Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында Шежін-2 өзені қауіпті деңгейден асып кеткен.
“Қазгидромет” дерегінше, өзеннің қауіпті межесі 780 см болса, қазір деңгейі 801 см болған. Бұл жөнінде “Уральская неделя” басылымы жазды.
Бұл өзеннің маңында 1200-ден астам адам тұратын Шежін ауылы бар. Ол - Шежін ауылдық округының әкімшілік орталығы.
Әкімдіктің өкілі басылымға әкім жағалауда жүргенін айтып, “жағдай бақылауда” деп телефон тұтқасын тастай салған. Азаттық әзірге әкімдікке хабарласа алмады.
Тасқала ауданында Деркүл өзені де қауіпті деңгейге аз қалған. Кейінгі тәулікте Жайық пен Жайықтың барлық салаларында су деңгейі күрт көтерілді деп жазды басылым.
Бір күн бұрын қарғын суға байланысты Орал-Белес-Переметное тас жолы жабылған еді.