«Жұрттың бәрінің көңілінен шықсам деген ойым жоқ. Бар болғаны өзімнің қалауыммен өмір сүргім келеді», — дейді 31 жастағы Марина Ким. Ол тоғыз жыл бұрын басқа да еріктілермен бірге тақыр жерден ашқан иесіз жануарларға арналған «Новый шанс» панажайын басқарады. Сол кезде Марина мамандығын ысырып қойып, ветеринардың оқуын оқыды да, одан кейінгі бар уақытын жаңа миссияға арнады.
Маринаның алғашқы мамандығы — педагог. Оқуын бітіргеннен кейін үш жастағы бүлдіршіндерден бастап, жасөспірімдерге дейінгі балалармен жұмыс істеді. Ал бос уақытында студент кезінен Алматы іргесіндегі жекеменшік жануарлар панажайына барып, ерікті ретінде көмектесетін.
Қазақстанда мемлекеттен қаржы алмайтын, садақа есебінен күн көретін мұндай ұйымдардың тағдыры ұдайы қыл үстінде. Марина көмекке барып жүрген панажайдың да басына бұлт үйірілді, бірде жергілікті билік оларды қайтарымсыз берілген жерден көшіретін болды.
Еріктілерге тез арада елуден аса ит-мысықты басқа жаққа көшіру керек болды.
«Бір ай уақыт берді. Тез арада ақша іздеп, жаңадан панажай салу керек болды. Қазір ойласам, сол кезде бәрін бір деммен атқарып шыққан сияқтымыз. Жастық энтузиазм шығар, тау қопарардай күшті болып көріндік. Сол сәтте-ақ күніне бір-екі сағат уақыт бөлумен іс бітпейтінін түсіндім. Жұмыстан кетуге тура келді. Педагог ретінде балалар мен ата-аналардың жүрегіне жол тапқан едім, олар мені жібергісі келмеді. Сонда да бәрі осылай болғанына еш өкінбеймін», — дейді Марина Ким.
Соның нәтижесінде «Новый шанс» панажайы дүниеге келді. 2016 жылы Маринаның туған ауылы Бәйтеректен көпшіліктің берген садақасына жер учаскесін сатып алып, тақыр жерден салған панажай.
Қырда орналасқан, ар жағынан Іле Алатауы көрінетін панажай — Маринаның мақтанышы. Мұндағы әр шегеге маңдай тері сіңген, барлық дүниені достары мен жақындарының көмегімен өздері салған.
«Қатты қиналдық. Иттерді алып келу үшін алдымен оларға тор жасау керек болды. Содан кейін ғана қоршауға көштік. Не жарық, не су болған жоқ. Әкем екеуіміз күн сайын бөтелкемен су таситынбыз. Ал токты генератор көмегімен күніне бір-екі сағатқа ғана қосатынбыз. Сол уақытта телефондарымызды қуаттап, кешкі ас ішіп үлгеретінбіз», — дейді ол.
Қазір мұнда жарық та, су да тартылған. Панажайдың алғашқы басшысы орнынан кеткенде Ким эстафетаны қабылдап алды.
Қоластында 100-ге жуық ит, 4 мысық және алты жылдан бері осы жерді паналап жатқан Винтер атты қодық бар.
«Танысым телефон соқты: «Мына жерде бір қодық жүр. Біреудікі ме деп сұрастырсақ, ешкім жауап қатпады». Түн еді. Әлгі танысым ақысын төлеп, біреудің үйінде қалдырыпты. Ал ертесіне бізге тіркемемен келді. Тіркеменің алдына және жанына паллет бекітіп, қодық тұрған ауылға бардық. Бейшараның түрін көрсеңіз! Қорыққаннан дір-дір етеді. Қолыңды созсаң, жасқанады. Ламиниті бар екен, тұяғы шаңғы құсап өсіп кетіпті. Қодықты бір түнетіп шыққан кісі кәрі сиырын қоса тықпалағаны есімде», — дейді Марина.
«Бақа көз алдымнан кетпейді...»
«Новый шанс» панажайын басқара жүріп Кимнің көзі бір нәрсеге анық жетті: иесіз жануарлар мәселесі панажай салумен ғана шешілмейді.
«Олар аспаннан түсіп жатқан жоқ. Мұның бәрі күшіктерін немесе буаз иттерін көшеге тастап кететін жауапсыз адамдардың кесірі. Бұдан әрі қарай да иесіз ит-мысықты жинап жүре алмайтынымды түсініп, ветеринардың оқуына түстім», — деп түсіндірді Марина.
