Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль тергеу изоляторынан босап шықты

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль тергеу изоляторынан босап шыққан сәт. Сеул, 8 наурыз 2025 жыл.

Қызметінен уақытша босатылған Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль 8 наурыз күні тергеу изоляторынан шықты. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.

Содан бір күн бұрын Сеул соты Юн Сок Ёльдің өтінішін қанағаттандырып, оны қамау туралы шешімнің күшін жойған. Сот тағылған айыптың мерзіміне сілтеп, прокурорлар іс жүргізу ережесін бұзған деп тапты.

"Ең әуелі Орталық аудандық сотқа заңсыздықты жоюда батылдық әрі табандылық танытқаны үшін алғыс айтқым келеді" деді президент босап шыққан соң.

Юн Сок Ёль 15 қаңтар күні бүлік жасады деген күдікпен ұсталып, кейін қамауға алынған. Бұл іске президенттің содан бір ай бұрын елде әскери жағдай енгізгені түрткі болған. Сөйтіп ол қызметі кезінде қамауға алынған алғашқы Оңтүстік Корея президенті атанды.

14 желтоқсан күні Оңтүстік Корея парламенті екінші талпыныстан соң Юнға импичмент жариялауды қолдап дауыс берді. Оның президенттік құзыретін елдің конституциялық соты қайтарып бере алады. Сот шешімі алдағы күндері шықпақ. Бүлік ісі жөніндегі тыңдаулар әлі жүріп жатыр.

  • Былтыр 3 желтоқсанда Юн Сок Ёль парламенттік оппозициямен ұзақ тартыстан соң елге әскери жағдай енгізген. Жарлық парламент жұмысын тоқтатып, наразылықтар мен ереуілдерге, саяси партияларға тыйым салған. Бұл қадам жаппай наразылық тудырып, әскери жағдай тәртібі алты сағаттан соң алынды.
  • Әскери жағдай тәртібі жарияланған кезде депутаттар парламентке жиналып, президент жарлығына қарсы дауыс бермек болған. Бастапқыда әскерилер депутаттардың парламентте бас қосуына жол бермеуге тырысқан. Бірақ заң шығарушылар жолын тауып, ғимаратқа кірді де, президент жарлығының күшін жойды. Содан соң әскер казармаларға оралды. Президент Юн Сок Ёль әскерге депутаттарды қамау туралы бұйрық берді деген күдікке ілініп отыр.
  • Юнның өзі желтоқсанда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыпты жоққа шығарып, мұндай қадамға "үкіметтің жұмысын тұралатқан оппозициядан мемлекетті қорғау үшін" жасауға мәжбүр болғанын айтқан.
    ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алты сағаттан аспаған әскери режим тәртібі. Оңтүстік Кореяда не болды?