің халыққа қалай әсер ететінін түсіну қиын. Өйткені жобаны талқылау енді басталмақ. Бірақ Аймағамбетов биыл 27 қаңтар күні мәжілістегі үкімет сағатында МӘМС жүйесін қатты сынға алған. Ол медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау министрлігінің жекеменшік банк ұйымы сияқты болып қалды деп сөккен.
Бұл салаға мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың орынсыз жұмсалып жатқаны туралы ақпарат көп, халықтың МӘМС жүйесіне сенімі өте төмен деген депутат оны суға батып бара жатқан қайыққа теңеген.
– Өзенде жүзіп бара жатқан қайықты елестетсеңіздер. Қайықтың түбі тесіліп, оған су жинала береді. Тесікті жамаудың орнына қайықшы қолына шелек алып, сол суды сыртқа төгумен әлек. Әрине, бұл еш нәтиже бермейді, су әрі қарай жиналып, қайық бата береді. МӘМС жүйесінде дәл осындай жағдай қалыптасқан, – деген еді Аймағамбетов.
Аймағамбетов қана емес, үкімет сағатына қатысқан мәжілістің өзге депутаттары да денсаулық министрлігі атына көп сын айтып, МӘМС жүйесін іске алғысыз еткен. Тіпті депутат Нартай Аралбайұлы бұл жүйенің жұмысын әбден пісіп-жетілдіргенше тоқтата тұруды ұсынған. Сөз алған аудиторлық палата өкілі Медициналық сақтандыру қорына 2024 жылы палата тексеріс жүргізгенін, көп кемшілік табылғанын айтқан.
Алайда отырыста негізгі баяндамашы болған денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова депутаттардың ескертулері мен ұсыныстарын есепке алатынын айта келе, МӘМС жүйесінің жұмысын оң бағалаған.
Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова (сол жақта).
– Барлық қиындыққа қарамастан, Қазақстанда қысқа мерзім ішінде сақтандыру жүйесінің негізгі элементтері іске қосылды. Бүгінгі таңда қазақстандықтардың 83 пайызы МӘМС жүйесіне қосылған. Олардың 72 пайызы мемлекет тарапынан қамтамасыз етіліп отырған осал топ өкілдері. Бұл тұрғындар медициналық көмекті толық ала алады. 2019 жылдан осы уақытқа дейін ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 3 есе, жоғары технологиялы медициналық көмекті қаржыландыру 2,7 есе ұлғайып, тұрғындарға жоғары технологиялы медициналық көмек көрсету артты, – деді министр.
Әлназарованың сөзінше, МӘМС жүйесін енгізгелі Қазақстанда медициналық, демографиялық көрсеткіштер жақсарған. Адам өлімі 8 пайыз төмендеген, әсіресе нәресте мен ана өлімі азайған, адамдардың орташа өмір жасы 73-тен 75 жасқа артқан.
Заң жобасы әрі қарай мәжілісте қаралады. МӘМС жүйесін бұрын да қатты сынап жүрген депутаттар бұл жолы жеке басынан мысалдар келтірді.
– Екі жақыным қатар ауырды. Біреуін ақылы негіздегі ауруханаға жатқыздым. Екіншісіне мүмкіндігіміз болмады, ол МӘМС арқылы емделуге тырысты. Ақылы негізде ота жасатқан жақынымыз ауруханаға бірден жатты, анализдерін бірден тапсырды, жатқан палатасы да жайлы, ыңғайлы болды. МӘМС арқылы барған екінші жақынымыз апталап анализ тапсырды. Кейін кешіккеніне байланысты айғай-шу болды. Ауруханаға жатқанымен, орын өте тапшы болды. Қызмет көрсету сапасына да көңілі толмады. Менің басымдағы мысалмен бүкіл қоғамдағы жағдайды сипаттауға болады деп айтар едім, – деді мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай Азаттық тілшісіне сұхбатында.
Емхана дәлізіндегі адамдар. Қарағанды облысы Теміртау қаласы. 17 қыркүйек, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.
– [Былтыр] қазанның 26-сы күні [Абай облысы] Аягөз ауданында болдым. Денсаулығым сыр беріп еді, аудандық ауруханада физиологиялық ерітінді жоқ екен. МӘМС қайда? Аудандық ауруханада мәжіліс депутатына физиологиялық ерітінді табылмаса, халықтың жағдайы не болып жатқанын осыдан түсіне беріңіз, – деді депутат Ринат Зайытов.
Депутаттың айтуынша, әу баста МӘМС міндетті емес, ерікті медициналық сақтандыру болған. 3 миллиондай адам сақтандыру жүйесінен тыс қалған. "Демек бұл жүйе әлі жетіліп, жұмыс істеп жатқан жоқ деген сөз" деді Зайытов.
Азаттық МӘМС жүйесінің жұмысын медицина саласының маманы Елжан Біртановпен талқылады. 2017-2020 жылдары Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған Біртанов елде осы жүйені енгізген кезде оның басы-қасында болған.
