Бірқатар журналист телефон шабуылға шағымданды. Баспасөзге "қысымның жаңа түрі" жөнінде айтыла бастады

Көрнекі сурет.

Белгісіз біреулер қазақстандық тәуелсіз журналистердің телефондарын жалған жарнамамен хабарландыру сайттарына салып, кейбірінің атынан мейрамханаларға жалған тапсырыс берген. Осындай жайттарға шағымданған бірқатар журналистер қысымның жаңа түрі пайда болғанын жазды. "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы мәлімдеме таратты.

12-13 наурызда бірқатар журналистер әлеуметтік желідегі парақшаларында телефондарына жаппай қоңыраулар түсе бастағанына шағымданды. Ізінше олардың телефондары жалған жарнамамен OLX.kz сайтына қойылғаны анықталған.

"Ит-мысық немесе арзан бағамен техника сататындығы жөнінде" жалған жарнамаларға журналистердің нөмірлері жазылған. Хабарландыруды көрген қолданушылар оларға жаппай хабарласа бастаған.

Осындай "шабуылға" тап болған Prodengi.kz сайтының редакторы Ирина Ледовских 50-ден астам нөмірді бұғаттауға тура келгенін жазды.

Журналист Данияр Молдабеков те осындай "шабуылға ұшырап" 5-10 минут сайын телефонына қоңыраулар түскенін жазды. Оның нөмірін таксистердің чаттарына да салып қойған.

Осындай "шабуылға" сонымен бірге журналистер Ирина Севостьянова (Астана), Татьяна Панченко (Forbes.kz), Юлия Козлова, Назира Дәрімбет ұшыраған.

"Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының айтуынша, OLX сайты хабарландыруларды өшіргенмен жаңалары жылдам пайда болған. Журналистер платформаның өзіне хабарласумен тырысқанмен жүйелері уақытында реакция білдірмеген.

Ақпан айында журналист Вадим Борейко да белгісіз біреулердің өзінің атынан мейрамханаларға тапсырыс беріп, банк қосымшасына квитанция түскенін жазған еді.

"Сейсенбінің кешінен бері жеті мекемеден осы тәрізді 15 квитанцияны кері қайтардым... Бірнеше нөмірге хабарласқан кезде бұлар подъезде күтіп тұрған курьерлер болып шықты" деп жазды Борейко.

Ол бұл тәуелсіз журналистерге қарсы бағытталған ірі қысым кампаниясының бір бөлігі деп болжаған. Ол сонымен бірге кейінгі жылдары минут сайын шетелдік нөмірлерден қоңыраулар түскен кездер болғанын да айтып өтті.

Адам құқығын қорғау бюросы 14 наурыз күнгі хабарламасында осы жайттарға тоқтала келе "бұл баспасөзге қысымның жаңа түрі ме?" деген сауал тастайды.

"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры журналистердің Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 158-бабы – журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру бойынша құқық қорғау органдарына арыз беру арқылы да өз құқықтарын қорғай алатынын еске салады" деп жазылған "Әділ сөз" мәлімдемесінде. Ал журналистер мұндай шағымдардың қаралатынына күмәнмен қарайды.

Қазақстанда журналистер кәсіби міндетін атқару барысында жиі кедергілерге ұшырайды. Баспасөз қорғау ұйымдары журналистердің кәсіби қызметіне кедергі жасалғаны туралы шағымдары көп жағдайда тексерілмей қалады дейді.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанда баспасөз еркіндігі шектелген деп санайды. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы әзірлейтін баспасөз индексі рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 142-орында тұр. Ал Freedom House ұйымының биылғы "Интернет еркіндігі" есебінде "еркін емес" елдер қатарында қалды.