11 наурызда Гренландияда өткен парламент сайлауында аралдың Даниядан тәуелсіздігін қолдайтын орта оңшыл Demokraatit (Демократиялық партия) 30 пайыздай дауыс алып жеңіске жетті. Екінші орын алған Naleraq ("Бағыт") партиясы да (24 пайыз) Даниядан бостандық алып, АҚШ-пен одақтасуды қолдайды.
Қазіргі премьер-министр Муте Эгеде басқаратын Ataqatigiit партиясы (21%) мен ел саясатында жылдар бойы үстем болып келген Siumut партиясы (14%) екінші, үшінші орындарды иеленді. Сауалнама нәтижелері бойынша осы партиялар жеңеді деген болжам болған.
57 мыңдай адам тұратын Гренландияда 44 мыңдай сайлаушы бар. Олар 11 наурызда 31 орындық парламентке өтетін партияларды таңдаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп биыл қаңтарда екінші мерзіміне кірісе сала Дания аумағы саналатын аралды АҚШ-қа қосып алатынын айтқан.
"Біз оны қайткен күнде де аламыз" деді Трамп 4 наурыз күні Конгресстегі жолдауында. Ол Гренландия Вашингтонға АҚШ ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет екенін атап өтті. "Жан-жаққа қарасаңыз, барлық жерде Қытай кемелері жүр, барлық жерде Ресей кемелері жүр. Бұған жол бере алмаймыз" деді ол қаңтарда журналистерге.
Премьер Муте Эгеде Трамптың мәлімдемелеріне жауап қатып, қарсылық білдіріп келген. "Біз даниялық та, америкалық та болғымыз келмейді. Біз гренландиялық болғымыз келеді" деген ол қаңтарда журналистерге.
Вашингтон Гренландияға бірінші рет дәмеленіп отырған жоқ. Мұның 150 жылдық тарихы бар.
Гренландиядағы инуиттер. 1924 жыл.
Бетін мұз басқан Гренландияның қисынсыз атауын 10-ғасырдағы норвег теңіз саяхатшысы Жирен түсті Эрик берген. Ол "атауы жақсы болса, ол жерге барғысы келетіндер көбейеді" деген.
Гренландиядағы қоныс. 1924 жылғы сурет.
Норвег қонысшылары Гренландияда ұзақ тұра алмады. Зерттеушілердің пайымдауынша, олар климаттың күрт өзгеруіне, оба ауруының тарауынан туған экономикалық ауыртпалықтарға төзе алмаған. 1721 жылы аралға Дания миссионерлері келгенде онда байырғы ел саналатын инуиттер ғана болған.
Гренландиядағы инуит әйелдері шымтезектен жасалған үйдің алдында суретке түсіп тұр. 1800 жылдардың аяғы.
Миссионерлердің бірі Гренландияны мекендейтін инуиттерді калорияға мұқтаждығы сонша өз киіміндегі биттерді теріп алып жей беретін, ағзасындағы минералдарды үнемдеу үшін бетіндегі терді пышақпен қырып, жалап алатын ел деп сипаттаған.
Еуропа саяхатшылары Гренландиядағы жергілікті адамдарға кофе ішкізіп жатыр. 1900 жылдардың басы.
1921 жылы Дания Гренландияны өз аумағы деп жариялап, осы аралмен сауда жүргізуге монополия орнатты. Гренландияға Даниядан өзге елдермен сауда жасауға тыйым салған Копенгаген бұл аралдан кит пен итбалық майын сатып алып отырған. Бұл – шырақ майын әзірлеуде таптырмас тауар болатын. Сауда шарты Дания үшін өте қолайлы етіп жасалды.
АҚШ Теңіз әскерінің жағалау қызметі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Гренландиядан Германияның құпия метеорология станциясын іздеп жүр. Мына суретте олар мұзды жарып, жол ашып жатыр.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік Германия Данияны басып алып, оның қарамағында болған Гренландияға көз тікті.
Америкалық дипломат Джордж Л. Уэст өз естелігінде АҚШ президенті Франклин Рузвельт дереу шешім қабылдап, "Гренландия жөнінде бір нәрсе істеуіміз керек" дегенін айтады. Сөйтіп АҚШ әскері өте құнды криолит кен орнына қол жеткізу үшін аралды басып алды.