Сөйтіп 2017 жылы Кимнің өміріндегі жаңа кезең басталды — ол Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ветеринария факультетіне оқуға түсті. Жоғары білімді маман болғандықтан, бірден үшінші курсқа қабылдады.
Марина екінші жоғары білім алуға келген жалғыз студент емес еді.
«Біздің топта мен сияқты алты студент болды. Әлі күнге дейін араласып тұрамыз. Кейде бірге жұмыс істейміз», — дейді ол.
Маринаның айтуынша, оқу кезінде жаға ұстатар жайттар аз болмапты. Бәрінен де жануарларға тәжірибе жасау қиын тиген.
«Бақа көз алдымнан кетпейді. Тірі еді. Бала күнімде бақадан өлердей қорқатынмын, қолымның ұшын тигізбейтінмін. «Не бақаны ал, не емтиханға кірмейсің» деп оқытушы шарт қойды. Өзімнің аяғым ауыр еді. Қолыма алдым. «Инені ал да, тық» деді. «Тыға алмаймын» десем, соңыма түсіп алайын деп тұр. Қалай істейтінін білмей тұрмын деп ақталған болдым. «Сіз көрсетіңізші, келесіде өзім істеймін» дедім. Әйтеуір аман-есен өттім. Бақаны қолына ұстатқанда терең демалдым», — деп еске алады.
Әйтсе де, ұдайы олай құтылып кетудің сәті түсе бермейді. Маринаның есінде тағы бір тәжірибе көпке дейін қалып қойды, тіпті ветеринар боламын деген шешімінің дұрыс-бұрыстығына да күмәнданған жағдай болды.
«Бұл жолы көртышқан еді. Колбаға салды да, ауаны сорып алды. Бейшара өліп қалды. Қарауға дәтім шыдамады. Үйге келгеннен кейін ағыл-тегіл жыладым. Оқуды қалай бітіремін деп ойладым. Бірақ мен өте табанды адаммын, бастаған істі аяғына дейін жеткіземін», — дейді ол.
«Еріктісіз бе, ветеринарсыз ба?»
Марина оқуды 2020 жылы бітірді, пандемияның күйіп тұрған шағы, әрі қарай не істейтінін білмей, біраз абдырап та қалды. Сол жылы ойламаған жерден әйгілі француз актрисасы әрі жануарларды қорғаушы Бриджит Бардо қорының қолдауымен Семейде жануарларды зарарсыздандыратын тегін акцияға тап болды.
Бұл Маринаның өздігінен жасаған алғашқы отасы еді.
«Ешкімді танымаймын, білмейтін жер, адасып жүріп зорға таптым. Кірген бетте «Ветеринарсыз ба, еріктісіз бе?» деп сұрады. Ветеринармын ба, еріктімін бе деп өзім де ойланып кетіппін. Есімді жиып, ветеринар екенімді айттым. Хирургия бөліміне жіберді. Кірсем, ананың іші конвейер. Мені Испаниядан келген хирург Аня Есипова бірден жанына алды. «Ота жасайсың ба?» деп сұрады. Бұрын ешқашан жасап көрмегенімді, әзірге қарап тұратынымды айттым. Келесі күні Аня қолыма мысықты ұстатты. «Мен жасай алмаймын ғой» дедім. «Қорықпа, мен ешқайда кетпеймін, қажет болса көмектесемін» деді. Сөйтіп кешке дейін мысықтарға ота жасадым, қолымнан келеді екен. Бірақ қатты қорықтым. Қазірге дейін жануарларға зияным тиіп кете ме деп қорқамын, бәрін мұқият тексеріп аламын», — деп еске алды Марина.
Бұл оқиға немен айналысқысы келетінін нақты түсінуге мүмкіндік берді. 2021 жылдан бері ол ветеринарияда хирург болып жұмыс істейді. Бастапқыда ветклиникалардың бірімен әріптесе жұмыс істесе, кейін жануарларды қорғаумен айналысатын Kare.kz қорындағы үзеңгілесі Юлия Коволенкомен бірге Өмірді сақтау жобасын бастап, демеушілердің ақшасына көршілес Бесағаш ауылынан өз клиникасын ашқан.
Бастапқыда тегін қызмет көрсететін, клиника демеушісіз қалғаннан кейін жұмысты жартылай коммерциялық бағытқа ауыстырыпты. Түскен ақшаға жалдау ақысын төлеп, команданың еңбекақысын беріп, қажетті материалдар сатып алады.