– Азаматтар ай сайынғы медициналық сақтандыру жарнасын төлемесе де медициналық көмек алуға хақылы. Себебі Қазақстанда медициналық сақтандырудың екі пакеті бар. Біріншісі – МӘМС жарнасын төлеу арқылы жасалатын сақтандыру пакеті. Ал екінші пакет – мемлекет қаржыландыратын кепілдендірілген тегін медициналық көмек. Оған кіретін жедел жәрдем, емханадағы шұғыл медициналық көмек – барлығы тегін көрсетіледі. Халықтың 20 пайызының жарна төлемесе де кепілдендірілген медициналық көмекті тегін пайдалануға мүмкіндігі бар.
– Бірақ үнемі олай бола бермейтін сияқты. Тегін медициналық көмек сұрап барғанда емханадағылар МӘМС-ке ай сайынғы жарнаны төлеген-төлемегеніңді тексереді...
– Иә, себебі тегін беріліп жатқан медициналық көмек екі деңгейге бөлінген. Негізгі деңгейдегі көмек азаматтарға жүз пайыз тегін беріледі. Ол – Конституция бойынша берілген кепілдендірілген көмек. Ал екінші деңгей – сақтандыру қорына ақшасын төлеп отырған Қазақстанның 80 пайыз тұрғынына көрсетіліп жатқан қосымша медициналық қызметтер. Мәселен, жоспарланған диагностикалық, хирургиялық емдеу сияқты.
Алматыдағы №12 орталық аурухана алдында тұрған адамдар мен медициналық жедел жәрдем көлігі.
Қызметкер мен жұмыс беруші 5 пайыз жарна төлейді. Азамат екі жерде жұмыс істесе де, жоғары жалақы алса да айына 2500 теңгеден аспайтын жарна төлейді. Денсаулық сақтау министрлігі қазір соны өзгертуге тырысып жатыр. Себебі көп жалақы алатындардың МӘМС-ке төлейтін ақшасының табысқа шаққандағы көлемі көпшілік азаматтардікінен төмен болып тұр. Жаңа өзгерістер бойынша азаматтар табысының 5 пайызын төлеп отыруы керек болады. Жоғары жалақы алатындардың МӘМС-ке төлейтін ақшасы бұрын 2-3 пайыз болып келген. Ал қарапайым адамдар үшін басқа өзгеріс болмайды.
– Ал көрсетілетін медициналық көмек азая ма, көбейе ме?
– Ол үшін заң жобасын мұқият қарау керек. Себебі бірнеше түрлі ұсыныс болған. Қазірге кезде Қазақстан азаматына медициналық жедел жәрдем көмегі, шұғыл жағдаймен ауруханаға түскендегі ем-дом, жергілікті емханада толық алғашқы медициналық көмек алғанда, сондай-ақ туберкулез, онкологиялық, психиатриялық дерт сияқты әлеуметтік ауруларды емдеу қызметі тегін көрсетіледі. Естуімше, денсаулық сақтау министрлігі енді алғашқы медициналық көмекті тек МӘМС қатысушыларына көрсетуді ұсынып отыр. Яғни, МӘМС-ке қатыспаған адам емханада тегін медициналық көмек қызметін пайдалана алмайды.
– МӘМС жүйесі сіз министр болып тұрған кезде, 2017 жылы енгізіліп, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап толық іске қосылды. Бірақ содан бері осы жүйеге сын көп айтылып келеді. Бұл жүйені енгізген кезде көзделген мақсат орындалды деп ойлайсыз ба? Қандай қате-кемшілігін айтар едіңіз?
– МӘМС – үлкен реформа. Бұл ұзақ процесс, себебі жүйені енгізген соң, оны ары қарай дамыту қажет. МӘМС жүйесін толық енгізу үшін бірқатар іс-шаралар іске асырылуы керек екенін айтқанбыз, арнайы жоспарларымыз болды, мысалы, бес жылға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Өкінішке қарай, ол бағдарламаны жойып, орнына жаңадан ештеңе енгізген жоқ. Сол бетімен қалып қойды. Реформаны бастаған соң оны ары қарай жетілдіріп, дамыту керек қой, бірақ ондай іс-шара болмады. Халықтың сын айтуын да түсінуге болады, өйткені ел күткен нәтижеге қол жеткізе алмадық.
Сол кездегі денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов (ортада) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы талқыда отыр. Алматы, 17 ақпан, 2017 жыл.
Президенттің тапсырмасы бойынша, жаңадан тағайындалған денсаулық сақтау министрінің командасы бір жылдың ішінде өзгерістер әзірлеп, парламентке ұсынып жатыр. Алайда осы саланың маманы, медициналық университетте МӘМС жүйесі, қоғамдық денсаулық сақтау саласын ұйымдастыру және дамыту, т.б. тақырыптар бойынша дәріс оқитын ғылым докторы болсам да, мені және басқа да әріптестерімді сарапшы ретінде осы өзгерістер жайлы пікірімізді тыңдап, талқылауға шақырмады. Әйтпесе олардың айтар ой-пікірі, ерекше бір ұсыныстары болуы мүмкін ғой. Енді парламентте талқыға түскен кезде қалай боларын көрерміз.
