Батыс Қазақстан облысында қарғын суға байланысты тас жол жабылды.
“Қардың тез еруіне байланысты еріген судың көп мөлшері жолдың үстімен ағып жатыр. Осы себепті Орал-Белес-Переметное тас жолында көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа шектеу енгізуге тура келді. Қозғалыс Орал-Саратов тас жолы арқылы жүзеге асырылады” деп жазды БҚО полиция департаментінің ақпаратына сүйенген “Мой город” сайты.
Жүргізушілерге жол жүрген кезде осы ақпаратты ескеріп, сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес берілген.
Бұған дейін "Қазгидромет" Январцево ауылында Жайық өзені бір тәулік ішінде бір сантиметрге көтерілгенін айтқан. Оралда Жайық деңгейі өзгермеген. Облыс аумағында кейбір елді мекендерде жекелеген үйлердің ауласына су кіргені хабарланды.
Бір күн бұрын республикалық штаб отырысында Қазақстанның сегіз аумағында тасқын қаупі бары айтылған. Тасқын қаупі жоғары аймақтарға Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Абай және Ұлытау облыстары кіріп отыр. Орташа қауіпті аймақтарға Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары енген. Мемлекеттік органдарға "су тасқынына жол бермеу үшін тиісті шараларды қабылдау, су тасқыны болуы мүмкін елді мекендерде тиісті топтар мен құралдарды әзірлеу" тапсырылған.
Былтыр Қазақстанда жердің тоңы жібімей жатып күрт еріген қалың қар суы мен арнасынан асқан өзен суы елді мекендерді басып, жұрт үйінен, мал-мүлкінен айырылған еді. 17 облыстың онын су алып, сегіз облыста төтенше жағдай жарияланған.