«Бірақ квота енгізіп қойдық. Зейнеткерлер, мүгедек жандар, көпбалалы аналар екі жануарға дейін тегін піштіре алады. Бұған қоса ай сайын еріктілер алып келетін жануарларға квота бар», — деп түсіндірді ветеринар.
Марина жануарларды тегін зарарсыздандыру акциясына қатысып, елдің түкпір-түкпіріне сапарға шығып тұрады. Дәрігердің айтуынша, ол қараусыз қалған үй жануарларының санын реттеу жолындағы адами күреске осылай үлес қосады.
Басқа да көптеген жануарлардың жанашыры секілді Ким де АЗВЕЖ (аулау —зарарсыздандыру — вакциналау — еркіндікке жіберу) бағдарламасы аулап, өлтіріп тастауға қарағанда адами жол екеніне сенеді.
«Еріктілер кейде маған қаңғыбас иттерді алып келеді. Мен оларды піштіріп, наркозда жатқанда құлағына сырға саламын. Кейін оларды үйлердің жанына жібереді, жұрт тамақтандырады, егер ветеринардың көмегі керек болса, маған алып келеді. Оларды «кураторлық» иттер дейміз. Олар өз еркімен қараусыз қалған жоқ. Неліктен оларды аулап, өлтіру керек?» — дейді Марина.
«Кейбіреулер мені түсінбейді»
Маринаның күнделікті жолы үй — ветклиника — панажай арасында өтеді. Қайда барса да, жұмыс табылады.
«Қазір Женя деген керемет қызметкерлеріміз бар. Әрі қызметші, әрі кеңесші, әрі дос. Барлығын ақылмен атқаруға көмектеседі. Еріктілер де бар: иттерді серуенге шығаруға келеді, әлеуметтік желідегі парақшаны жүргізеді. Биыл иттерге жаңа ұяны жасап бітірдік, алдағы уақытта тағы екеуін саламыз. Қойма жасау үшін контейнер сатып алдық, тамақ дайындайтын жерді жөндедік», — дейді ол.
Жануарларға көмектесе жүріп, Марина күн сайын адамның қатігездігіне куә болады. Сонда да қол қусырып қарап отыра алмайды, қанатының астына алған әр ит пен мысықтың тағдыры жақсы боларына сенеді.
«Жақында Спайк күшігін қамқорлыққа алдық. Көзін ағызып, бас сүйегін сындырып, тілін түбірімен кесіп алыпты. Тілі жазылмай қоя ма деп қорқып едік, әйтеуір жазылып кетті. Қазір жағдайы жақсы, тіпті асырап алатын отбасы тауып қойдық», — дейді Марина.
Кимнің айтуынша, бос уақыт мүлдем жоқ деуге болады. Ал бола қалса, ондай сәттің бәрін алты жасар қызымен бірге өткізуге тырысады. Ол да ит-мысықтарды жақсы көреді, анасына еріп панажайға жиі барады.
«Үйде де жануарлар бар. Қызымның Царапка деген марғауы бар. Бірге жатып, бірге тұрады. Қызым тура менің бала кезімді еске түсіреді. Мектептен келе жатқанда қараусыз жүрген ит-мысық көрсем, қалтамдағы бар ақшама бәліш, шұжық алып беретінмін. Бәрін құтқарғым келетін», — дейді Марина өткенді еске алып.
Ким бұрын айналасындағы адамдар, соның ішінде достары мен туыстары да неліктен мұндай жолды таңдағанын сұрай беретін еді дейді, қандай пайда көретінін білгісі келеді екен.
«Бұдан ешқандай да ақша таппаймын, жай ғана жақсы көретін ісім дегенде таңғалғаннан көздері шарасынан шығып кете жаздайтын. Қазір де кейбіреулер мені түсінбейді. Бірақ жұрттың бәрінің көңілінен шықсам деген ойым жоқ. Бар болғаны өзімнің қалауыммен өмір сүргім келеді. Ата-анама ерекше алғыс айтамын: үнемі қолдады, ешқашан кедергі жасаған жоқ. Қазір менімен сөйлескеннен кейін адамдардың ит-мысыққа деген көзқарасы өзгеретінін байқаймын. Керемет махаббаты оянып кетпес, көшеде жүрген иттің бәрін жинап алмас, бірақ жанашырлықпен қарай бастайтыны анық. Бұл да қоғамға тигізген бір пайдаң шығар: өз ісіңе деген көзқарасың арқылы басқа жандардың ойын өзгертесің», — дейді Марина.