– Парламентте қазірдің өзінде сын естіліп жатыр. Депутаттардың кейбірі МӘМС-ті тоқтата тұруды ұсынды. Ол қаншалықты дұрыс болады?
– Ондай әрекет бүкіл медициналық әлеуметтік қаржыландыру жүйесін бүлдіріп, үлкен апатқа әкеледі деп ойлаймын. Өйткені бұл жүйге балама басқа қаржыландыру көзі жоқ. Мұны айтып жүргендер – 100 пайыз популистер. Сын айтқан екенсің, оған қоса ұсынысың болсын, ал ондай ұсыныс айтып жатқан жоқ. Сақтандыру қорын жою – бір-ақ күннің жұмысы. Ал қазіргідей 2,8 трлн теңгені күнделікті миллионнан астам медициналық қызметті қаржыландырумен, төлеумен шұғылдануға дайын қандай мемлекеттік орган бар?
– МӘМС-ті енгізген кездегі мақсат адамдарға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру ме еді, әлде медицина саласына қосымша қаржы тарту көзі ретінде қарастырылды ма?
– Бұл екі мақсат та, оған қоса басқа да мақсаттар болды, себебі мұндай үлкен реформа бір ғана мақсатпен шектелмейді, кешенді мақсаттарды көздейді. Бір жағынан халықтың медициналық қызметті пайдалану мүмкіндігін жеңілдету көзделді. Кепілдендірілген медициналық қызмет көлеміне кірмейтін кейбір түрі, мысалы, компьютерлік томография, МРТ, лабораториялық диагностика, стамотология, зерттеулер, кардиохирургиялық операциялар, онкологиялық дәрі-дәрмек беру, т.с.с. қызметтер 2020 жылдан ақысыз көрсетіле бастады. Сондықтан бірінші мақсат – халыққа тегін көрсетілетін медициналық қызмет көлемін кеңейтіп, оларды пайдалануды жеңілдету. Әрине ол бір жылда шешілмейді, себебі жылда жаңа технологиялар, құрал-жабдық, дәрі-дәрмек келіп жатыр, оларды да сол көлемге енгізу міндеті тұр.
Екінші мақсат – медициналық қызмет сапасын көтеру. Ол үшін медициналық ұйымдар арасында бәсекелес орта құру және дамыту. Мысалы, қазір көп ауруханалар мемлекеттік тапсырыс алу үшін ұлттық сапа стандартына сәйкес екенін дәлелдеп, аккредитациядан өтуі шарт.
Үшінші мақсат та үлкен, қазір елімізде жаңа емхана, аурухана салуға, оны медициналық құрал-жабдықпен толықтай қамтамасыз етуге, шынын айту керек, мемлекеттің мүмкіндігі жоқ. Біздің кедей мемлекетімізде кейінгі жылдары денсаулық сақтау саласына тартылып жатқан инвестициялардың тең жартысы – жеке инвестиция. Сол МӘМС-ке қатысу үшін жеке клиникалар құрылып, салаға инвестиция әкеліп жатыр. Мысалы, ядролық медицина, компьютерлік томография, лабораториялық диагностика қызметі тегін көрсетіледі, осылардың бәрі 100 пайыз жеке инвестиция есебінен МӘМС арқылы шешілген деп айтуға болады.
Сонымен, МӘМС жүйесі Қазақстанда ғана емес, дамыған және дамушы мемлекеттерде бар, мысалы, Қытай, Түркия және басқа да елдер сондай жүйеге көшіп жатыр. Оны дұрыс пайдалануды үйрену керек. Өкінішке қарай, денсаулық сақтау саласында соны дұрыс пайдалануға біздің бұрынғы үкімет басшыларының білімі жетпеді деп ойлаймын, олар МӘМС-ті дайындауға қатыспады.
COVID-19 вирусына қарсы вакцинаны көрсетіп тұрған медицина қызметкері. Алматы, 2 сәуір, 2021 жыл.
– Әлем жұрты коронавирус пандемиясы деген не екенін біліп, індетпен күрес бастағанына тура бес жыл толды. Пандемия тоқтағанымен, CОVID-19 вирусы жойылып кеткен жоқ. Сіз 2020 жылдың басында министр болдыңыз, вируспен бетпе-бет келген кездегі қиындықты өткердіңіз. Бес жыл өткеннен кейін, Қазақстанның денсаулық сақтау саласының CОVID-19 вирусымен күресін бейтарап тұрғыдан қалай бағалар едіңіз?
– Оған бағаны мен емес, басқа адамдар берсін. Ал менің айтарым, осындай пандемиялар болашақта тағы қайталануы мүмкін. Өкінішке қарай, қазір біз ондайға дайын емеспіз. Өткеннен қандай сабақ алдық, болашақта ондай пандемиямен қалай күресеміз, оған қалай дайындаламыз, міне осы мәселені үкімет деңгейінде, денсаулық сақтау, санитарлық қызмет салаларында қарастырып, әзір болуымыз керек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Диагнозы - "қираған жүйе". Қазақстанның денсаулық сақтау саласы мен пандемия