Жеті адамның өмірін қиған "Жомарт" кенішіндегі апатқа метан жарылысы себеп.
Үкімет комиссиясы апатты тергеудің алдын ала қорытындысын жариялады.
“Комиссия тау-кен қазбасынан метанның жиналуы мен бөлінуі, содан кейін электр жабдықтарының ұшқынынан жарылыс болуы сияқты апаттың негізгі себебін анықтады. Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша айтарлықтай ереже бұзушылықтар анықталып, жауапты тұлғалар тобы белгілі болды” деп жазылған ресми хабарламада.
"Қазақмыс" корпорациясына тиесілі кеніште жұмыс тоқтап тұр.
Комиссия өкілдері шахта ішінде газ мөлшерін анықтайтын жүйені орнату, видеобақылау жүргізу және өзге де қауіпсіздік шараларын енгізу туралы талап қойған деп айтылады.
- 17 ақпанда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында "Қазақмыс" корпорациясының "Жомарт" кенішіндегі шахтада апат болып, жеті жұмысшы жер астында қалып қойған. Ертесінде таңертең төтенше жағдайлар министрлігі жетеуі де қаза болғанын, құтқарушылар оларды шахтадан алып шыққанын хабарлады.
- Оқиғаға байланысты үкімет комиссиясы құрылып, тергеу басталған.
- Компания бастапқыда "тау жынысы опырылып түсті" деп хабарлаған еді. Кейін мұны жоққа шығарды.
- "Қазақмысқа" тиесілі шахталар мен кен орындарында жұмысшылардың қаза болғаны жайлы ақпарат жиі шығады. Қаңтар айында осы корпорацияға тиесілі Шығыс Жезқазған кенішінің "Анненск" шахтасында өндіріс орнында бір жұмысшы қаза болған. Корпорация сол кезде оны "жазатайым оқиға" деп атап, оқиғаның себебі анықталып жатқанын айтқан.
- "Жомарт" кеніші – Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. "Қазақмыс" корпорациясы Қазақстанның орталығында мыс өндіреді, кен байыту фабрикалары бар және Ұлытау облысындағы негізгі салық төлеуші әрі жұмыс беруші болып саналады. Корпорацияның мәліметінше, оның үш өндіріс орнында (Балқаш, Жезқазған, Қарағанды) шамамен 37 мың адам жұмыс істейді.
- "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper. Оны миллиардер Владимир Ким (Forbes басылымы оның байлығын 3,6 млрд доллар деп бағалаған) және Эдуард Огайға (Forbes мәліметінше, 800 млн доллардың иесі) тиесілі Kazakhmys Holding Limited басқарады.