Екінші дүниежүзілік соғыстағы герман тұтқындары АҚШ жағалау күзетінің кемесінде.
Соғыс жүргізуде ауа райы болжамы шешуші фактор болғандықтан, нацистер Гренландияның оқшау бөліктерінде құпия метеорология станцияларын орнатуға бірнеше талпыныс жасаған.
"Батыс Еуропадағы ауа райының негізгі бөлігі осы мұз қалпақта қалыптасатын көрінеді. Әскери тұрғыда, бұл жерден метеорологиялық мәліметтерді алып тұру – баға жетпес игілік" дейді Уэст. Оның сөзінше, Гренландиядағы америкалық миссиялардың бір міндеті [нацистердің құпия ауа райы станцияларын] тауып, оларды жою болған.
Гренландиядағы ет арқалаған еркектер.
Соғыстан кейін АҚШ Гренландияны Данияға қайтарып берді, бірақ әскери базаларын алып кеткен жоқ. 1951 жылы екі ел келісімге қол қойып, соның арқасында Вашингтон пен жақында ғана құрылған НАТО аралды әскери мақсатта қолдануға мүмкіндік алды.
"Ғасыр лагерінде" түсірілген сурет. "Мұз құрты" құпия жобасы осы жерде іске асырылмақ болған. Гренландия, 1960 жыл.
Гренландиядағы АҚШ объектілерінің бірі – "Ғасыр лагері" (Camp Century) зерттеу орталығы деп жарияланды. Іс жүзінде бұл "Мұз құрты" (Iceworm) жобасы болатын. Жоба аясында Гренландия мұзының астына ядролық зымыран станциялары жасырылған. АҚШ бұл зымырандармен Совет Одағын нысанаға алды.
Гренландиядағы мұздың астына салынған "Ғасыр лагері" жобасының штаб-пәтері.
АҚШ-тың бұл құпия станциялары о бастан сәтсіздікке ұшырады. Станция айналасындағы мұз әрдайым жылжып, пішінін өзгертіп отырды. 1966 жылы АҚШ "Ғасыр лагерін" тастап кетті. Ал содан қалған радиоактивті қалдықтар осы күнге дейін мұз астында көміліп жатыр.
АҚШ жағалау күзеті Гренландия жағалауында. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі уақыт.
АҚШ-тың Гренландияны сатып алуға деген талпынысы 1867 жылы басталған. Вашингтон бұл идеяға сол кезде қатты мән берген.
1946 жылы Вашингтон Данияға бұл аралды 1 млрд долларға сатуды ұсынған. АҚШ сенаторлардың бірі бұл ұсынысты "әскери қажеттілік" деп атады.
Балықшылар өздері аулаған асшаянды артып жатыр. Диско бұғазы, Гренландия. 1975 жылғы қыркүйек.
Вашингтонның сол кездегі мәлімдеуінше, Гренландия Арктикада АҚШ-тың қарсыластарына әскери соққы жасауға ыңғайлы болған.
Дания сыртқы істер министрі бұл ұсыныстан бас тартып, "Америкаға қарызымыз көп-ақ, бірақ тұтас Гренландия аралын бере салатындай қарызымыз жоқ" деген.
АҚШ-тың Гренландиядағы Питуффик ғарыш базасы. 2023 жылғы қазанда түсірілген сурет. Бұрын ол Туле әуе базасы деп аталған.
2019 жылы президент ретіндегі бірінші мерзімінде Дональд Трамп АҚШ Гренландияны басып алуы керек деген. Бұл сөзге шын айтып тұрған жоқ деп мән берілмеді. Екінші мерзіміне сайланған Трамп осы мәселені қайта қозғағанда Дания жауап беріп, елтаңбасын Гренландияға басымдық бере отырып өзгертті де, арал сатылмайды деді. Елтаңбада Гренландия белгісі саналған поляр аюы үлкейе түсті.
Гренландия астанасы Нуукте дүкен жанынан өтіп бара жатқан адамдар. 2025 жылғы ақпан.
Гренландия Даниядан жыл сайын 600 млн доллар көлемінде көмек алады. Бұл сома арал бюджетінің жартысынан асады. Бұл көмекті аралда тұратын 57 мың адамға бөлсе, 10 мың доллардан тиеді.