2025 жылдың 16 қаңтарында Украинаның бас прокуратурасы Қазақстанға журналист Айдос Садықовтың қазасына қатысты іс бойынша халықаралық құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салған, бірақ әлі күнге дейін жауап алмаған. Бұл жөнінде Киев қалалық прокуатурасының ресми жауабына сүйенген "Власть" сайты жазды.
"Осы мақсатта [күдіктілердің тұрған жері мен қамауға алынған жерін анықтау үшін – ред.] 16.01.2025 жылы бас прокуратура Киев қалалық ұлттық полицияның бас басқармасының тергеу басқармасының Қазақстанның құзыретті органына қылмыстық өндіріс бойынша халықаралық-құқықтық көмек көрсету туралы сұрау хатын жіберген. Қазақстан Республикасының құзыретті органынан жауап келген жоқ" деп жазылған Киев прокуратурасының ресми жауабында.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Садықовты атуға тапсырыс бергендер әлі табылмады, Астана күдіктілерді Киевке беруден бас тартқанБылтыр 18 маусымда қазақстандық оппозициялық блогер, журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсенді 2 шілдеде ауруханада көз жұмды. Сол кезде Украина бас прокуратурасы Садықовтың қазасына қазақстандық Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты күдікті ретінде атаған. Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған.
Киев прокуратурасының хабарлауынша, тергеу соты күдіктілер Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаевты қамау туралы қаулы шығарған. Оларға Интерпол арқылы халықаралық іздеу жарияланған.
Украинаның құзырлы органдары аталған іс бойынша Қазақстаннан алғаш рет көмек сұрап отырған жоқ. Былтыр Азаттық Украина бас прокуратурасының Азаттыққа жіберген ресми жауабына сүйене отырып, Қазақстан жағының күдіктінің бірін Украинаға беруден бас тартқанын жазған. Астана күдікті Қазақстан азаматы екенін алға тартқан.
Былтыр шілдеде Қазақстан бас прокуратурасы Азаттыққа "қазіргі кезде тиісті тергеу амалдары жүріп жатыр, Украинаның уәкілетті органдарына құқықтық көмек көрсету жөнінде өтініш хат та жолданды" деп мәлімдеген. Одан бері қазақстандық күштік құрылым өкілдерінің іс материалдарын алғаны-алмағаны белгісіз.
Биыл ақпанда Қазақстан бас прокуратурасы "Власть" сайтына бұл іс бойынша сұрақтарға жауап беруден бас тартқан.
Журналист, белсенді Айдос Садықов пен әйелі Наталья Садықова Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты Киевте жүріп "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген. Қазақстан ерлі-зайыпты Наталья және Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған еді.
Былтыр Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған. Қазақстанның тиісті органдары аталған іс бойынша мәліметті өте сирек береді.
Азаттық ашық дереккөздерден күдіктілерге тиесілі деген нөмірлерді тауып, ол нөмірлер өзге адамдардың телефондарында "арнайы жасақ", "собр", "капитан", "снайпер" немесе "Алтай Сырбар КНБ", "Алтай КНБ" деген қосымша ақпаратпен сақталғанын анықтаған еді. ҰҚК Азаттыққа Қаратаев пен Жақанбаев ҰҚК құрамында жұмыс істемейтінін, одан басқа ақпарат бере алмайтынын мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан журналистерінің жұмбақ қазасы: жаңа тарихтағы қаралы парақтар